Шығыс Қазақстан облысы Алтай аудан әкімі Ернар Мұстафиннің қатысуымен брифинг өтіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелері қозғалып, даму жолында атқарылып жатқан жұмыс легі талқыланды.
– Жұмысымыздың басты бағыты 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында көтерілген мәселелерді негізге ала отырып, аймақтың өсіп-өркендеуіне атсалысу. Осыған орай, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, тұрғын үй-коммуналдық және автокөлік саласындағы кезек күттірмейтін мәселелер жергілікті органдардың бақылауына алынып, түбегейлі шешуге тырыстық. Сонымен бірге денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет пен спорт мәселелері де елеусіз қалмады, – дейді аймақ басшысы Ернар Мұстафин.Нәтижесінде, аудан экономикасының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі ұлғайып, 47 миллиард теңгеге шықты. Ал өнеркәсіп өнімінің көлемі 29 миллиард теңгеге ұлғайды. Аудандық агроөндірушілер 41 миллиард теңгеге өнім шығарған. Шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін нысандардың саны 3,1 пайызға өсіп, 3 200-ге жетті. Олардың өнім өндіруі мен көрсеткен қызмет көлемі 20 пайызға өсті. Сонымен 2022 жылға аудан бюджеті 9 млрд теңгені құраса, жергілікті бюджетке түскен түсім көлемі 6 млрд теңгеге жетті. Осының бәрі – 2022 жылдың тоғыз айының көрсеткіші. Өндірісімен елге белгілі «Казцинк»
– Ауданымыз тау-кен өндіру саласы бойынша ең бай аймақ болғандықтан, негізгі кәсіпорын – «Казцинк» ЖШС. Кен-байыту фабрикасында жыл сайын шамамен 2 млн тонна кен қайта өңделсе, 160 мың тоннадай мыс, мырыш және қорғасын концентраттарын өндіреді. Сол себепті де мекеме тұрақты түрде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп тұрады, – дейді аудан әкімі.Сонымен қатар, перспективалы аймақ Ревнюшин алаңындағы «Селекция» учаскесі мен Малеев кен орнының қапталдары. Әрине, Алтай ауданында басқа да кен орындары бар екені белгілі. Бірақ оларды анықтап, көзін табу, қоршаған ортаға кесірі тимейтінін анықтау – білікті мамандардың еншісінде. Өзге де кен-байыту орындарының көзі ашылса, аудан ғана емес қала үшін де маңызды. Соның арқасында аймақтың өсіп-көркейе түсетіні бәріне мәлім. Әкімдіктің мәліметінше, өңдеу өнеркәсібінде негізгі кәсіпорын – «Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС. Мұнда 675 мың тоннаға жуық цемент өндірілді. Бір сөзбен айтқанда, 12 миллиард теңгеден астам табыс түсті. Жалпы, компания өндірісін барынша жаңартып, экономика тұрғысынан да жақсара түскен. Пандемия кезінде әлемдік нарықтағы экономикалық тұрақсыздықтың жағымсыз әсеріне өзге елдер ғана емес, біз де іліктік. Соған қарамастан аймақта өндіріс пен қызмет көрсету көлемі 25 пайызға артқан. Тіпті, ауыл шаруашылығы саласында да өсім жаман емес. Арасындағы шағын және орта кәсіптер де жұмысын тоқтатпады. Халықтың ерен еңбегінің жемісін бүгінде аймақ көріп отыр. Сүт фермасы іске қосылмақ Алтай ауданы басшысы Ернар Мустафиннің айтуынша, ауданда өнеркәсіппен бірге, ауылшаруашылық өндірісі де қарқынды дамып жатыр.
– Бүгінгі күннің міндеті – егінді сапалы әрі уақытылы жинау. Дәнді егістік бойынша гектарына 24 центнер, ал майлы дақылдар гектарына 21 центнер өнім аламыз деп болжап отырмыз. Әзірге 39 мың гектар алқаптың астық жинау жұмыстары аяқталған. Былтырғы жылмен салыстырғанда, гектарына 2 центнерге көбірек алдық. Майлы дақылдың 17 мың гектар алқабы ғана орылды, – дейді ол.Сонымен өңірдің күзгі дала жұмыстарына төменгі бағамен, яғни тоннасы 222 мың теңгеге 3 575 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Негізі аймақта мал шаруашылығында да жақсы дамып, мал басы көбеюде. Оған қоса, өңірде құстың барлық түрі өсіріліп, ет пен сүт өнімі сатылуда. Тіпті, өңірде сүт өнімін түрлендіріп өндіру жолын қолға алу мақсатында Полянское ауылына мың басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салу жоспарланып отыр. Қазір онда малды ұстауға, оның жем-шөбін беруге арналған мал қораның құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта өнім көп беретін асылтұқымды малдың басын көбейту жоспарланған. Егер сүт фермасы іске қосылса, жылына 6 500 тонна сүт өндіретін болады. «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасына» сәйкес Grand Fish ЖШС балық шаруашылығын жүргізу бойынша 100 млн теңгеге инвестициялық жобаны жүзеге асырды. Бүгінде шаруашылық жылдан-жылға ауқымы кеңейіп, ұлғайып жатыр. Қазір тордың саны біреуден 52-ге жетсе, шабақ өндіру жылына 400 мыңға көбейді. Оның үстіне, қазір кәсіпорын өз өнімімен ауданды ғана емес, облыс аумағын да қамтып отыр. Тіпті, еліміз бойынша да сатылымға шыққан. Жолы түзеліп, баспаналы болған тұрғындар Өндірісі де, егістігі де, мал шаруашылығы да тоқтамай жұмыс істеп, тынымсыз еңбектің арқасында аймақтың жолы түзеліп, құбырлары жөнделіп, жергілікті тұрғындары баспаналы болып жатыр. Мысалы, Алтай қаласының өзінде жалпы ұзындығы 185 шақырымдық және орталық су құбыры желілері қайта жаңартылды. Бүгінде жұмыстың 90 пайызы орындалған. Оның ішінде ұңғымаларды монтаждау жұмысы, тұрғын үйлерге желілерді қосу және оның құрылғыларын орнату жұмыстары кіреді.
«Сонымен қатар, Алтай қаласындағы 10-шағын ауданда орналасқан Рудной 31/11 көшесінде 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталуда. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 13 үй сатып алынды. Ал жыл соңына дейін тағы 3 үй сатып алынбақ. Үйдің жалпы аумағы – 1 440 шаршы метр. Бұл баспана көпбалалы отбасылар мен ауданымыздың бюджеттік сала қызметкерлеріне арналған», – дейді Ернар Мұстафин.Әкімдіктің мәліметінше, Аудандық бюджет есебінен Серебрянск қаласында, Соловьево, Тұрғысун мен Чапаево ауылдарында, Зубовск пен Новая Бұқтырма, Феклистовка ауылында 40 млн теңгеге балаларға арналған ойын алаңдары орнатылды. Оған қоса, Алтай қаласындағы Солнечная, Фрунзе, Стахановская 3 көшелерінде жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, Ломоносов, Фрунзе көшелеріне аялдамалар жаңартылды. Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын іске асыру аясында республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен Соловьево, Тұрғысын, Полянское, Малеевск пен Зубовск ауылында жалпы ұзындығы 19 шақырымды қамтитын жолдар жөндеуден өтті.