Жаңаөзенде дәстүрлі садақ атудан алғашқы республикалық чемпионат өтеді
Жаңаөзенде дәстүрлі садақ атудан алғашқы республикалық чемпионат өтеді
Фото: qamshy.kz
13-16 қазан күндері Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында дәстүрлі садақ атудан тұңғыш республикалық чемпионат өтеді. Республикалық чемпионат ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен дәстүрлі садақ ату федерациясының ұйымдастыруымен өтеді. Жарыстың бас демеушісі - «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры. Садақ - ең көне әрі көп таралған қару түрлерінің бірі. Садақ ату адамның денсаулығына пайдасы зор. Қырағылықты арттырады, омыртқа жотасының түрлі ауруларына ем, көз ауруларының алдын алуға септігін тигізеді. Сонымен қатар сабырлылыққа үйретіп, психологиялық тұрғыдан ұстамдылықты дамытады. Жобаның мақсаты - салт-дәстүрімізді жаңғырту, өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, садақ атудың бұқаралық спорт ретінде дамуына ықпал ету, садақ атуды мектептердегі дене шынықтыру пәнінің бағдарламасына енгізу. садақ ату Тұңғыш рет өтетін республикалық чемпионатқа Қазақстанның барлық өңірлерінен 200-ге жуық адам қатысады деп жоспарланып отыр. Жарысқа қатысушылар Олимп нысанасы, Жамбы нысанасы, Пута нысанасы, Қырғыз (Орта Азия) нысанасы, Қазақ нысанасы форматтары мен финалдық кездесуден бағын сынайды. Нысаналардың ара қашықтығы 10 метрден 75 метрге дейін құрайды. Чемпионат жасөспірімдер (7-18 жас аралығы), жастар (18-24) және ересектер арасында өтеді. Тұңғыш ұйымдастырылып отырған республикалық чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 9 750 000 теңге. Ұйымдастырушылар – ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен дәстүрлі садақ ату федерациясы.   Үйлестіру жұмысы: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі. Баспасөз өкілдерімен байланыс: +7 701 782 62 22 – Арман Абдоллаев. Өтетін орны: Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, А.Тұяқов атындағы орталық стадион. Өтетін уақыты: Финалдық кездесудің ашылу салтанаты - 16 қазан, 15:00; Финалдық кездесу - 16 қазан, 15:45; Жабылу және марапаттау рәсімі – 16 қазан, 18:00.