«Қазір белгілі бір дәрежеде жаңа сатыға көтерілдік. Нақтырақ айтқанда, дубляж жасауға мемлекет қаржы бөледі. Бұл – талмай еңбек етіп жүрген продюсер, режиссер, жетекші және тағы басқаларының жетістігі. Оның үстіне дубляж режиссері, дыбыс режиссері, актер болуға сұраныс артты. Әлеуметтік желіде танымалдық артқан соң, әуесқой дубляж студиялары пайда болды. Алайда фильм дубляждау саласында әлі де бәсекелестік аз. Сәйкесінше бәсекелестік болу үшін дыбыстайтын материал көп болуы керек. Айталық, қазір телеарналар өзара бәсекеге түсе алады. Мәселен, Қазақстан, Хабар, 7 арна өзара жақсы бәсекелеседі. Ал кинотеатрға арналған форматта аса бәсеке жоқ. Өйткені қоғамдық орында қазақ тілінде сөйлеуді талап еткендер кинотеатрға келгенде үнсіз. Шетелдік фильмнің орысша дыбысталған нұсқасын қуана тамашалайды. Себебі «киноның орысша аудармасы сапалы» деген жаман әдет қалыптасқан. Бұл – нашар дубляж жасаған студиялардың жемісі. Екінші, үшінші деңгейдегі телеарналар сапасыз дыбыстайды. Аталған арнадан түрік, үнді сериалының сапасыз дыбысталғанын көрген халық кинотеатрдағы қазақша дубляжға «жоламайды». Мәселен, сол арнадағы дубляж үшін 2005-2008 жылдан бері 6-8 мың теңге алатын актерлерді танимын. Мардымды қаламақы алмағасын, ынта болмайтыны белгілі. Бұл – менің пайымдауым. Сондықтан бөлініп жатқан қаражат шығынын қайта қарастыру керек сияқты», – дейді Arai Media Group студиясының дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев. Оған қоса, режиссер әсіресе, ауыл-аймақ, облысқа интернеттен гөрі телевизия жақын екенін алға тартты. Тиісінше сапасыз дыбыстау сол аймақтың сөйлеу тіліне де әсер етеді. Түптеп келгенде, мәселе бала тәрбиесіне келіп тіреледі. Сондықтан фильм дыбыстаудан басқа, телевизиядағы дубляждауға көңіл бөлу қажет. Оның айтуынша, телеарналардың ішінде де жоғары деңгейде дыбыстайтыны бар. «Басқа арна да сол үлгіде жұмыс істесе, қазақша дыбыстауды жаңа деңгейге көтеретін едік» деп отыр режиссер.Жүгі ауыр процесс 2006 жылдан бері дубляж режиссері болып қызмет еткен Назым Қуатбекқызының айтуынша, кейінгі жылдары қазақ тіліне деген сұраныс артқан. Түрік, корей, үнді сериалдарын дыбыстаудың басы-қасында жүрген ол дубляж жасайтын студиялардың да шығармашылық жағынан өскенін айтады.
«Дубляж саласында еңбек жолын енді бастағанда шетел сериалын орысшаға аударуға тапсырыс көп түсетін. Кейін келе қазақша дыбыстауды сұрайтын болды. Мысалы, қазір «Синематон» студиясы Nickelodeon каналының қазақша контентін даярлауға үлес қосып жатыр. Өнімдеріміз кішкентай балалар мен көрермендердің арасында сұранысқа ие. Байқауымша, бір фильмді дыбыстауға шамамен 10-20 миллион теңге кетеді. Ал дубляж актерінің жалақысы жұмыс көлеміне байланысты. Мұны санап отыратын арнайы маман бар. Мәселен, актердің бір сериядағы сөзі мен эмоциясы есептеледі. Кейіннен актермен талқылай отыра жалақысы бекітіледі. «Синематон» жұмыс көлемі – 70 пайыз қазақша. «Хабар» арнасында төрт-бес жыл орысша дубляждаудың басы-қасында жүргесін студияда орысша дубляж бөлімі бар. Мысалы, жақында Ресейдегі жағдайға байланысты тікелей екі фильмді орысша дубляждап бердік. Екі фильмнің де тұсаукесері өтті», – дейді «Синематон» студиясының режиссері Назым Қуатбекқызы.Аталған режиссердің айтуынша, бір фильмді дыбыстаудың өзіне 50-60 дыбыс жазылады. Әсіресе, импорт фильмдерде актерді тікелей шетелдік компаниялар бекітеді. Сол үшін кинотеатрға арналған фильмді дыбыстауға бір ай уақыт кетуі мүмкін. Ал сериалды дыбыстауға келсек, бір күнде төрт-бес серияны жазуға болады. [caption id="attachment_222301" align="aligncenter" width="1834"] © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Жоғарыда айтқандай, шетелдік фильмдерді дыбыстауды алғаш болып қолға алған – «Болашақ» коорпоративтік қоры. Қор мүшелерінің қалай демеуші іздеп, билікке хат жолдағанына сол істің басы-қасында жүргендер куә. Мәселен, Arai Media Group студиясының атқарушы продюсері Айымгүл Мэлсқызы осы процеске куә болғанның бірі. Продюсермен әңгімелескенімізде дубляж саласының біршама алға жылжығанын атап өтті.
«Бұрын қазақша контентке аса назар аудармайтын. Қазір билік назар аударып жатыр. Бұған біз, шығармашылық топ қуанамыз. Себебі бұл – біздің қаншама жыл бойы жүргізген күресіміздің жемісі. Кинотеатрға да, телеарнаға да өнімін қазақша ұсынатындардың да қатары көбейді. Мәселен, дыбыс режиссері, дубляж актерін мамандық ретінде ешбір ЖОО-да оқытпайды. Олар өздері тырысып, тәжірибе жүзінде төселіп келеді. Егер осы жолмен жүре берсек – Голливудтың өзін қазақша сөйлететін күнге жетеміз. Себебі сұраныс бар жерде талап болады. Неліктен шетел фильмі бірден орысша дыбысталады? Себебі орысша көретін көрермен көп. Осылайша, Голливуд бірден орысша дыбыстауға өз қаражатынан тапсырыс береді. Біз қазақшаны осындай дәрежеге жеткізсек, артық шығындалмай-ақ Голливудтың тапсырыс беруін күтер ек. Алайда бізде ондай мүмкіндік жоқ. Себебі көрермен кинотеатрдан қазақша дыбысталған туындыны көруге құмартпайды», – дейді Айымгүл Мэлсқызы.Сондықтан болар студияның қазақ тілінде сапалы дубляждауға аса көңіл бөледі. Мұны өнімдерінен байқауға болады. Шетел туындыларының арасында қазақы қалжыңның араласуы, ел түсінетін сарказм, қазақша бояу бәрі – тіл үшін күрестің жарқын үлгісі. Әрі атқарушы продюсердің айтуынша, «Болашақ» қоры бір фильм не мультфильм дыбыстауға шамамен 20-50 миллион теңге қаражат тартқан деседі. Бұған актерлік құрамның жалақысы, студия ақысы, тағы басқа қызметкерлердің маңдай тері мен дистрибьютор ақысы кіреді. Дистрибьютордың өзі түрлі салық пен шығынды мойнына алатыны белгілі. Сондықтан атқарушы продюсер Мәдениет және спорт министрлігімен жұмысты жақында бастағандықтан, бір фильм үшін мемлекет бөлетін қаржы сомасын атай алмады. Одан бөлек, студиялардың лотқа қатысуға құқығы жоқ. Олар дистрибьютор тапсырысын күтеді. Бір білеріміз, министрлік қолдауымен «Қара қабылан: мәңгі Ваканда», «Аватар: су жолы» туындылары қазақша дыбысталады.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ