Тозығы жеткен көлікті қайта өңдеуге өткізу – дамыған елдерде бар тәжірибе. Мақсат – экологияны ластамау, жүргізушілердің өмірін қауіптен сақтау. Одан басқа да пайдалы тұстары жетерлік. Еуропалық сарапшылардың пікірінше, ескі көліктердің металын қайта өңдеуге шикізатты өңдеуге қарағанда 75 пайыз аз энергия жұмсалады.
Бір ғана Еуропаның өзінде жыл сайын 10 миллиондай көлік қайта өңдеуге өткізіледі екен. Ескі көліктердің орташа «жасы» – 10 жылдың шамасында. Ал әлем бойынша 1 жылда 30 миллионнан астам көлік қайта өңдеу орталықтарынан орын табады.
1997 жылғы еуропалық комиссияның ұсынысынан кейін Еуропа елдері ескі көлікті қайта өңдеудің тиімділігін арттыру бойынша қарқынды жұмыстар атқарды. Одан кейінгі ескі көлікті қайта өңдеу тәжірибесі 2008 жылғы әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде жолға қойылды. Мәселен, 2009 жылы АҚШ-та «Клункенлерге нақты ақша» (Cash for clunkers) деген жаңа көлік алуға жеңілдік қарастыратын жәрдемақы берілді. Нәтижесінде, экологияға зиянды делінген көптеген көлік қайта өңдеу орталықтарына жөнелтілді. Ал Қытайда «Ескі көліктен жаңа көлікке» деген бағдарлама жасалды. 2010 жылы «Тозығы жеткен көлікке қолма-қол ақша» деген бағдарлама қабылданып, жаңа көлік сатып алуға субсидия беру мақсатында 6,41 млрд юань ($1,1 млрд) бөлген болатын. Ал Германия болса әрбір қайта өңдеуге әкелінген көлікке 2500 евродан берді. Жалпы, Германия бұл мақсатқа 5 млрд евро қаражат жұмсады. Бірақ кейін бұл бағдарламаны тоқтатып, ескі көлікке қыруар қаржы жұмсауды доғарды. Бір ғана Германияның өзінде 15 мыңға тарта қайта өңдеуге өткізу орталығы жұмыс істейді екен. 200-ге жуық зауыт іске қосылған. Еуропаның көптеген елінде ескі көлікті қайта өңдеу орталығына апарып тапсырмағандар үшін 75 мың евроға дейін айыппұл қарастырылған. Тіпті, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруы да мүмкін.
Қазақстанда қалай?
«Қазақстандық АвтоБизнес ассоциациясының» 2019 жылдың тамызына дейінгі дерегі бойынша, елімізде 4 566 198 қозғалыс құралы тіркелген. Оның жартысынан астамының, яғни 2 484 161-інің «жасы» 20 жылдан асқан. Ал үш жылдан он жылға дейін қолданып жүрген көліктер саны – 918 324. Жаңа көлік санатына жататындары, яғни 3 жылға дейінгі көлік саны небәрі 176 661 болған. Дамыған елдердегі қайта өңдеуге жіберілетін көліктердің орташа «жасы» он жыл екенін ескерсек, еуростандарт бойынша біздің елдегі жарамды көліктер жалпы тіркелген көліктің 5 пайызына да жетпейтініне көз жеткіземіз. Бұл сандар Қазақстандағы ескі көліктерді қайта өңдеудің қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек.
Қазақстандағы ескі көлік иелері 2016 жылдан бастап көліктерін қайта өңдеуге өткізіп, өтемақы ала бастады. Бастапқыда тек жеңіл көлік түрін ғана өткізуге мүмкіндік болып, әрі оған максимум 150 мың теңгеге дейінгі өтемақы алу мүмкін болса, 2017 жылдан бастап жүк көліктері мен адам тасуға арналған көліктерге де өтемақы қарастырылды. Әрі көліктің санатына байланысты әртүрлі сома белгіленетін болды. Республика бойынша 17 орталық жұмыс істейді. Олардың барлығының жұмысын «Оператор РОП» ЖШС үйлестіріп отыр. 2016 жылдың 21 қарашасынан 2018 жылдың 1 наурызына дейінгі аралықта 44 мыңнан астам көлік қайта өңдеу орталықтарына өткізілген. Олардың орта «жасы» – 35-40 жылды құраған. «Оператор РОП» ЖШС бұған 6,6 млрд теңге жұмсаған.
Қазақстандағы бірінші әрі жалғыз көлікті утилизациялайтын зауыт Қарағандыда ашылды. Зауытты іске қосудың бірінші кезеңі 2017 жылы іске асты.
Ескі көлікті бәрібір қайта өңдеу керек
Ескі көлікті қайта өңдеуге өткізу процесі биыл да өз жалғасын табуда. Энергетика министрлігінің тапсырмасымен жасалған бағдарлама бойынша, қайта өңдеуге өткізген көлікке құны 315 мыңнан 750 мың теңгеге дейінгі сертификат алуға болады. Ол сертификатты отандық өндірушілер құрастырған көлікті сатып алуға пайдалана аласыз. Сертификатыңыз алған күннен бастап бір жылға дейін жарамды. Көлікті қайта өңдеуге өткізуде шыққан жылына немесе моделіне байланысты ешқандай да шектеу жоқ. Тек бағдарламада көрсетілгендей көліктің негізгі деген бөліктері бар болса болғаны. Көлігіңізді қайта өңдеуге өткіземін деп есептен шығарасыз да, барлық құжатты алып қайта өңдеуге қабылдау орталығына барасыз.
ТҮЙІН:
Әрине, ел халқының мініп жүрген көлігінің көбі ескі екенін білеміз. Автонесие алуға бұқараның бәрінің бірдей қалтасы көтере қоймайтыны тағы бар. Бәлкім, содан да шығар, сәл арзан болғаны үшін Армениядан, Қырғыз Республикасы мен Ресейден көлік тасығанбыз. Ол көліктерді тіркеу де күрделі мәселеге айналғанын жұрт біледі. Әрі олар да ескі. Демек, оларды да қайта өңдеуге өткізуге мәжбүр боламыз деген сөз.