Адамның жазуына қарап, оның ішкі әлеміндегі қайшылықтарды қалай білуге болады? Жазуы арқылы «сенімді адамды» табу қаншалықты мүмкін? Өміріміздегі өзгерістер біздің жазуымызға қалай әсер етеді? Ал жазуымыздағы кей детальдарды өзгерту арқылы миымызға команда беруге бола ма? Осы және басқа да қызықты мәселелер жайында графолог, клиникалық психолог, Қазақстандағы Жазуды зерттеу орталығының басшысы Лариса Когаймен сұхбатымыз барысында әңгімелестік.– Лариса, адам жазуын талдап, зерттеуге деген қызығушылығыңыз қалай оянды?
– Кездейсоқ десем де болады, бір күні Ресейдің Санкт-Петербор қаласындағы «Панакия» психология орталығына жолым түсті. Шеберлік сыныбын Санкт-Петербор мемлекеттік университетінің оқытушысы, философия ғылымдарының докторы Кравченко жүргізіп, графологиялық талдаудың мүмкіндіктері мен әдістері жайлы әңгімелеп берген болатын. Әлі есімде, сол күні Пушкин, Толстой, Достоевский және басқа да классиктердің жазуын талдадық. Жазуына қарап, адамның ішкі әлемін тануға болатынын сол кезде түсіндім. Бұдан соң графология курстарына қатыстым. Бірақ әлі де бұл бағытта тереңірек оқып, графолог мамандығын алғым келді. Сөйтіп, Израильдегі Инесса Голдбергтің графоталдау институтының Мәскеудегі филиалына оқуға түсіп, тәмамдап шықтым.
– Сонымен, адамның жазуына қарап, оның жан дүниесінде не болып жатқанын қалай білуге болады?
– Адамның миы жүйке жүйесі арқылы өзге органдарға, оның ішінде жазу барысында қолға да сигналдар жібереді. Ұсақ моториканың көмегімен адамның саналы және бейсаналы аспектілері қағазға түседі. Графологиялық талдау – адамның жазуына қарап оған психологиялық диагностика жүргізу әдісі. Бұл әдіс арқылы оның мықты және әлсіз тұстарын, потенциалды мүмкіндіктері мен шектеулерін, туабітті және жүре келе қалыптасқан ерекшеліктерін, құндылықтарын, темпераментін және жүйке жүйесінің типін анықтауға, сондай-ақ оның ішкі қайшылықтарын түсіндіруге болады. Жазудың макро және микро құрылымы бар. Макроқұрылымды талдай отырып, графолог әлгі кісінің қоршаған ортамен қаншалықты үйлесімде өмір сүретінін біле алады. Ал микроқұрылымға талдау жасау оның ішкі әлемінде не жасырулы тұрғанын, яғни ойларын, сезімін, мотивтерін, уайымын, комплекстерін, үрей-қорқынышын, өзін-өзі бағалаудағы проблемаларын, неден ұялатынын көруге мүмкіндік береді. Былайша айтқанда, адамның жанына үңілесің.
Графологиялық талдау қалай жасалады дегенге келсек, біз жазудың сызықтарына қараймыз: сызықтар дөңгелене жүргізілген бе, бір-бірінен ажырамай, жалғасып кеткен бе, әлде бөлек-бөлек орналасқан ба, кейбір элементтерінде діріл бар ма, адам қаламның ұшын қағаздан алмай қаншалықты ұзақ және қаншалықты басып жазған – осының бәріне мән береміз. Әлбетте, барлық детальді жекелей емес, бірге қарастырамыз: жазудың жылдамдығы да, қозғалысы да, тез немесе баяу оқылуы да, шимайлануы да, ебедейсіздігі де ескеріледі.
– «Қауіпті» жазу қандай болады?
– Жазудың микроқұрылымында әлдебір проблема бар болса, құдды адамның қолы өзіне бағынбайтындай әсер қалдырады. Бұл жерде әңгіме жазудың тартымсыздығында емес, оның қисынсыздығында: әріптердің көлбеулігі, өлшемі мен арақашықтығы бірқалыпты болмайды, орынсыз бос кеңістіктер кездеседі, сызықтарда діріл, әріп формасында артық детальдар болады немесе жазу оқылымды болмауы мүмкін.
Анық емес немесе тым қатты шимайланған түзетулерді де осыған жатқызуға болады. Егер лупамен қарасақ, сызықтардың кенеттен үзіліп қалғанын, басып жазып келе жатып оқыс өзгерістер болғанын байқаймыз. Дұрысында, адам штрихтің төмендейтін тұсында басып жазады да, жоғарылайтын жерінде қаламның күшін әлсіретуі керек. Тым қатты басып жазу немесе керісінше, болар-болмас әлсіз күшпен жазу (мұны қағаздың екінші жағын сипалап тексереміз) да адамның ішкі әлеміндегі қайшылықтарды білдіруі ықтимал.
– Әріптер оның мінез-құлқы туралы қандай ақпарат береді?
– Біз адамның әріп формасын қалай жасағанын, қалай әшекейлегенін, әріптің бұрыштарын, тік сызықтарын қараймыз. Мысалы, әріпте тік сызықтар мен бұрыштардың көп болуы, кенеттен біркелкіліктің жоғалуы және олардың жылдам әрі қатты басылып жазылуы адамның агрессия мен конфликтіге бейім екенін білдіреді. Егер әріптің бұрыштары мен тік сызықтары болып, бірақ айқын, көзге ұрып тұрмаса, онда бұл адамның орынды критикаға жақын екенін, ішкі еркіндігі мен өзін-өзі басқаруында дұрыс баланс барын көрсетеді.
– Қазір қоғамда суицид проблемасы ушығып тұр. Өлер алдында жазылған хаттарға қарап, адамның бұл қадамға өзі барғанын, жоқ әлде біреу итермелегенін анықтауға бола ма?
– Адамның ондай хаттарды жазу барысында қаншалықты үрейлі күйді бастан кешіргенін, оның ауыр моральды жағдайын білуге болады. Мұндай болжам жасау үшін терең графологиялық талдау жасау қажет: хаттың психомоторлы стереотипін салыстыру үшін әлгі адамның күнделікті жазуын мұқият зерттейміз.
– Сіздің қызметіңізге көбіне кімдер жүгінеді? Өз тәжірибеңізде қандай қызық жайттармен бетпе-бет келдіңіз?
– Өз әлеміне үңілгісі келетін, ішкі қайшылықтарын шешкісі келетін адамдар жүгінеді. Кейде адам өзінің белгілі бір іс-әрекеттерді неліктен жасайтынын түсінбейді. Әдетте ата-анасынан, ортасынан сіңірген әртүрлі түсініктері адамның өзін-өзі бағалауына, сеніміне, құндылықтары мен мотивтеріне ықпал етеді. Графологтың міндеті – адамда белгілі бір оқиғалардың неліктен болып жатқанын түсіндіру. Жұптық консультациялар да болады. Кейде некедегі кісілер әртүрлі «тілде» сөйлеп, бірін-бірі түсінбейді, мақсаты мен міндеттері сәйкеспеуі мүмкін. Графологияда «тұлғаның даму деңгейі» деген ұғым бар, осы бойынша да әртүрлі деңгейде тұруы ықтимал. Одан бөлек, адамға қаншалықты сенуге болады – соны да білгісі келетіндер бар. Мұндай талдауды үшінші тараптағы адамға, мәселен, жұмысқа алғысы келіп жатқан бала күтушіге, жеке жүргізушіге, үй қызметшісіне жасатады.
Кәсіптік бейін мәселесінде де графологиялық талдау жақсы көмектеседі. Жазуға қарап, адамның туабітті бейімділіктерін анықтауға болады. Осыған байланысты тәжірибемдегі бір мысалды айта кетейін. Бірде маған консультацияға анасы мен қызы келді. 24 жастағы қызы техникалық ЖОО-ны бітірген екен, мамандығы – бағдарламашы. Мамандығы сұраныста әрі жалақысы жоғары болғандықтан, кезінде ата-анасы таңдап беріпті. Консультация кезінде әлгі қыздың динамикаға, эмоцияға, адамдарға жақын екені белгілі болды. Сөйтсек, шынында қызға IT саладағы жұмыс ұнамапты. Сенесіз бе, қазір ол – «Стэп» би ансамблінің жетекшісі.
– Есейген сайын немесе өміріміздің әр кезеңінде біздің жазуымыз да өзгеріп отырады. Мұның себебі неде?
– Адам жазуының қалыптасуы үш негізгі сатыдан тұрады. Бірінші саты – бастауыш сыныпта жазу машығын саналы түрде үйрену, екінші саты – жазуда автоматтылықтың қалыптасуы (бұл әдетте жоғары сыныптарда болады), үшінші саты – графикалық кәмелетке жету, бұл шамамен 14 жастан кейін келеді. Дәл осы кезеңде әр адамға тән жазу қалыптасады, стандарттардан ауытқушылық осы кезде байқалады. Ендігі уақытта жазу бейсаналы мазмұнға ие. Біз өмір бойы өзгереміз, әртүрлі ситуацияларды, дағдарыстарды, стресті бастан кешеміз. Олардың әрбірі бізге белгілі бір инсайттар береді, сәйкесінше, жазуымыз да өзгереді. Жазуды нәзік барометр дейтініміз – сондықтан.
– Ал осы механизм кері қарай жұмыс істей ме? Яғни, жазуымызды өзгерту арқылы өмірімізге бір өзгерістер енгізуге бола ма?
– Иә, штрихтар мен сызықтарды басқаша етіп жаза отырып, өміріміздегі белгілі бір тұстарды өзгертуге болады. Графологияның графотерапия деген саласы бар, онда маман, мысалы, біреуге қатты басып жазбай, қаламның күшін бәсеңдетуге, кейбіреуге керісінше қаттырақ басып жазуға, сызықтарын жіңішкертуге, кейбіреуге жуандатуға кеңес береді. Бұл қалай жұмыс істейді? Бұл психотерапиялық кешен «кері байланыс» эффектісіне негізделген, процесс барысында үйреншікті автоматты реакцияларды өзгерту үшін ұсақ моторика арқылы миға ықпал ету көзделеді. Осылайша, арнайы жазу жаттығуларын орындай отырып, сіз өзіңіздің бейсанаңызға жол тауып, үйреншікті реакцияларыңызды өзгерте аласыз.
Мәселен, қолмен хат жазғанда адам жазуды тоқтатқаннан кейін де психика әлгі жазылған дүниені ұзақ өңдейді. Мұнда хат жазу психикалық процестерді іске қосатын алғашқы қадам болып тұр.
– Қызықты әрі пайдалы әңгімеңізге көп рақмет!