«Олар менен үйді мемлекет меншігіне өткізуімді қайта-қайта сұрайды. «Не істейсіңдер?» десем, алғашында аудандық мәслихаттың хатшысы Дүйсен Бірәлинов: «ішіне тимейміз, сыртын ағашпен қоршаймыз», – деді. Одан кейін аудан әкімімен сөйлескенімде «сыртын ағашпен қоршап, ауылдан үйге дейінгі жолды асфальттайтынын» айтты. Мен бірден мұның әкімдіктің өз жұмысы екенін, тікелей Оралханның үйіне не істейтінін сұрадым. Болмаған соң олар: «Апай, бізге сатыңыз?» – деді. Сататынымды айтқаныммен, олардың ала алмайтын ақшасын сұрадым. Ала алмайтын ақша емес, 100 млн теңге. Бұл бағаны ойдан шығарған жоқпын. 2019 жылдан бері осы мәселені қолға алған кезде дұрыс жөндеу жұмыстарын істеп, адам баратындай үй кейпіне келтірудің сметасын жасатқанда 110 млн теңге болған. Үйге толық жөндеу жұмысы жүргізіліп, Оралханның музейі қалыпты жұмыс істейтіндей деңгейге келеді. Штатының, қарауылы мен тазалықшысының айлығына дейін соның ішіне кіреді. Оларға соның 100 млн-ын беріңдер дедім. Олар мұндай қаржы жоғын алға тартты. «Онда сендер бұл үйге тиіспеңдер» дедім», – дейді Ғалия Бөкейқызы.Одан бөлек, жазушының қарындасы әкімдіктің музей-үйді өз деңгейінде ұстай аларына сенбейді. Өйткені Әбдікәрім музейінің қазіргі жайын алға тартты. Оған қоса, жергілікті жерде екі жыл сайын әкім ауысатынын, тиісті жағдай жасалмайтынын алға тартты. Ғалия Бөкейқызы 2019 жылдан бері билік басындағыларға да хат жолдаған екен. Даниал Ахметов Ерлан Қошановқа берген жауабында «Туған жер» жобасы бойынша қарастыруға, қаржы тартуға мүмкіндік барын жазған. Бірақ Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасындағылар үйдің жекеменшік екенін, оған қаржы бірден беріле қоймайтынын алға тартқан. Мемлекет қарамағанына өтсе... Мәселенің анық-қанығына жету үшін Қатонқарағай аудандық мәслихатының хатшысы Дүйсен Бірәлиновты әңгімеге тарттық. Ол бірнеше жылдан бері аталған істің оңтайлы шешілуін күтіп жүргенін атап өтті. Әрі Қатонға ат басын тірегендердің көбі Оралхан үйін өз көзімен көргісі келетінін, сұрайтынын баса айтты.
«Оралхан Бөкей тұрған үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттің меншігіне алу керек. Ал бізде мұндай мүмкіндік жоқ. Ғалия Бөкейқызы сату бағасын 100 млн теңге деп бағалады. Алайда бағалаушылар ары кетсе 3-4 миллионнан көпке бағалап тұрған жоқ. Жоқ дегенде 10 миллион теңге сұраса, бұл соманы табуға болар еді. Жергілікті кәсіпкерлерді тартсақ та, аталған соманы жинауға мүмкіндік бар. Бірақ одан көп соманы беруге жағдай келмейді. Оның үстіне 100 миллионға сатып алсақ, одан бөлек, 40-50 миллион теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізсек, мемлекеттік тексеру бар емес пе? Егер үй мемлекет меншігіне өтсе, толық жөндеу жұмысын жүргіземіз. Айналасын абаттандырамыз. Үйді қалпына келтіру үшін арнайы мамандардың, дизайнердің шешіміне жүгінер ек», – дейді ол.Дүйсен Бірәлиновтың айтуынша, жазушының 80 жылдығы қарсаңында музей-үйінің есігі ашық тұрғаны көпке қуаныш сыйлайды. Бірде Шыңғыстай ауылының халқы қосылып, Ғалия Бөкейқызына хат жазған деседі. Қатонқарағай ауданы әкімдігі Оралхан Бөкей тұрған үйді мемлекет меншігіне өткізе алмаса, мектеп-мұражайдағы бір бөлмесін жабдықтап, қайта жөндеуден өткізеді. Сондағы мектеп-музей деп отырғаны – Әбдікәрім музейі. Музейдегі бір бөлмеге жазушының жеке заттары қойылған. Бірақ мұнда да мәселе жоқ емес. Жауаптылардың айтуынша, аудан деңгейінде музейді ұстауға қаржы бөлінбейді. Соған байланысты Әбдікерім музейін мемлекетке беруді ұйымдастыра алмай отыр. Сол үшін облыстық мұражай құрамына беру жұмысы жүргізіліп жатыр. Алайда Әбдікәрім музейі арнайы талапқа сәйкес келу үшін біраз күту керек. Егер музей облыс қарамағына өтсе, мұражайда гид, күзетші және тағы басқалары жұмыс істейді. Себебі қазір мектеп-музейде бір ғана адам жұмыс істейді. Ал бір адамның қолынан көп нәрсе келе бермейтіні тағы бар.
«Музей-үйлер жеке адамның емес, мемлекеттің қарамағында болғаны дұрыс. Сол кезде ғана жұмыс дұрыс жүреді. Қатонқарайға туристер көп баратыны белгілі. Сонда бірінші сұрайтыны – Оралханның үйі. Әбдікәрім музейінде Оралханға арналған бөлме бар дегенмен, әңгіме мемориалды-музейге келіп тіреледі. Мұндай музейді экспонатпен толтырмайды, қаз қалпында көрсету керек. Жазу үстелі, төсегі сол күйінде тұруы керек. Турист те сол аураны сезініп, жазушымен бірге тыныстағандай күй кешеді», – дейді жазушы Әлібек Асқаров.Жазушымен сөйлескенімізде, Оралханмен қатар Қалихан Ысқақтың үйін музейге айналдыру жайын қозғауымызды өтінді. Көзі тірісінде жазушы Топқайыңда үй салдырып, кітаптарын жинақтаған деседі. Өзі кеткесін үйдің мемориалды-музейге айналарынан үміттенген. Осы турасында жауаптылардан сұрағанымызда, туысқандары арқылы балаларына сәлемдеме жолдаған екен. Мұнда да меншік құқығы мәселесі бар. Әйтпесе, Дүйсен Бірәлиновтың айтуынша, үйдің іші музейге сұранып тұр. Жалпы, еліміздегі музей-үйлердің халі мәз емес. Республикалық деңгейге көңіл бөлмегесін, жергілікті жердің қауқары жетпейтіні бар. Мемлекеттен бөлінетін гранттық, нысаналы, базалық қаржыландыруға іліну үшін де біраз тер төгу керек. Оның үстіне, тұлғаның мерейтойы жақындағанда қозғалатын атқамінерлер тағы бар. Жоғарыдағы Оралхан үйі мәселесі қалай шешілері белгісіз?! Ал Қалихан Ысқақтың музей-үйін ашу үшін жазушының 90 жылдық мерейтойын күтеміз бе?
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ