Жетісай ауданынан келген «Ерсұлтан» шаруа қожалығының төрағасы Төрехан Нұрлыбеков «Біз, шаруалар билік тарапынан қараусыз қалдық. Мақта құнының төмендегені бөлек әңгіме, оны облыс басшысы шеше алмайтынын түсіндік. Бірақ бізді күйдіріп тұрғаны –аудандағы әділетсіздіктер. Мақта қабылдайтын зауыт басшыларының дөрекілігі, ойына келгенін істейтіні, таразыдан жейтіні, лаборатория сапасын дұрыс шығармайтыны жанымызға батады. Ала жаздай егін басында жүріп еңбек етеміз, бірақ күзгі жиын-терімде ғана жұмысын бастайтын қабылдау бекеттері ойына келген бағаны айтып, кісілік көрсетеді. Тиісті ақшамызды осылайша дұрыстап та ала алмаймыз. Облыс басшысы бізге комиссия жіберем деп уәде еткен. Бірақ ешкім келмеді. Енді, міне халықтың алдына шықпай отыр. 4-5 сағаттан бері аяғымыз да талды. Мұнда шаруа ғана емес, кәсіпкер де, жер мәселесімен келгендер де көп», – деді жетісайлық шаруа. Сонымен бірге мақтаға мемлекет тарапынан беріліп жүрген субсидияның да жойылып кеткені шаруаларды қынжылтады. Ала жаздай еткен еңбектен пайда таппақ түгілі шығынын да өтей алмай қаламыз деп дабыл қағуда. Бастапқыда қолында қаражаты болмағандықтан, зауыттан алдын ала ақша алып, мақта өсірген шаруалар амалсыз өнімді арзан баға болса да осында өткізуге мәжбүр. Ал мына баға шығынды да ақтамайды.Жетісайлық Марат Мақаров та инвестордан алған қарызын өтей алмай, биыл мақтаның құны түсіп кеткендіктен, шығынға ұшырапты. Инвестор ақ алтынның құны 500 теңгеден болады деп есептегенмен, биыл баға 250 теңгеден болған. «Ендігі үміт мемлекеттен қолдау» дейді ол. Расында да, ақ алтынға баланған мақта мәселесі биыл тағы да шаруаларды шатқаяқтатып тұр. Күз болса дизель отыны тапшылығынан басталатын проблема мақта терімнің құнына келгенде шаруаларды тағы тығырыққа тірейді. Жылдағы жыр. Жергілікті билік түгілі бұл мәселені Үкімет те реттей алмай келеді. Әйтеуір, шаруалар шырылдап-шуылдап, келесі жылы тағы да үйренген кәсібіне қайта кірісіп, үміт күтеді. Жерге қол жеткізе алмай жүр
Шардарадан келген кәсіпкер Бақытжан Бекетовтың мәселесі мүлдем бөлек. Жергілікті билік кәсіпкерді әбден титықтатқан. Екі жылдан бері тиесілі жеріне иелік ете алмай келеді. Құм алатын карьер ашу үшін Астанадағы тиісті мекемеден, облыстық Экология басқармасынан, тіпті аудан басшысының шешіміне дейін алып, лицензияға қол жеткізсе де, кедергілер кездесіп келеді. «Ауданда 12 жерде заңсыз карьер жұмыс істеп жатыр. Ешқандай салық төлемейді. Барлығына да дәлелім, құжаттарым бар. Мұны аудандағы барлық құзырлы орган біледі. Тіпті, бұрынғы облыс басшысы Ө.Шөкеевтің алдына да кіріп айтқанмын. Мәселені реттеуге ауданға тапсырма берді. Бірақ неге екені белгісіз, ешкімнің тісі батпайды. Ешқандай өзгеріссіз тірлігін істеп жатыр. Ал менің барлық талапқа сай заңды түрде ашқалы отырған карьеріме аудан тарапынан рұқсат ала алмай отырмын. Тіпті, сотта да құзырлы органдар әділ шешім шығарып, жеңіп шықтым. Енді жергілікті билік 20 жылға дейін жер қоры үшін резервке алынған деген желеумен апелляцияға беріп жатыр. Ал жер кадастрында ол жер бос деп тұр, өздері басында бос деп шешім де шығарған», – дейді кәсіпкер. Кәсіпкердің айтуынша, оның ашпақ болған карьері әлдебіреулерге кедергі келтірмек. Жалпы, аудан басшылығының жұмысына көңілі толмайтын ол облыс басшылығы тарапынан ауданға тексеріс жіберуін сұрап келіпті.Азамат Әбішов ауданда күнкөріс көзі жер екенін, жастардың тиесілі жерге қол жеткізе алмайтынын жеткізді. Әкімдік алдына жиналып, облыс басшысын күткен наразы топ билікке қапа болып тарқасты. P.S.
Өкінішке қарай, не себеппен жүргені белгісіз, астаналық Алмасбек есімді азамат жиналған шаруаларды азғырып, «Түркістанда әкім жоқ екен, хан екен, ондай болса ханнан тізерлеп сұрайық» деп жасы үлкен кісілерді әкімдік алдында тізерлетіп отырғызып, «хан ием, сізден өтініп сұраймыз» деп сөйлетіп, бейнероликке түсіріп, әлеуметтік желіге таратып жіберген. Астаналық азаматтың қандай пиғылы бар екенін білмедік. Бірақ «не шықса да, оңтүстіктен шығады, Түркістан облысында би сайланған еді, бүгін хан сайланды» деген атаумен бұл бейнеролик барлық әлеуметтік желіде тарап, үлкен қоғамдық пікір туғызып жатыр...
Түркістан облысы