«Егемендігің құтты болсын, елім!»

«Егемендігің құтты болсын, елім!»

Қазақ газеттері 1990 жылдың 25 қазанындағы Декларация жайлы не жазды?

«1990 жылдың 25 қазан күнгі 18 сағат 55 минөтті есімізге сақ­­тайық. Қазақстан парламенті осы сәтте республика көп­ұлт­­ты халқының мүддесіне қызмет ететін егемендік туралы тарихи Декларацияны қабылдады». Осы тарихи уақиғаның ер­теңінде жарыққа шыққан «Социалистік Қазақстан» газеті нөміріндегі бұл жолдар аталмыш құжаттың қалың бұқараға қан­дай үлкен қуаныш әкелгенін және әзер дегенде жеткен асыл мұраты бол­ғанын айқындап тұрғандай. Жалпы, мұндай көңіл күйді бұдан өзге «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Казахстанская правда» газеттерінің де сол кездегі сандарын парақтап отырып анық сездік... «Бізді қазақ халқы теріс түсінуі мүмкін...» Негізі, егемендік туралы Декларация қабылданбас бұрын, газеттерге болашақ құжаттың қандай маңызы барын түсіндіретін материалдар жарияланыпты. Мысалы, «Социалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылғы 19 қазан күнгі нөмірі мен «Лениншіл жас» газетінің 20 қазан күнгі санында Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 16 қазанда республика Жоғарғы Советінің кешкі мәжілісінде айтқан Декларация жөніндегі пікірі берілген екен. Онда аталмыш құжаттың баламалы нұсқасы да болып, оның да депутаттар талқысына түскені айтылған.
«Егемендік жөніндегі декла­рацияның баламалы нұсқасының пайда болуын дұрыс деп есептеген жөн. Егер ол болмаса, әдеттегідей бір ғана жобаны талқылауға тура келер еді. Осы нұсқаны әзірлеуге қатысқан әртүрлі ұлттарға жататын депутаттар ең алдымен тұрақты­лықтың сақталуына және көпұлтты қоғамымызды топтастыруға алаң­даушылық білдірді. Біздің бәріміз парламенттік жұмыстағы плюра­лизмге бой үйретуге тиіспіз – бұл тек оны байыта түседі», – дейді президент өз сөзінде.
Әлгі баламалы нұсқаны ұсын­ған «Демократиялық Қазақстан» депутаттар тобы Декларация жо­басындағы «ұлттық», «қазақ» сөз­деріне шүйліккен. Бұл мәселеге қатысты ойын Н. Назарбаев былай жеткізген:
«Декларациядан тек респуб­ликадағы ұлттық мемлекеттілік туралы мәселені ғана емес, соны­мен бірге жалпы қазақ халқы туралы сөздерді де алып тастағысы келетіндермен келісуге болмайды. Бізді қазақ халқы теріс түсінуі мүмкін, өйткені бұл жағдайда ол ССРО-ның басқа ұлттарымен терезесі тең емес жағдайға қо­йылмақшы. Одақтас республика­лардың осындай декларацияла­рының кез келгенін алсаңыздар да, барлығында да ұлттық мемлекет­тілік туралы ереже бар. Республика территориясында қазақ халқы санының басым болмауының негізінде ғана осы тезисті біздің құжатымыздан алып тастау саяси тұрғыдан дұрыс емес. Өзінің бүкіл тарихында интернационализм идеяларына адалдығын дәлелдеген қазақ халқы, айталық, кез келген басқа халық сияқты, осындай көзқарасқа лайық па», – дейді ол Жоғарғы Совет мәжілісінде сөй­леген сөзінде.
«Ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға қайшы келмейді» «Социалистік Қазақстан» газе­тінің 1990 жылғы 26 қазандағы нөмірінде тілшілер Г. Еңсепова мен Ә. Әлібековтің «Егемендік ел үміті еді» атты материалы жарыққа шы­ғыпты. Онда СҚ тілшілері респуб­ликаның егемендік алудағы бағда­рының жобасы туралы бірнеше депутаттың пікірін сұрапты. Со­лардың бірі Алтыншаш Жағанова:
«Демократиялық Қазақстан» депутаттар тобының Деклара­цияның негізгі жобасындағы ой­ларды тек қана қазақ ұлтының мүддесін көздеу деп түсінуі жаны­мызға батады. Негізгі жобаны тал­қылау кезінде кейбір депутаттардың қызуқандылықпен еркін сөйлеп, тіптен қазақ халқының намысына тиетін пікірлер білдіргені – тым асқақтаушылық», – десе, Сұлтан Сартаев: «Демократиялық Қазақстан» тобындағы депутаттар, сондай-ақ республикамыздың кейбір жұрт­шылығы «ұлттық республика дегенді жойып, азаматтық қоғам құрайық» деген пікір айтады. Ал оларға мен әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, мынаны айтқым келеді: сіздер ойлағандай ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни праволық мемлекетке қайшы кел­мейді. Мәселен, Англия – право­лық мемлекет. Алайда ол ағыл­шын­дардың ұлттық мемлекеті. Сон­дай-ақ Франция, Испания, Жапония, тағы да басқа көптеген ұлттық негіздегі праволық мемле­кеттерді мысалға келтіруге болады. Біз де осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық респуб­ликамызды дамытамыз, гүлден­діреміз. Декларациядағы қазақ де­ген сөзден қорқатын ештеңе жоқ. Қазақ ұлты, сонау ерте дәуір­ден тілі, діні қалыптасқан, кіндік қаны тамған өз ата мекені бар халық қой. Енді келіп оны мүлде сызып тастау мүмкін емес», – деген пікір айтады.
Декларацияға қандай бап енгізілмеді? Декларацияның жобасы ел арасында да, депутаттар арасында да қызу талқыға түскен. Соның жемісі дейміз бе, жобаның кейбір шикі баптары ресми құжатқа енгізілген жоқ. Бұл жайында «Ле­ниншіл жас» газетінің 1990 жылғы 30 қазандағы санында жарияланған депутат, Қазақ ССР Ғылым акаде­миясының академигі Салық Зи­манов «Ерекше маңызды құжат» (бұл мақала орыс тілінде «Казах­станская правда» газетінің 1990 жылғы 28 қазанындағы санында да жарияланған) мақаласында қоз­ғайды. Автордың айтуынша, жо­баның 8-бабындағы «Қазақ ССР-інде қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал орыс тілі ресми тіл болып та­былады» деген бөлігі Декларацияға енгізілмей, талқылаудан алынып тасталған.
 «Бұл бөліктің Декларация жобасына енгізілуі дұрыс емес еді. Мұның өзі тек оның 1989 жылғы қыркүйектің 22-сінде қабылданған Республиканың Тіл туралы заңына мазмұны жағынан қарама-қайшы келгендігінен ғана емес. Бұл заң бойынша, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал орыс тілі – ұлтаралық қа­тынас тілі деп танылған болатын. Ең басты нәрсе мынаған байла­нысты: бұл ережені өзгертіп, жаңа ережені қабылдай отырып, заң шығарушы орган қазақ тілін тез арада құрып кетуге күні бұрын әдейі душар етер еді. Қазақ және орыс тілдері пра­волық тұрғыдан тең. Бірақ олар өзі­нің іс жүзіндегі жағдайы бо­йын­ша тең емес және тең болуы мүмкін емес. Біріншісі, ғылыми-техни­ка­лық саладан белсенді түрде ығыс­тырылып отырған. Республикадағы ресми іс жүргізу саласынан толық-дерлік ығыстырылған жергілікті, аймақтық тіл болып табылады, екіншісі – ғылым, білім беру және дүниежүзілік цивилизация тілі. Осыған байланысты бұл тілдер тең статусы бола тұра, қатарлас қоз­ғалыс процесінде бірін-бірі «жі­герлендіре» алмайды. Бұл біз велосипедшіні ғарыш кемесімен қатар қойып, оларды еркін «жа­рысқа» қосқанмен бірдей. Қазақ тілі мұндай жағдайда сөзсіз құн­сызданып, құрып кетуге душар бол­мақ», – деп жазады С. Зиманов.
Тілшілерді риза қылған депутат Айтпақшы, аталмыш құжатты талқылау барысында кейбір де­пу­таттардың өзге ұлт өкілі бола тұра, қазаққа жаны аши сөз сөйлегенін газет тілшілері іші жылып отырып жазыпты. «Социалистік Қазақ­стан» газетінің 1990 жылғы 27 қа­зандағы нөмірінде тілшілер Г.Ең­сепова мен Ә.Әлібеков «Елді­гі­міздің басты белгісі» атты мақа­ласында мынадай дерек бар:
«Депутат А.Княгинин Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты ірі ха­лық­аралық ұйымдарда Қазақстанның атынан қазақ халқы өкілінің өкі­леттігі танылатын болсын деген ұсыныс айтты. «Мұны Қазақстанда тұратын өзге ұлттық топтар өкіл­дері түсініп қабылдайды деген ой­дамын», – деді ол. «Себебі, атал­ған халықаралық ұйымда, айталық, украин халқының өкілеттігін Украина, ал белорус халқының өкілеттігін Белоруссия танытады ғой.
Оған сессия мінберінде сол күні сағаттар бойы түрегеп түрып, Декларация жобасының әр бабы жөнінде депутаттарға түсінік бер­ген, осы мәселеге байланысты құ­рылған комиссияның төрағасы С.Зиманов былай деп жауап қай­тарды: «БҰҰ-да жекелеген ұлттар емес, мемлекеттер ғана өкілеттік ете алады»...
Халықаралық право тұрғы­сынан алғанда депутат А.Княгинин ұсынысының өтпей қалуы заңды. Бірақ шынын айту керек, өзге ұлт-тар жөнінде осындай қам­қор­лық пен жанашарлық таныта сөйлеген депутаттар әрдайым бәрімізді риза-лық сезіміне бөлейді», – дейді СҚ тілшілері.
«Парламенттегі бос орындар қынжылтты» Декларация қабылданар шақта депутаттардың қаншалықты бел­сенді және батыл болғаны да тіл­шілер көзінен таса қалмаған се­кілді. Мысалы, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1990 жылғы 26 қаза­нындағы санында тілші К.Табеев Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің ІІ сессиясы жайлы былай деп жазады:
«...Сессияның бесінші күні мәжіліске барлық 357 депутаттың 251-і ғана қатысқанын айта кетуді жөн көрдік. Еліміздің елдігі, хал­қымыздың еркіндігі сынға түскен осынау қиын сәтте ел сенімін арқалаған сол бір азаматтардың парламентте бос тұрған орындарын көргенде, іштей көңіліміз жүдеу тартқанын да несін жасырайық? Ертең тіліміздің тіл болуы, елі­міздің ел болуы кейде бір-екі да­уыспен-ақ шешіліп кететінін ой­ласақ, жүрек шіркін аттай тулап, көңілге күдік ұялайды», – деп қынжылады автор.
Журналистердің көзіне жылы ұшыраған, олардың ризашылығына бөленген депутаттар да БАҚ-та ес-керусіз қалмапты. «Лениншіл жас» газетінің 1990 жылғы 26 қа­занындағы санында «Парламент парасаты» атты мақала жария­лан­ған. Онда:
«Он екінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің екінші сессиясында депутаттар Ә. Кекіл­баев, С. Сартаев, С. Сухов, И. Бай­дәулетов, К. Айтаханов, С. Зи­манов, М. Тінікеев, С.Субботиндер және басқалар, біздің ойымызша, пікірталастарға батыл қосылып, өз позициясын алға тартудан тай­сал­майтын, білікті де беделді депу­тат­тар екенін байқатты», – делінген.
Ал, жалпы, тілшілер қауы­мы­ның маңызды құжат талқыланар сәтте қандай күйді бастан кешкенін «Лениншіл жас» газетінің қыз­меткері Ғалымжан Мелдешев:
«Үлкен мәжіліс залының ай­нал­малы балконы баспасөз өкіл­дерінің «меншігінде». Мұнда бүкіл зал көз алдыңда, ерекше бір ты­нысты сезесің, бәрі алақаныңа сыйып кетердей. Ел үлкен үмітпен күткен егемендік мәселесі талқы­ланғалы жатқанда ешкім де бей-жай қалмаса керек. Баспасөз ор­талығында орнатылған қос теле­визордан бас алмай көз қадап отырған әріптестер сол балконға ұмтылды», – деп жазады.
 

P.S. «Ел тілегі құпталды. Көк­сегенімізге қол жетті. Дегенмен, мұнымен іс біткен жоқ. Атқарар қыруар шаруа енді келді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын уақыттың дәп өзі – осы. Егемендік – еселі, ерен еңбекке шақырады. Егемендік – нақты тірліктерді талап етеді. Егемендік – енжарлыққа, келеңсіздікке төзбейді. Егемендік – жарқын келешеккке жол сілтейді. ЕГЕМЕНДІГІҢ ҚҰТТЫ БОЛ­СЫН, ЕЛІМ!». Бұл да – Мелдешев­тің мақаласынан үзінді. Бірақ бір тілшінің емес, сол шақтағы бар халықтың қуанышын, мүддесін, толқынысын да осы жолдардан табуға болатын сияқты.