Жастар неге жиі ажырасады?
Жастар неге жиі ажырасады?
© коллаж: Елдар Қаба
1,168
оқылды
Некеден кейін де қилы тағдыр бар. Елімізде ерте шаңырақ көтерген отба­сы­лар жиі ажырасады екен. Олардың ажырасуына түрлі фактор әсер етеді. Әсіресе, соңғы жылдары баспаналы болу үшін өтірік ажыраса­тын­дар көбейген. Ендеше Қазақстанда әрбір төртінші отбасының іргесі ажырай­ды деген статистика күмәнді ме? Статистикалық деректерді зерт­теумен айналысатын халықаралық World Population Review сайтының мәліметінше, Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемдік рей­тингте екінші орында тұр. «Қазақ­станда ажырасу көрсеткіші әр 1000 адамға – 4,6. Ресей (3,9), Бельгия (3,7) және Беларусь (3,7) та бұл ті­зімде ондыққа енеді. Америка Құ­рама Штаттары тізімде тоғызыншы орында, жыл сайын бұл елде ажы­расу деңгейі 1000 адамға шаққанда 2,7-ні құрайды»,– деп көрсеткен World Population Review сайты. Тәуелсіз сарапшылар да елімізде әрбір төртінші отбасының ажыра­сатынын айтса, отандық БАҚ «ажы­расу жөнінен әлемде алдыңғы он­дықтамыз» деп жарыса жазып жүр. Осыған орай, Ұлттық статистика бюросынан аталған деректердің қаншалықты рас екенін сұрап көр­дік. Отандық статистер мұны жоққа шығарды. Олардың айтуынша, елімізде 2021 жыл ажырасу дерегі – 1,00 құраса, 2020 жыл – 1,18 құрады. Ажырасу көрсеткішінің жо­ғары деңгейі 1990 жылдары бол­ған. 20 жыл ішіндегі максимум көр­сеткіш 2019 жылы – 3,23-ке жеткен. Қазақстан ажырасу саны бойынша әлемде көш бастап тұрған жоқ. Дегенмен ортақ баласы жоқ ерлі-зайыптылар мен ерте жаста шаңы­рақ көтерген отбасылардың ажы­расу үлесі жоғары. Отбасы ойыншық емес Сарапшылардың есебінше, ерте жаста қиылған некенің 90 пайызы­ның соңы ажырасуға әке­ліп соға­тынын көрсетіп отыр. Ал «Отбасы институты» орталығының әлеумет­тік зерттеу қорытындысы­на сәйкес, 2019 жылы 984 қыз кә­мелеттік жасқа толмай тұрмысқа шыққан. Ал ер балалардың саны 70-ті шамалаған екен. Ерлерге қарағанда, қыздар арасында бұл тенденция жыл өткен сайын өр­шіп барады. Жалпы, портретін жасап көрсек, ерте тұр­мыс құратын қыздардың дені негізгі мектепті, 9-сыныпты аяқтаған, ауылда тұ­рады. Басым көпшілігі қа­тарынан емес, өзінен әлдеқайда үлкен жі­гіттің жары атанады. Мек­тепті енді бітірген қыз алдағы от­басылық сынаққа дайынмын деп ойла­ға­нымен, іс жүзінде байыбына бара бермеуі мүмкін. Соның ке­сірінен алғашқы түсінісбеушіліктен кейін-ақ қолды бір сілтеп, ажы­расуға бел буады.
– Кәмелет жасқа толмай үйлен­гендер уақыт өте келе барлығын балалықпен істегенін түсініп, өкі­неді. Өйткені осындай некелердің соңы ажырасумен аяқталады. Пси­хологиялық жағынан әлі жетілме­ген бала отбасылық өмірге дайын болмайды, – дейді қазақстандық Қоғамдық даму институтының бас­қарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова.
Психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, өтпелі шақта отбасын құру дұрыс емес. Жастар отбасылық өмірдің тек сезімнен құралатын дүние емес екенін білмейді. Аштық пен ақшасыздық есіктен кіргенде махаббат пен сүйіспеншілік терезе­ден шығып кетеді. Отбасы екі та­раптан құрылғандықтан, жауапкер­шілік бірдей түседі. Бұл жерде ұлға да, қызға да дұрыс бағыт-бағдар берілмеген. Сондықтан қыздардың білім деңгейін арттырып, ерте жас­тағы некеден келетін кесапаттар жөнінде, кәмелеттік жасқа жетпей жыныстық қатынасқа түсудің зия­ны жайында жан-жақты үгіт-наси­хатты күшейту қажет.
– Бастапқыда отбасылы болу жайлы ой болмаған жастар амал жоқтан үйленеді. Бұл мәселеге заң­ды түрде шектеу қою керек. Ерте үйленген күннің өзінде отбасылық өмір өте көп энергия мен көңіл бө­луді талап етеді. Сол үшін адам өмі­ріндегі базалық қажеттіліктерді шешіп алмай үйленсе, отбасына тиісті көңіл бөле алмайды, – дейді психолог Ержан Мырзабаев.
Ерте қиылған некенің қызығы аяқталған соң шыжығы басталады. Дипломсыз қыздар жұмысқа тұра алмайды, жолдасына немесе туысы­на қаржылай тәуелді болады. Сөйтіп әлеуметтік осал топ санатына енеді де, гендерлік дискриминацияға ұшырайды. Келісіп ажырасудың кеселі қандай? Жастардың жиі ажырасуының тағы бір себебі – әлеуметтік қажет­тілік. Себебі қазір жастардың бас­паналы болуына арналған мем­ле­кеттік бағдарлама аз. Алматы, Ас­та­на қалалары мен Түркістан облы­сында ғана жергілікті бюджет та­рапынан жүзеге асырылатын бағ­дарлама бар. Бірақ мұнда да орын саны шектеулі. Сондықтан тез бас­паналы болғысы келетін жас отбасылар келісіп ажырасып, толық емес отбасы санатында мемлекеттік бағдарламаларға қатысуды әдетке айналдырған. Мәселен, 2019 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылғаннан кейін елде ажы­расу көрсеткіші күрт көбейген. Осы­ған байланысты жақында бұл бағ­дарлама шарттарынан толық емес отбасы санаты алынып таста­лып, жетім балалар, 1 және 2-ші топ­тағы мүгедектігі бар адамдар са­наты енгізілді. Құрылыс және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдолдың мәліметінше, «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап әкімдіктерде толық емес отбасы санаты бойынша кезекте тұрғандар саны 72%-ға артқан. Бұл басқа кезекте тұрған санаттардан әлдеқайда көп.
– «Бақытты отбасы» бағдарла­масы бойынша өтініштердің 50%-дан астамы осы санаттан келіп түсті, оның 35%-ы жеңілдетілген қарыз алды. Сондай-ақ статистика бо­йынша 2019 жылы ажырасулардың ең көп саны тіркелген – 59 796. Бұл – 2009 жылғы көрсеткіштен 9,1%-ға жоғары және 2020 жылғы ажыра­сулардан 20%-ға төмен. Бұл ретте 25-39 жас аралығындағы топтар 59%-ға артты, – дейді Бауыржан Қабдол.
Бұл пікірді баспана нарығының сарапшысы Ұлан Дәулетқали да растады. Оның пікірінше, таяқтың екі ұшы бар. Жаңа тәртіп өтірік ажы­расатындар санын азайтуы мүм­кін. Бірақ өмірден баз кешкен жалғызбасты жандар үшін тиімсіз. Сондықтан үкімет ажырасқан отба­сыларды тексеріп барып үй беруі ке­рек. Келісіп ажырасқандардың кесірі қарапайым адамдарға тимеуі тиіс.
– «Баспана алу үшін жолдасым­мен ажырастым» деп әлеуметтік желіде жекеме жазатындар көп. Олар пәтер алу үшін осындай ша­расыздыққа барады. Енді «Бақытты отбасы» бағдарламасының шарт­тарын өзгертсек, шынайы қамқор­шысынан айырылған отбасыларға таяқтың екінші ұшы тиіп кетуі мүм­кін. Бұған қоса, жылдар бойы баласына бір тиын алимент ала алмай зар болып жүрген жандар қаншама. Сондықтан алдағы уақыт­та ел үкіметі «Толық емес отбасы» санатын реттейтін дұрыс механизм қарастыруы керек, – дейді Ұлан Дәулетқали.
Иә, отбасы – шағын мемлекет. Ендеше жастар арасындағы ажы­расу көрсеткішін азайтқымыз келсе, ең бірінші жас отбасыларға әлеу­меттік қолдау көрсетуіміз керек. Сонда ғана бақытты отбасы қатары артады.