Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ТМД-ға мүше елдердің басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысы өтті. Ел Президенті кеңесті отырысқа қатысу үшін келген делегация жетекшілеріне ризашылығын айтумен бастады.
– Ең алдымен, Қазақстанның ТМД ұйымына төрағалығы аясындағы бастамаларына қолдау білдіріп, осы күндері Астанада өтіп жатқан халықаралық іс-шараларға белсенді қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Бүгінгі отырысқа кеңес мүшесі ретінде Түрікменстан президенті, құрметті Сердар Гурбангулыұлы Бердімұхамедов алғаш рет қатысып отыр. Осы жердегі әріптестердің және өзімнің атымнан Сізге қош келдіңіз дей отырып, жауапты мемлекеттік қызметіңізге табыс тілеймін. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысын ашық деп жариялаймын. Бүгін мемлекеттер басшылары кеңесінің қарауына гуманитарлық серіктестікке, қауіпсіздікке және ынтымақтастығымыздың басқа да аспектілеріне қатысты маңызды мәселелер ұсынылып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Бұдан соң Президент Достастыққа мүше елдердің басшыларын Қазақстан былтыр серіктестермен және ТМД Атқарушы комитетімен бірге атқарған көпжоспарлы жұмыстың негізгі қорытындылары туралы хабардар етті. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан өз төрағалығының басымдықтарына сәйкес, қазіргі әлемдік даму процестерін ескере отырып, мүше мемлекеттердің күш-жігерін көптеген бағыт бойынша біріктіруге ұмтылды. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды сақтауға, сондай-ақ Достастықтың әлеуеті мен халықаралық беделін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды бастама іске асырылған.
– Күрделі экономикалық жағдайда Достастықтың экономикалық әлеуетін нығайтуға және ТМД-ның 2030 жылға дейінгі Экономикалық даму стратегиясының ережелерін орындауға ерекше назар аударылды. Іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңін табысты жүзеге асыру іскерлік белсенділікті арттыруға, өзара сауда көлемін ұлғайтуға, экономиканы пандемиядан кейін қалпына келтіру ісін жеделдетуге мүмкіндік берді. Жаһандық және өңірлік экономиканың тұрақсыздығы жағдайында біз тығыз сауда-экономикалық байланыстарды сақтау үшін қолда бар барлық әлеуетті жұмылдыруымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президенттің пікірінше, климат мәселесі өзекті болып отыр. Мемлекет басшысы климаттың өзгеруі ТМД-ның барлық дерлік елдерінде су ресурстарымен қамтамасыз ету проблемасын шиеленістіре түсетінін атап өтті.
– Біз бұл мәселемен түрлі халықаралық формат аясында айналысып, екіжақты негізде өзара тиімді шешімдерді қарастырамыз. Сонымен бірге Достастықтың бүкіл кеңістігінде су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ әдістерін әзірлейтін уақыт келді. ТМД Атқарушы комитетіне трансшекаралық су ресурстарын өзара тиімді пайдалану жөнінде нақты ұсынымдар беруді ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Отырыс барысында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Ресей президенті Владимир Путин, Тәжікстан президенті Эмомоли Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.
– Шағын құрамда біз ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтудың өзекті мәселелері жөнінде жан-жақты пікір алмастық, Тәуелсіз мемлекеттер достастығын дамытудың негізгі басымдықтарын айқындадық. Бұл COVID-19-дан кейінгі ТМД-ның офлайн форматтағы алғашқы толыққанды саммиті екенін атап өткім келеді. Жалпы, астанамызда қайта бас қосуымыз қуанышты жайт, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекеттер басшылары бұдан соң ресми құжаттарға қол қою рәсіміне көшуге келісті. Президент қажетті құжаттарға қол қойылып жатқанда ТМД Атқарушы хатшысы лауазымын ТМД Бас хатшысы лауазымына өзгерту туралы мәселені шағын форматта талқылағанын жария етті. Осы арқылы атқарушы орган лауазымының мәртебесін арттыруға болатынын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, өткізілген саммиттің нәтижелі болғанын айтты.
– Құжаттарға қол қою рәсімі аяқталды. Осылайша, біздің отырысымыз нәтижелі болды деп айтуға толық негіз бар. Сонымен қатар құжаттарды қабылдаудан бөлек делегация басшылары, менің ойымша, ТМД шеңберіндегі көпжоспарлы өзара іс-әрекеттің кең ауқымы және халықаралық күн тәртібі жөнінде өте пайдалы пікірталас өткізді. Осы ретте айтылған маңызды ұсыныстар мен қаралған құжаттар ТМД кеңістігіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және жетілдіруге бағытталады. Бұл ортақ мақсатымызға сай келеді, – деді Мемлекет басшысы.Сонымен қатар жиында ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев, Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко да сөз сөйледі. Бұған қоса, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің төрағасы, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының грамотасын мемлекетаралық «Мир» телерадиокомпаниясының төрағасы Радик Батыршинге табыстады. Кездесу соңында ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары Мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы мәлімдемеге қол қойды. Сондай-ақ Достастықты одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар құжат қабылданды. Бұдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен мемлекеттер басшыларының «Орталық Азия – Ресей» форматындағы алғашқы кездесуі өтті. Мемлекет басшысы қазір бүкіл шекара бойында тұрақтылықты сақтап, қауіпсіздікті күшейту өңірдегі ең маңызды міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, терроризммен, экстремизммен, қару мен есірткінің заңсыз айналымымен бірлесе күресу, сондай-ақ түрлі гибридті қауіптерге қарсы өзара іс-әрекет мәселелері өзекті болып отыр.
– Саммит осы бағыттағы келісілген әдістерді әзірлеуге ықпал етуді көздейді. Кездесуіміздің күн тәртібі елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық, әсіресе инвестициялық серіктестік, өндірістік кооперация, көлік-транзит бағыттарын әртараптандыру жөніндегі ынтымақтастықты кеңейте түсуге мүмкіндік беретініне сенім білдіремін. Ресей Федерациясымен бірге біз өңірлік экономикалық ынтымақтастық әлеуетін толыққанды пайдалана аламыз. Күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе – елдеріміз арасындағы адамдардың өзара байланысының жоғары деңгейін сақтау, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында тауар айналымының пандемияға дейінгі деңгейі қалпына келіп қана қоймай, оның едәуір артқанын мәлімдеді. Былтыр өңірішілік сауда-саттық 34 пайызға өсіп, 6 миллиард доллардан асқан. Президент кездесу барысында қол жеткізілетін уағдаластықтар алтыжақты ынтымақтастықтың іргетасын нығайтатынына сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі көзқарасын негізгі өлшемдер тұрғысынан жеткізді.
– Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс. Аталған мәселені қарастыру үшін өңірлік сараптама алаңын құру пайдалы болады деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы экономиканы екінші өлшем ретінде атап өтті. Сондай-ақ саммит қатысушыларына Орталық Азия елдері мен Ресейдің экономикалық ынтымақтастығының жаңа моделін әзірлеп, қабылдауды ұсынды. Оның айтуынша, Шағын және орта бизнесті қолдау шараларына, энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды қолға алуға ерекше назар аудару қажет. Мемлекет басшысы цифрландыру саласында бірге белсенді жұмыс істеуге және тәжірибе алмасуға Қазақстан дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші өлшем – көлік және транзит мәселесіне де тоқталды. Президент дәстүрлі логистикалық тізбек үзілген жағдайда аймақтағы елдер көлік-транзит әлеуетін толыққанды пайдалану қажет екенін атап өтті. Бұған қоса, қазіргі әлемде ақпараттық кеңістіктегі теріс құбылыстардың алдын алу жұмыстарын жүргізудің маңызы артып келеді деп санайды.
– Цифрлық технологиялардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қарқынды дамуы жағдайында орынсыз айтылған кез келген сөз, әсіресе жастар арасында өшпенділік пен этносаралық араздық туғызуы мүмкін. Соның салдарынан қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған көпжылғы күш-жігер зая кетеді. Дау-жанжал мен дүрбелеңді болдырмау үшін салалық ведомстволарымыз бен қоғамдық ұйымдарымыз тығыз ынтымақтастық орнатып, түсіндіру жұмыстарын барынша белсенді жүргізуге тиіс. Көп нәрсе біздің мемлекет қайраткерлеріміздің саяси жауапкершілігіне де байланысты. Өкінішке қарай, кейбір елдерде мемлекеттер басшыларына қатысты негізсіз арандатушылық сипаттағы сөздер айтылатын жағдайлар кездеседі. Бұл, әрине біздің ынтымақтастығымызға нұқсан келтіреді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Қазақстан Президенті сөзінің соңында кездесу нәтижелері өзара достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік арқасында берік байланыс орнатқан, қуатты әрі өркендеген мемлекет қалыптастыру жолындағы ортақ мақсатқа жетуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
М.ХАҚНАЗАР