Қостанайлық сарапшылар Халықтық коалицияның құрылуына қолдау білдірді
Қостанайлық сарапшылар Халықтық коалицияның құрылуына қолдау білдірді
298
оқылды
Халықтық коалиция өкілдері «TALQYLAU» диалог алаңында жиналды. Жиынды Қостанай облыстық «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Бибігүл Аққожина жүргізді. Диалог алаңының спикерлері мен қонақтары «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV Съезін қорытындылау және Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық коалицияның маңызын талқыға салды. халықтық коалиция Бибігүл Аққожина Халықтық коалициясының форумы барысында республикалық қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері алдағы Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдауы маңызды шешім екенін алға тартты. Осы ретте сарапшылар мен қонақтарға өз ойларын ортаға салуды ұсынды. Облыстық әкімдік жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі, Парламент сенатының экс-депутаты Серік Бектұрғанов Президенттің 7 жылға сайлануы жайында ойын ортаға салды.
«Кез келген маманның өзін көрсетуі, жан жақты жағдаймен таныс болуы үшін уақыт керек. Қазіргі уақытта Қасым-Жомарт Тоқавты сыртқы саясат мойындап отыр. Ол өзінің дәрежесі мен білімін, ел басқару ісінде көрсете білді», - деді ол.
Өз кезегінде Қостанай облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ирина Аронова да қазақстандықтар дәл осы кезде ел болашағының жарқын болуы үшін үлес қосып, жауапкершілік танытуы керек деп санайды.
«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов айтып өткендей, бірнеше республикалық қоғамдық ұйымдар, алдағы келе жатқан сайлауға өзара бірігіп, орталарынан тек бір кандидат- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсыну жөнінде шешімге тоқталған екен. Әртүрлі саяси және қоғамдық күштердің осылайша, бірауыздан бірігу жайлы шешімі, қоғамның шоғырлануының жаңа дегейін айқын көрсетіп отыр», - деді Облыстық депутаттық фракцияның жетекшісі Қырмызы Жанбыршина.
Облыстық мәслихат хатшысы Сайлаубек Ещанов 30-дан астам қоғамдық бірлестік Тоқаевқа сенім артып отырғанын айтты.
«6 қазан күні Халықтық коалиция форумында саяси партиялар бірауыздан Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасына қолдау білдірді. Одан бөлек 30-дан астам қоғамдық бірлестік де қазіргі президентке сенім артуда. Бұның барлығын мен өз басым қуана айтамын. Себебі, Қасым-Жомарт Кемелұлы елді халықаралық аренада лайықты деңгейде көрсетіп, дәрежесін көтеруде», -  деді Облыстық мәслихат хатшысы Сайлаубек Ещанов.
Қазақстан халық партиясының Қостанайдағы төрағасы Андрей Коваль Халықтық коалицияның Қазақстан тәжірибесінде бұған дейін де қолданылғанын айтып, оның мәні мен маңызына тоқталды.
«Негізінде, Қазақстанның тарихына үңілетін болсақ, бұл тәжірибе бұған дейін де қолданылғанын айтқым келеді. Алғаш рет деп президенттің ешқандай партияда тіркелмей сайлауға түсуін айта аламыз. Қазір бірнеше партия мен қоғамдық бірлестіктер ресми түрде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдап отыр. Сырты саясат пен ішкі экономиканы қалыпты ұстап тұру үшін сараланған шешімдер қабылдау оңай іс емес. Осы тарапта біздің қазіргі президенттің ел үшін жылдам әрі тиімді шешім қабылдауда үлкен тәжірибесін саяси партиялар түсініп, халыққа дұрыс жеткізсе деген ұсынысым бар», - деді ол.
«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының облыстық төрағасы Махаббат Жутаев саяси партиялардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ел мүддесі жолында бірігуін стратегиялық игі қадам деп есептейді. Облыстағы қоғамдық қор төрағасының орынбасары Болат Қалиев те әлемде орын алып отырған геосаяси жағдайды ескере отырып, бір тудың астында бірлігімізді көрсетуіміз қажет дегенді айтты.
«Жарқын болашақ үшін үлкен бастаманың алдында тұрмыз. Бүгінгі күні көптеген алпауыт елдермен көршілес тұрған Қазақстанның бірлік пен ынтымақтың мекені екенін нақты іспен көрсетуіміз қажет. 7 жылға сайлану ұзақ мерзім деген ойға айтарым қазіргі кезде үлкен саяси жобаларды іске асыру үшін кем дегенде 6-7 жыл қажет. Сондықтан, бұл сайлаудан күтеріміз көп. Одан әрі халықаралық аренада елге деген сенім артатынына сенеміз», - деді ол.
Айта кетері, «TALQYLAU» диалог алаңына «AMANAT» партиясының белсенділері, Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтын халық коалициясының өкілдері, мәслихаттар депутаттары, қоғамдық бірлестіктер, Қазақстан Халық партиясы, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы және т. б. өкілдері қатысты.