«Кешке электр жарығы болған кезде шай қайнатып үлгердік. Таңертең тұрсақ, қайтадан жарық жоқ. Құрғақтай тамақ іштік. Жарық тәуліктеп болмауы мүмкін», – дейді ол. Әсіресе, кішкентай балалары бар отбасыларға қиын. Бүлдіршіндер тоңбай, дұрыс тамақтанып, сабағын оқуы үшін көпшілігі оларды басқа туған-туысқандарына апарып тастауға мәжбүр болыпты. «Жарық та, жылу да, ыстық су да жоқ. Не тамақ пісіре алмаймыз, піскен тамақты жылыта да алмаймыз. Үйімізге газ баллондарын енгізгенімізді күтіп отыр ма? Әкімдік бізге осындай шала-жансар салынған үйді тапсырды. Мердігерлер өз міндеттемелерін толығымен орындамаған. Олар өз жұмыстарын біртіндеп атқарып аяқтауы тиіс болатын. Жоғары жақтағылар біздің қиындығымызға назар аударса екен дейміз», – дейді олар.ҮЙ ЕМЕС, ҚОРА БОЛУЫ КЕРЕК Мәселенің мәнісіне келсек, көпқабатты бұл үй жылу құбырына қосылған, жертөледе жылу бар, бірақ электр жарығы болмағандықтан жылу айдайтын сорғы жұмыс істемейді. Тұрғындардың айтуынша, соңғы кездері салынған 16 қабатты екі үй уақытша электр желісіне қосылған. Оның қуаты – небәрі 100 киловатт қана. Ол тұрғындар электр плиталары мен жылытқыштарды қосқан кезде шыдас бермейтіні анық. Жаңа толыққанды электр желісіне қосу үшін қайтадан тендер жарияланбақ. Ол өткізіліп, қорытындысы шығып, жұмыс атқарылғанша тұрғындарға шыдай тұруға тура келеді.
Коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін тұрғындар дербес есепшот та аша алмайтын болып шықты. Себебі олардың үйі орналасқан жер телімінде құжат бойынша қора-қопсы тұруы тиіс екен. Бұл туралы мүлік иелері бірлестігінің ревизоры Светлана Зимарева айтты. «Бір қызығы, құрылыс компаниясы үй саларда бұл жайт еш бөгет болмағаны таңғалдырады. Ал салынған үйге жылу мен ыстық су тартуға келгенде қағаздағы осы дерек кесе-көлденеңдей береді. Қазір біз құжат жүзінде бұл жерден қораны алдырып, орнына өз үйімізді балансқа қоюды көздеп жүрміз. Қағаз жүзінде барлық түйткіл осы қораға келіп тірелді», – дейді ол. Талай табалдырықты тоздырған тұрғындар тауы шағылып, күдер үзе бастаған.«ТҰРҒЫНДАР ӨЗДЕРІ КІНӘЛІ» Жергілікті билік басындағылар бұл мәселе шешіліп жатыр деп отыр.
«Тұрғындар электр жылытқыштарын жиі қолданғандықтан, жарық сөніп қала берді. «Альфа-Север» мердігер компаниясы апат себептерін жоюмен шұғылдануда. Тұрғындар дербес есепшот ашқанға дейін коммуналдық ақыны мердігер компания төлейді», – деп түсіндірді Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.Бірақ тұрғындарды мұндай жауап қанағаттандырып отырған жоқ. Олардың пікірінше, мұның бәрі уақытша шара ғана. Ертең қыстың суығында жағдай бұдан да қиындай түседі деп ойлайды. Жергілікті билік болса қалыптасқан жағдайға пәтер иелерінің өздерін кінәлап отыр. Петропавл қалалық әкімдігінің ресми жауабында былай делінген: «Тұрғын үйді коммуналдық қызметтермен толыққанды қамтамасыз ету үшін мүлік иелері бірлестігін құру қажет. Ол тіркелген соң пәтер иелері дербес есепшот ашуы тиіс болатын. Тұрғындар бұл жұмысты атқарған жоқ. Себебі көбі әлі өз пәтерлерінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ көпшілігі өз пәтерлерінде тұрмайды, жалға беріп қойған. Осының бәрі коммуналдық кәсіпорындарда есепшот ашуға мүмкіндік бермеді. Соның салдарынан өткен жылыту маусымында құрылыс компаниялары коммуналдық шығындарды өз есебінен төледі. Оларға тариф заңды тұлғалар үшін есептеледі». Ал басқа тұрғындар жылу-электр стансасы қаусап тұрған қала үшін мұншалықты биік үйлер қажет емес деп есептейтінін айтады. Себебі көпқабатты үйлерді жылумен және ыстық сумен қажетінше қамтамасыз етуге кәсіпорынның қуаты жетпейді. Айта кету керек, бұл – Петропавл қаласында салынған 16 қабатты алғашқы үйлердің бірі. Көпшілік мемлекеттік бағдарлама бойынша салынатын үйлердің басым бөлігі осындай жағдайда деп ойлайды. Тіпті, «Арзанның жілігі татымас» деушілер де бар. Олар бұл үйдегі пәтер иелері арзан үй алғанына риза болуы тиіс дейді. Сонымен қатар тұрғындардың коммуналдық шығындарын мердігер компания төлеп жатқанымен де келіспейтінін білдіруде. Қалай болған күнде де, бұл жерге құжат бойынша қора емес, көпқабатты үй салынған соң тұрғындары коммуналдық қызметтердің шапағатын көруі тиіс емес пе?
Солтүстік Қазақстан облысы