Облысымызда ауыл шаруашылығына айрықша мән беріледі. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Айталық, биыл облыста 5,5 мың гектарға қант қызылшасы отырғызылды. Оның ішінде Байзақ ауданында – 1 000, Жамбылда – 730, Меркіде – 1 780, Т.Рысқұловта – 145 және Шу ауданында 1 820 гектар жерге тәтті түбір егілді. Аталған аудандарда 70-тен аса шаруашылық қант қызылшасын ексе, бүгінде 35 шаруа қожалығы жинау жұмыстарын бастады. Сондай-ақ 814,5 гектар алқаптан 35 276 мың тонна өнім жиналса, оның 30 552 тоннасы қант зауыттарына өткізілді. Ал облыс бойынша әр гектардан алынған орташа өнім 433,1 ц/га құраса, Меркіде – 480 ц/га, Т.Рысқұловта – 405 ц/га, Жамбылда – 397,7 ц/га, Байзақта – 385 ц/га, Шу ауданында 350 ц/га құрауда. Жинау жұмыстарына 29 техника жұмылдырылған. Жалпы, биыл қант қызылшасы өнімінің сатып алу бағасы тоннасына 30,0 мың теңгені құрады. Яғни, қант зауыттары өткізілген өнімнің тоннасына 15,0 мың теңге төлесе, мемлекет тарапынан 15,0 мың теңге субсидия төленеді. Ал 2023 жылы баға 40,0 мың теңге болады. Қант зауыттары 15,0 мың теңге төлесе, мемлекеттік қолдау 25,0 мың теңгеге жетеді. Осылайша, тәтті түбір алқабы келесі жылы 10,0 мың гектарға жеткізілмек. Көкөніс қоймалары салынады Аймақта жалпы сыйымдылығы 247,7 мың тоннаны құрайтын 240 қойма жұмыс істейді. Оның сыйымдылығы 56,2 мың тоннаны құрайтын 84 қоймасы мұздатқышпен жабдықталған. Қазір облыста сыйымдылығы 73,7 мың тоннаны құрайтын жаңа 4 қойманың құрылысы жүріп жатыр. Бұл қоймалар Меркі, Шу, Қордай аудандары мен Тараз қаласында 2022-2023 жылдары іске қосылмақ. Ерекше атап өтерлігі, өткен жылы сыйымдылығы 13,0 мың тоннаны құрайтын 3 қойма іске қосылған. Жалпы, облыста 2 миллион тоннаға жуық негізгі және сұранысы жоғары жеміс-көкөніс өнімдері өндіріліп, облыстың ішкі тұтынымын толық қамтамасыз етеді. Маусымаралық кезеңде, яғни қаңтар-сәуір айларында 51,8 мың тонна көкөніс өнімдерін жұмыс істеп тұрған қоймаларда сақтауға толық мүмкіндік бар. Инвестицияның игілігі сезіледі Аймақта 2025 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 322,6 миллиард теңгені құрайтын 50 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Олардың негізгі бағыттары – сүт тауарлы фермалары, көкөніс сақтау қоймалары, бордақылау алаңдары, құс фабрикалары мен қант зауытын салу және кеңейту, сондай-ақ жаңбырлатып суару технологияларын енгізу, сүт өнімдері мен картоп өнімін қайта өңдеу. Жоба шеңберінде биыл облыста жалпы құны 19,2 миллиард теңгені құрайтын 16 жобаны жүзеге асырып, 324 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінде 8 жоба Жуалы, Қордай, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласында жүзеге асырылды. Құны 4,8 миллиард теңгені құрайтын бұл жобалардың 3 көкөніс сақтау қоймасы, 1 кондитерлік цех, 1 сүтті қайта өңдеу цехы, 1 құс фермасы және 2 су үнемдеу технологиялары бар. Мұнда 121 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айта кету керек, былтыр 19,2 миллиард теңгеге 18 инвестициялық жоба іске асырылып, 595 жаңа жұмыс орны ашылған болатын.