Өнеркәсібі дамыған Алтай
Өнеркәсібі дамыған Алтай
644
оқылды
Шығыс Қазақстан облысы Алтай аудан әкімі Ернар Мұстафиннің қа­тысуымен брифинг өтіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасы аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәсе­лелері қозғалып, даму жолында атқарылып жатқан жұмыс легі талқыланды.
– Жұмысымыздың басты бағыты 1 қыр­күйекте Президент Қасым-Жомарт То­қаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кө­терілген мәселелерді негізге ала отырып, аймақтың өсіп-өркендеуіне атсалысу. Осыған орай, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында өнер­кәсіп, агроөнеркәсіп кешені, тұрғын үй-коммуналдық және автокөлік саласындағы кезек күттірмейтін мәселелер жергілікті органдардың бақылауына алынып, түбе­гейлі шешуге тырыстық. Сонымен бірге денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мә­дениет пен спорт мәселелері де елеусіз қалмады, – дейді аймақ басшысы Ернар Мұстафин.
Нәтижесінде, аудан экономикасының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі ұлғайып, 47 миллиард теңгеге шық­ты. Ал өнеркәсіп өнімінің көлемі 29 мил­лиард теңгеге ұлғайды. Аудандық агроөн­дірушілер 41 миллиард теңгеге өнім шы­ғарған. Шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін нысандардың саны 3,1 пайызға өсіп, 3 200-ге жетті. Олардың өнім өндіруі мен көрсеткен қызмет көлемі 20 пайызға өсті. Сонымен 2022 жылға аудан бюджеті 9 млрд теңгені құраса, жергілікті бюджетке түскен түсім көлемі 6 млрд теңгеге жетті. Осының бәрі – 2022 жылдың тоғыз айы­ның көрсеткіші. Өндірісімен елге белгілі «Казцинк»
– Ауданымыз тау-кен өндіру саласы бойынша ең бай аймақ болғандықтан, негізгі кәсіпорын – «Казцинк» ЖШС. Кен-байыту фабрикасында жыл сайын шамамен 2 млн тонна кен қайта өңделсе, 160 мың тоннадай мыс, мырыш және қорғасын концентраттарын өндіреді. Сол себепті де мекеме тұрақты түрде геоло­гиялық барлау жұмыстарын жүргізіп тұ­рады, – дейді аудан әкімі.
Сонымен қатар, перспективалы аймақ Ревнюшин алаңындағы «Селекция» учас­кесі мен Малеев кен орнының қапталдары. Әрине, Алтай ауданында басқа да кен орын­дары бар екені белгілі. Бірақ оларды анықтап, көзін табу, қоршаған ортаға кесірі тимейтінін анықтау – білікті мамандардың еншісінде. Өзге де кен-байыту орында­ры­ның көзі ашылса, аудан ғана емес қала үшін де маңызды. Соның арқасында аймақтың өсіп-көркейе түсетіні бәріне мәлім. Әкімдіктің мәліметінше, өңдеу өнер­кәсібінде негізгі кәсіпорын – «Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС. Мұнда 675 мың тоннаға жуық цемент өндірілді. Бір сөзбен айтқанда, 12 миллиард теңгеден астам табыс түсті. Жалпы, компания өндірісін барынша жаңартып, экономика тұрғысынан да жақсара түскен. Пандемия кезінде әлемдік нарықтағы экономикалық тұрақсыздықтың жағымсыз әсеріне өзге елдер ғана емес, біз де іліктік. Соған қарамастан аймақта өндіріс пен қызмет көрсету көлемі 25 пайызға артқан. Тіпті, ауыл шаруашылығы саласында да өсім жаман емес. Арасындағы шағын және орта кәсіптер де жұмысын тоқтатпады. Халықтың ерен еңбегінің жемісін бүгінде аймақ көріп отыр. Сүт фермасы іске қосылмақ Алтай ауданы басшысы Ернар Муста­финнің айтуынша, ауданда өнеркәсіппен бірге, ауылшаруашылық өндірісі де қарқынды дамып жатыр.
– Бүгінгі күннің міндеті – егінді сапалы әрі уақытылы жинау. Дәнді егістік бойынша гектарына 24 центнер, ал майлы дақылдар гектарына 21 центнер өнім аламыз деп болжап отырмыз. Әзірге 39 мың гектар алқаптың астық жинау жұмыстары аяқ­талған. Былтырғы жылмен салыстырғанда, гектарына 2 центнерге көбірек алдық. Майлы дақылдың 17 мың гектар алқабы ғана орылды, – дейді ол.
Сонымен өңірдің күзгі дала жұмыс­тарына төменгі бағамен, яғни тоннасы 222 мың теңгеге 3 575 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Негізі аймақта мал шаруашылығында да жақсы дамып, мал басы көбеюде. Оған қоса, өңірде құстың барлық түрі өсіріліп, ет пен сүт өнімі сатылуда. Тіпті, өңірде сүт өнімін түрлендіріп өндіру жолын қолға алу мақсатында Полянское ауылына мың басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салу жоспарланып отыр. Қазір онда малды ұстауға, оның жем-шөбін беруге арнал­ған мал қораның құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта өнім көп беретін асылтұқымды малдың басын кө­бейту жоспарланған. Егер сүт фермасы іске қосылса, жылына 6 500 тонна сүт өндіре­тін болады. «Қазақстан Республикасының агро­өнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасына» сәйкес Grand Fish ЖШС балық шаруа­шы­лығын жүргізу бойынша 100 млн теңгеге инвестициялық жобаны жүзеге асырды. Бү­гінде шаруашылық жылдан-жылға ауқы­мы кеңейіп, ұлғайып жатыр. Қазір тордың саны біреуден 52-ге жетсе, шабақ өндіру жылына 400 мыңға көбейді. Оның үстіне, қазір кәсіпорын өз өнімімен ауданды ғана емес, облыс аумағын да қамтып отыр. Тіп­ті, еліміз бойынша да сатылымға шыққан. Жолы түзеліп, баспаналы болған тұрғындар Өндірісі де, егістігі де, мал шаруашы­лығы да тоқтамай жұмыс істеп, тынымсыз еңбектің арқасында аймақтың жолы түзеліп, құбырлары жөнделіп, жергілікті тұрғындары баспаналы болып жатыр. Мысалы, Алтай қаласының өзінде жалпы ұзындығы 185 шақырымдық және орталық су құбыры желілері қайта жаңартылды. Бүгінде жұмыстың 90 пайызы орындалған. Оның ішінде ұңғымаларды монтаждау жұмысы, тұрғын үйлерге желілерді қосу және оның құрылғыларын орнату жұмыс­тары кіреді.
«Сонымен қатар, Алтай қаласындағы 10-шағын ауданда орналасқан Рудной 31/11 көшесінде 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталуда. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 13 үй сатып алынды. Ал жыл соңына дейін тағы 3 үй сатып алынбақ. Үйдің жалпы аумағы – 1 440 шаршы метр. Бұл баспана көпбалалы отбасылар мен ауданымыздың бюджеттік сала қызметкерлеріне арналған», – дейді Ернар Мұстафин.
Әкімдіктің мәліметінше, Аудандық бюджет есебінен Серебрянск қаласында, Соловьево, Тұрғысун мен Чапаево ауылда­рында, Зубовск пен Новая Бұқтырма, Фек­листовка ауылында 40 млн теңгеге ба­лаларға арналған ойын алаңдары орна­тыл­ды. Оған қоса, Алтай қаласындағы Сол­нечная, Фрунзе, Стахановская 3 көше­лерінде жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, Ломоносов, Фрунзе көшелеріне аялда­малар жаңартылды. Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын іске асыру аясында республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен Соловьево, Тұр­ғысын, Полянское, Малеевск пен Зу­бовск ауылында жалпы ұзындығы 19 ша­қы­рымды қамтитын жолдар жөндеуден өтті.