Прокурор Біртановты 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Прокурор Біртановты 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
©aikyn.kz
474
оқылды
Прокурор бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, - деп хабарлайды Halyq Uni. Жарыссөз кезінде прокурор Бауыржан Шекенов экс-министрді үйқамақтан қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеуге ауыстыруды ұсынды. «Біртановты Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп тануды, мемлекеттік қызметті атқару құқығынан өмір бойына айырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды ұсынамын», - деді мемлекеттік айыптаушы. Сондай-ақ прокурор Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевтен 1,5 миллиард теңге өндіріп алуды сұрады. БІРТАНОВҚА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ Елжан Біртанов 2020 жылдың 25 маусымында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі қызметінен кетті. Біртанов бұл қызметті ол 2017 жылдан бері атқарды. Бұрынғы шенеуніктің ұсталғаны туралы 2020 жылдың қарашасында белгілі болды: сол айда Біртанов үй қамауына алынды. Бастапқыда Біртановқа мемлекет ақшасын жымқырды деген айып тағылды, алайда сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін бес күн бұрын бап «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» деп өзгертілді. Қаржы мониторингі агенттігінің пікірінше, Біртанов пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берді. Қазір платформа жұмыс істемейді, ал орындалмаған жұмыстардың құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланады. Бұдан басқа,  Біртановқа өкілетін асыра пайдаланды деген тағы бір айып тағылған. Ол 2020 жылдың маусымында Тараздан Нұр-Сұлтанға жету үшін санавиация ұшағын заңсыз пайдаланған деген күдікке ілінді. ОЛЖАС ӘБІШЕВТІҢ ІСІ Әбішевтің ұсталғаны туралы 2 тамызда хабарланды. Ол «билікті асыра пайдаланды» деген күдікке ілінді. 3 тамызда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сол кездегі Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Алексей Цой Олжас Әбішевтің өз еркімен жұмыстан шығуға өтініш бергенін хабарлады. Содан кейін Әбішевтің екі айға ұсталғаны белгілі болды. Олжас Әбішев 2018 жылы денсаулық сақтау вице-министрі болды. Ол цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне жетекшілік етті.