Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалында партияның «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында «Ұрпақтар сабақтастығы» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны партияның облыстық филиалы мен Түркістан облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесі қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.
Жиында Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ауған соғысы ардагерлерінің жас ұрпақты отаншылдыққа шақыруға қосар үлесі мол екенін жеткізді. Сондай-ақ партия отаншыл, елді бірлікке шақыратын, игі іске жұмылдыратын аға буын өкілдерін қолдауға дайын екенін мәлімдеді.
Отырыс барысында Түркістан облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесі қоғамдық бірлестігінің кеңесшісі Бекайдар Көшербаев пен ауған соғысының ардагері, Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалының консультанты Қазыбек Тәжиев баяндама жасады. Түркістан облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрғанбек Бегимов те қоғамды дамыту жөнінде бірқатар тұщымды ұсынысын айтты. Күн тәртібіне сәйкес ардагерлердің өзекті мәселелері мен ұрпақ тәрбиесі талқыға түсті. Ел азаматтары да сөз алып, өзекті мәселелерге қатысты пікірін ашық білдірді.
Дөңгелек үстел аяқталар тұста Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалы мен Түркістан облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесі қоғамдық бірлестігі арасында өзара іс-қимылды ұйымдастыру туралы Меморандумға қол қойылды. Енді партия филиалы мен ауған соғысының ардагерлері идеологиялық-патриоттық бағыттағы іс-шараларды бірлесіп атқарады.
Мағыналы кездесуде бір топ Ауған соғысының ардагеріне партия филиалының алғысхаты табыс етілді.
Әбілмансұр ЖАСАН