Табыстың кілтін тапқан
Табыстың кілтін тапқан
271
оқылды
Ақмолада ата кәсіп – мал шаруашылығын дамытып көл-көсір пайдаға кенеліп жатқандардың қатары артып келеді. Мамандардың есебінше, малдың сүтті бағытымен қатар етті қара мал фермалары да көбірек құрыла бастапты. Шаруасы алға басып, ісі өрге домалаған қожалық иелері мемлекет есебінен бөлінген қыруар субсидияның көмегімен шалғай ауылдарда жаңа жұмыс орындарын да аша бастаған. Өңірде тек соңғы жылдары ғана жүздеген мал шаруашылық фер­малары құрылған. Олар мемле­кет­тен шамамен 10 миллиард теңгеге жуық субсидияға ие болған. Жер­гілікті әкімдіктің тиісті басқар­маларының дерегіне қарағанда жаңадан құрылған фермалар өзінің тиімділігін бірден көрсеткен. Мәселен, Жақсы ауданы, За­порожье селосында шаруа қожа­лығын құрып, ферма ашқан Сергей Чепурной ата кәсіппен 30 жылдан бері айналысып келе жатқанын айтады. Зейнетке шыққанға дейін кәсіпкер ірі шаруашылыққа жетек­шілік еткен. Өмір бойы мал бағып, ауыр еңбектің зейнетін көрер шақ­қа жетсе де, ақсақал сүйікті кәсібін тастауды жөн санамапты. Шағын шаруа қожалығын ашқан кәсіпкер қара малдың басын көбейтіп сүт фермасын ашуды жөн көріпті.
«Қазір менің 50 бас сауын сиы­рым бар. Басқа да қара малдың саны көбейіп келеді. Құс өсіріп, үлкен көлемде жұмыртқа да шы­ғарып жатырмыз. Жаңа техника мен құрылғылардың арқасында сүт өнімдерін нарыққа шығарудамыз. Мемлекеттен берілген қолдаудың арқасында асылтұқымды бұқалар сатып алдық. Қазір 1 700 гектар алқапқа бидай мен басқа да да­қылдарды егеміз. Өз егістік алқа­бымыздың болуы сүтті және етті бағыттағы фермаға жемшөп әзір­леуде аса маңызды көмек болып тұр», – дейді Сергей Чепурной.
Бүгінде шаруа фермасында жиыр­маға жуық жұмысшы еңбек ете­ді. Жұмысшылардың еш алаң­сыз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай да жасалған. Ал шаруаның өнімдері бірден ауыл мен аудан орталы­ғындағы дүкен сөрелеріне түседі.
«Бізде өндірілген сүт өнімдері бірден сатылып кетеді. Шыққан өнімдер бірден ауыл мен аудандағы дүкен кәсіпкерлері алады. Яғни, өнімдер егістіктен тікелей сөреге жетеді десем де болады. Ешқандай делдал болмағандықтан бағасы да халыққа қолжетімді. Енді өнім көлемін де кеңейтуді көздеп отыр­мыз», – дейді шаруа қожалығының басшысы Сергей Иванович.
Отыз жылдан астам өмірін ауыл шаруашылығына арнаған тәжіри­белі фермер елдің алдағы бола­шағына нық сенімді. Ауыл шаруа­шылығы жақсарса, елдің де дамуы алға басады дейді ол. Шаруа алдағы уақытта фермасын кеңейтіп, өнім көлемін де көбейтпек ниетте.