Шымкент қаласында соңғы 5-10 жылдың ішінде жол жөндеу жұмыстары қарқын алған. Әсіресе, республикалық маңызы бар үшінші мегаполис атанғалы тіпті күшейген. Бар күш жол жөндеуге жұмсалып жатыр ма дерсіз. Себебі құрылыс жұмыстарына кедергі келтірілмес үшін кейбір көшелерде көлік қозғалысына тыйым салынып, қайта-қайта жабылып қалып жатыр. Есесіне, қалада жиі кептеліс болады. Бұл келеңсіздіктер көпшіліктің наразылығын туғызып та жатыр. Түсіністікпен қарайтындар да, құқының тапталып жатқанына ренішін білдіретіндер де көп. Соның бірі – қаланың қақ ортасындағы Қонаев даңғылына қатысты.
Дінмұхамед Қонаев даңғылын әрі қарай ұзарту жұмыстары осыдан 5 жыл бұрын басталған. Қонаев даңғылы Шымкент–Ташкент тасжолына дейін жалғаспақ. Аталған даңғылдың Түркістан көшесімен қиылысқан тұсындағы «Түркістан» моншасы 2018 жылы бұзылған еді. Бас жоспарға сәйкес, Қонаев даңғылын ары қарай созу тура осы жерден басталған. Шаһардағы көлік нөпірін азайту үшін басталған бұл жоба аясында «Ескі қала» аумағында орналасқан 74 тұрғын үй мемлекет есебінен сатып алынғанына да осынша уақыт болды. Бүгінде осынау аумақта мемлекет меншігіне қажетті деген үйлердің барлығы да бұзылып біткен. Қазір даңғылды ары қарай созу жұмысы әлі де жалғасып келеді. Ең әуелі бұрынғы «Түркістан» моншасы орналасқан жерден қазіргі «Ескі қаладағы» «Магнолия» дүкеніне дейін созылып, Таштракт көшесін қақ жарып өтетін даңғыл бойында жерасты туннелі де салынатын болған. Осылайша, Бадам өзеніне дейін созылатын даңғыл қаладан шыға берістегі Ақтас ауылынан бір-ақ шығады. Сөйтіп, одан ары Шымкент–Ташкент тасжолына қосылады. Бастапқыда 2018 жылы басталған құрылыс үш жылға жоспарланған. Алайда Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, Қонаев даңғылында жүріп жатқан жол құрылысы жұмыстарын 2023 жылы аяқтау жоспарлануда. «Құрылыс жобасы бойынша Д.Қонаев даңғылы 2 кезеңнің ұзындығы – 1,71 шақырым, жолдың ені 42 метрді құрайды. 6 қозғалыс жолағы бар. Әйтеке би көшесі мен Тәуелсіздік көшесінің қиылысында көпір арқалығы орнатылады. 2 кезеңнің жұмыс шеңберінде жол негізін әзірлеу және құрылыс белдеуіндегі инженерлік желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде» делінген басқарманың баспасөз хатшылығы берген ақпаратта.Алайда бүгінде осынау «ғасыр жобасына» айналып кеткен даңғылдың құрылысы тұрғындарды әбден мезі еткенге ұқсайды. 3 жылдан бері орталыққа жету үшін май топыраққа батып, шаңға көмілетін «ескі шаһар» тұрғындары құрылыс және тұрмыстық қалдықтардың да әр жерде төбе-төбе болып үйіліп жататынына әбден ашынған. Кешке қарай көшеде жарық болмай үлкен кісілерден бөлек, сабақтан қайтқан жас жеткіншектер үшін қауіпті болатынын да айтады. Себебі, алқам-салқамы шыққан көшедегі төбе-төбе құрылыс материалдары есірткі ошағына да айналып бара жатқан сияқты. Себебі әр жерден оларға тән белгі байқауға болады. Қаңғыбас ит пен мысық та осы аумақты торуылдайды.
Ал осы маңдағы Свабода көшесінің тұрғыны Мұхадас Ташанова 3 шақырым қашықтықтағы жұмысынан шаңға батып келе жатыр екен. Қала ішіндегі бағыттағы көлік те, тіпті жеңіл көлік те жүре алмайтын мына жерде осылай өмір сүріп келе жатқанына жылдан асыпты. «Күнде таңертең кешке жұмысқа 3 аялдамадан аса жаяу жүремін. Тегіс, таза жол болса мейлі. Ойлы-қырлы жолдағы майлы топырақ аяғымызға жабысып, үсті-басымыз да шаң болып барамыз. Құрылыс жұмыстары бірнеше жылға жоспарланғаннан кейін тұрғындар үшін уақытша аяқ жол салып қойса да болады ғой. Жұмыстың қашан бітетінін де білмейміз. Бізге нақты ешнәрсе айтылмайды», – дейді ол. Одан бөлек, кәріз жүйесінің мәселесі тұрғындарды мазалап жүр. Қошқар ата өзеніне жақын орналасқаннан болуы керек, мұндағылар кәріз жүйесі үшін арнайы құдықтар қаза алмай әуреге түседі. Кез келген жерді қазса, су шығып кете береді. «Мұнда ешкім жертөле қаздырмайды. Тұрғын үйдің де іргетасын қалың, биік етіп қалағанбыз. Әйтпесе, су шығып кете береді. Сондықтан осы маңай тұрғындары 2-3 күн сайын 8000 теңгеден қалдық суды тартқызып отырамыз. Оны көбіміздің қалтамыз көтермейді. Әкімдік бұл мәселемізді біледі, талай мәрте айтқанбыз. Бірақ ешқандай әрекет жоқ. Бізге кәріз жүйесін реттеп берсе», – дейді қала тұрғыны.Сонымен қатар әр жерде шашылып жатқан, төбе-төбе болып үйілген қоқыс қалдықтары да тұрғындардың наразылығын туғызуда. Өздері қапшыққа салып, бір бұрышқа жинап кетуден шаршаған. Бұл туралы Әл-Фараби ауданы әкімдігі Ескі қалашық аумағындағы жеке секторларда қоқыс «ШымкентСпецкомплекс» мекемесі тарапынан кестеге сай аптасына бір рет алынып жатқанын айтады. Ал жолайрық құрылыс жұмыстары бойынша жер телімдерін мемлекеттің мұқтаждығына алу процесі жүріп жатыр. Ендеше мына қарқынмен әзір біте қоймайтын құрылыс жұмыстарының әурешілігіне тұрғындар әлі де шыдай беретін сияқты. Дегенмен қала халқының жайлы өмірі үшін мұндай «ғасыр жобалары» кезінде халыққа да тиімді нұсқалар қаралуы тиіс. Шыдамның да шегі бар...