Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «Көкмойнақ» командасын маңғыстаулықтардың атынан дүбірлі додадағы жеңісімен құттықтады. «12 күнге созылған «Ұлы дала жорығы» республикалық бәйге марафонында елордадан Түркістан қаласына дейін 1 200 шақырымнан аса қашықтықты Маңғыстау облысының «Көкмойнақ» командасы бірінші бағындырып, өңір намысын қорғап, жеңімпаз атанды. Еліміздің барлық аймағынан келген 19 команда сынға түскен жарыс жолында Түркістанға дейінгі жазық дала, Бетпақтың шөлі, өзен-көл сияқты табиғи кедергілер мен ауа райына шыдай алмаған командалар жорықты тоқтатты. Ал «Көкмойнақ» командасы жолдың қиындығына қарамастан өздеріңіздің және жарысқа қосқан Адайдың қолтума жылқыларының мықтылығын көрсеттіңіздер. Бұл жеңіс – өлкеміз үшін үлкен мақтаныш! Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы дала жорығы» марафонының ерекше маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті жаңғырту үшін осындай ауқымды іс-шаралардың қажет екенін атап өтті. «Ұлы дала жорығы» ұлттық рухты нығайтатын жобаға айналды деп сеніммен айтуға болады», – деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.Адай жылқысы осы уақытқа дейін талай бәйгеде оза шауып келеді. Мәселен, 2010 жылы Қазақстан біріншілігінде бас жүлдеге ие болса, 2013 жылы Ресейдің Рязань қаласында өткен бәйгеде үздік атанды. Ал 2015 жылы Францияда дүниежүзілік бәйгеге қатысып, Латын Америкасынан, Сауд Арабиясынан келген кәсіби мамандардан жоғары бағасын алды.
«Көкмойнақ» командасының капитаны Ербол Ермағамбетов аламан бәйгенің қыр-сырымен бөлісті. ұзақ дайындалғанымыз жоқ. Бапкерлер додаға түсетін аттарды іріктеген соң аз күнде барлығын реттеп, Астанаға аттанып кеттік. Жолда барлық жағдайға дайын болдық. Негізі, біздің командада бес ат додаға қосылды, алайда оның бірі орта жолда сыр берді. Ережеге сәйкес, біз алғашқы бес атпен 600 шақырымға жеткен соң келесі бес атқа ауысуға тиіс болдық. Алайда бір атымыздың жарысты тоқтатуына байланысты алғашқы межеден кейін қалған 600 шақырымға тек төрт атпен аттандық. Ең қиын аймақ Түркістан облысында болды. 35 шақырым бойы тау арасымен жүрдік. Жолдың бәрі оңай болған жоқ. Жолда тау мен тас, күннің ыстығы, Арқаның салқыны, бәрі әсер етті. Осыған қарамастан барымызды салдық», – деді Е. Ермағамбетов. Сонымен қатар ол барлық қолдаушыға ыстық ықыласын жеткізді. «Жолдағы қиындықтарға қарамастан, біздің шабандоздар мәре сызығын бірінші болып аттады. Біз жерлестеріміздің қолдауының арқасында барлық кедергіні еңсеріп, ұлы дала тарихындағы бәйгеде бірінші болдық», – деді команда капитаны. Ал Адай жылқысын зерттеуші Күзембай Ерғалиев тұрғындарға ерекше жылқының шежіресін тарқатып айтып берді. «ХVIII ғасырда Адайлардың Маңғыстауға екінші рет оралуы кезінде Адай жылқысын өсіру қолға алынды. Бұл тұқым халықтық селекциядан дүниеге келді. 2006 жылы Адай жылқысын қайта асылдандырып, көптеген қызмет қолға алынды. 2011-2018 жылдары Адай жылқысы 18 рет халықаралық жарысқа қатысып, 160 шақырым қашықтыққа дейін шауып, өзін дәлелдеп шықты», – деді зерттеуші.Мерекелік жиын барысында облыс әкімі марафонға қатысушыларға алғысхат табыстап, ат мінгізді. «Ұлы дала сарбазы» атағын жеңіп алған шабандоздарға лайықты құрмет көрсетіліп, жиын концерттік бағдарламаға ұласты. Айта кетейік, додада екінші орынды Жетісу облысының шабандоздары иемденсе, үшінші орынды Түркістан облысының командасы қанжығасына байлады.
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы