Коронавируске бөлінген 2 миллиард теңге таусылды
Коронавируске бөлінген 2 миллиард теңге таусылды
271
оқылды
Қазақстанда коронавирус табылмаса да, шенеунік­тер онымен күреске бөлінген 2 миллиард теңгені жұмсап қойыпты. Осыған қатысты әлеуметтік желілерде жұрт наразылық білдіріп, шенеуніктерден түсініктеме беруді талап етті. Бірақ журналистер әңгімеге тартқан лауа­зымды шенеунік ақшаның қайда кеткенін айта алмайтынын мәлімдеді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мың да, миллион да емес, миллиардтаған бюджет қаражатының қайда жұмсалып кеткенін халыққа айтуға рұқсаты жоғын жеткізді. – Коронавируспен күреске ақша Үкімет қаулысына сәйкес бөлінуде. Дегенмен оған қатысты мәлімет «Қызмет бабында пай­да­лану үшін» деген ақпаратқа жа­та­ды. Мұны Денсаулық сақтау ми­нис­трлігі ойлап тапқан жоқ, ол Үкі­меттің қаулысы. Мен қуана-қуа­на айтып берер едім, алайда ондай құқым жоқ! – деді Е.Біртанов. Ол тек ел қаржысы арна тарт­қан бағытты ғана тізбелеп шықты. «Жалпы, сол ақшаға қорғаныш құралдары, оның ішінде медици­налық маскалар, костюмдер, көзәйнектер, дезинфекциялық заттар, зертханалар, диагнос­тика­лауға арналған зертханалық жабдықтар, тепловизорлар сатып алынды. Өйткені кең ауқымды тексеру, диагноз қою шараларын іске асыру қажет. Құралдар ара­сында тек медицина мамандарына ғана емес, сондай-ақ шекара­шы­ларға арналғаны да бар болған­дық­тан, бұл енді тек қызмет бабында пайдаланылатын жабық ақп­а­рат», – деді министр Е.Біртанов. Биліктің халық қаржысының жұмсалуын халықтан жасырғанына журналистер шын кейіді. Осы орайда, Жамбыл облысының жаңа әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтқан сөзі елең еткізеді. Өңір Қырғыз елімен шектесетіні бел­гілі. Оның тізгінін қолына алмас бұрын Бердібек Машбекұлы Қор­дайдағы қақтығыстың мән-жайын зерттеген үкіметтік комиссияның жетекшісі ретінде шекараның және кеден бекеттерінің беріктігі мен бүтіндігін тексеріп қайтты. Сонда кеденшілер жаңадан сатып алынған термосканерлеу құ­рылғысын паш етті. Ол тапан­шаға ұқсас және «ұңғысынан» лазерлік сәуле шығады. Соны адам­ның маңдайына көздеу арқылы оның дене температурасы қашықтықтан өлшенеді. – Шекарада бақылау нашар. Анау тепловизорлары жұмыс іс­темейді, өтірік нәрсе. Адам тем­пе­ратурасын өлшесе, онысы 30 гра­дусты көрсетеді. Адамда сондай тем­пература да бола ма екен?! 30 градус болмайды ғой, ең кем де­генде 35 болуы керек. Ендеше біз корона­вируспен дерт­ті науқасты шекарада қалай анықтаймыз? Оның үстіне адам­дар Қырғыз елі­нен бері өтіп жатыр. Ал Қырғыз Республи­касы­ның Қытаймен ше­карасы ортақ. Осыған көңіл бөл­месек, болмай­ды», – деді Жамбыл облы­сының әкімі. Б.Сапарбаев әкімдік аппаратына және жер­гі­лікті денсаулық сақтау басқар­масына олқылықты жою жөнінде тиісті тапсырмалар берді. ҚХР-мен іргелес өзге өңірле­рі­міздің әкімдері әзірге тым-тырыс.   Елдос СЕНБАЙ