Елорда іргесіндегі елді мекендердің ажары ай сайын айшықталып, келбеті күннен-күнге көркейіп келеді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтқан шаһар басшысы Алтай Көлгінов электр, су, кәріз, нөсер, жылыту, әлеуметтік нысандардың құрылысы секілді жүйелі мәселелер алдыңғы кезекте атқарылып жатқанын алға тартты.
Бүгінде қаланың 16 елді мекенінде шамамен 345 мың адам тұрады. Яғни, бұл Астананың әрбір 4-ші тұрғыны. Сондықтан әкімдік бірінші кезекте тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыратын абаттандыру мәселелерін алдыңғы кезекте шешуді көздеп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елді мекендерді қарқынды түрде дамыту көзделеді. Мысалы, бүгіннің өзінде тұрғын алаптарды 42 км сумен, 17 км нөсер, 11 км кәріз, 3,2 км астам электр және 680 км газбен жабдықтау желілері салынған.
Нақтырақ айтсақ, елді мекендерде 4 білім беру нысаны, 2 спорт кешені, 300 аула мен қоғамдық кеңістік және ұзындығы 117 км-ден асатын 250 көше жөндеуден өтсе, 3,7 мың жарықтандыру тірегі орнатылыпты.
«Бұл жай ғана сандар емес, бұл елді мекендерде тыныс-тіршілікті жақсартуға мүмкіндік берген үлкен жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Бірақ, әрине, бұл да жеткіліксіз. Елді мекендерді дамыту бойынша жұмыстарды әлі де жалғастырудамыз. Кездесулердің бірінде «Үркер» елді мекенінің тұрғындары «сол жағалаудың жарығына тамсанамыз» деген болатын. Біздің мақсатымыз – шет аймақтарды өмір сүруге қолайлы ету. Бұл бағыттағы жұмыстарымызды да жүргізудеміз», – дейді елорда әкімі.
Сондай-ақ «Ағаш отырғызу учаскесі» елді мекенінде 400-ден астам адам тұрады. Қала әкімімен кездесуде осы жердің тұрғындары су мәселесін қозғаған екен. Өйткені бұл елді мекен қолданысқа берілгелі тұрғындарға орталықтандырылған су құбыры тартылмаған. Соның салдарынан тұрғындар суды тасып ішуге мәжбүр болып келді. Бұл көптеген қолайсыздықтарды тудыратыны айтпаса да түсінікті. Тұрғындардың уәжінен кейін мәселені шешу үшін жоба жасалып, бүгінде орталық су құбыры мен кәріз желілерінің құрылысы басталыпты. Ал келер жылдан бастап бұл елді мекенді газдандыру бойынша жоба дайындалмақ. Сондай-ақ шаһар басшысы Алтай Көлгіновтің сөзінше, демографиялық өсімге сәйкес әлеуметтік нысандардың бірі – балабақша салу алдағы күннің жоспарына енгізіледі. Бұл ғана емес, кездесу барысында жұрттың айтары тыңдалып, өзекті мәселелерді қарастыру қолға алынатыны да айтылмай қалмады.