Әлекке салған әлеуметтік көмек
Қостанай Балалар үйінде тәрбиеленген Татьяна Водолазкина кәмелет жасқа жеткенше «тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай» асыраған мемлекетіне дән риза екенін айтады. Сол берген тәлім-тәрбиесі үшін өскенде тәртіп сақшысы болып, адамдардың құқын қорғауды армандаған ол Ішкі істер министрлігі академиясына оқуға түскен. Әйткенмен, казарма қабырғасына келгеннен кейін мемлекеттің мейірімі таусылыпты. Осылайша, өзгелердің құқығын қорғауды мақсат еткен ол өзінің құқығын қорғаудың тым қымбатқа түсетінін кеш түсінген.
Қостанай академиясының түлегі Татьяна Водолазкинаның жайынан жұрттың дені жақсы таныс. Тек оқу орнына тікелей жауапты министрлік ғана меңіреу секілді. Әйтпегенде, елдегі ІІМ академияларындағы жетім курсанттардың азаматтық оқу орнындағы өзі тағдырлас студенттердің алатын әлеуметтік көмегі арман ғана екені айтылмады емес, айтылды. Тіпті, бірнеше рет бұқаралық ақпарат құралында жазылды. Негізінде, «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек тің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулыға сәйкес, жетім балаларға берілетін әлеуметтік көмектің көздері мен түрлері, мөлшеріне дейін ЖОО-ның барлығында бірдей жүзеге асуы тиіс. Ол азаматтық және ведомстволық оқу орны болса бұл қаулы барлығына ортақ. Ал «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі №319 заңының 47-бабының 11-тармағында да олардың толық мемлекет қамқорлығында ұсталатыны көрсетілген. Бұл бойынша, азаматтық оқу орнында оқитын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған білім алушыларға каникул кезеңінде білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдардың қаражаты есебінен олар тәрбиеленген ұйымдар мен отбасыларға жол жүруін, тәуліктік шығыстарды заңнамада белгіленген тәртіппен қаржыландыруға міндеттелген. Сондай-ақ каникул кезінде ұйымдастырылған демалыс орындарына бармайтындарға тамақтануға арналған тәуліктік норма құнының шегінде қолма-қол ақша бөлінеді. Бұдан бөлек, олардың маусымдық киімдері: пальтодан бастап қолғаптарына дейін мемлекеттен. Ал ІІМ академиясының курсанттарына 40 мыңның көлемінде стипендия беріледі. Ай сайынғы берілетін стипендиясы жазғы 30, қыстағы 15 күндік демалысында ішіп-жегені, киер киіміне жетуі тиіс. Мысалы, өзге елге кеткен Татьянаның Ресейдегі стипендиясы – 65 мың. Бірақ ақшаның 25 мыңы жалдамалы пәтерге, 5 мыңы интернет үшін (қашықтықтан оқыту тұрақты, жоғары жылдамдықты интернеттің болуын талап етілген) жұмсалған. Қалған 35 мың азық-түлікке есептеледі. Алайда тамақтың бағасы күн сайын өсіп жатқанын есепке алсаң, бұл да жетпейді. Жеке гигиена заттары жарты айға ғана жетсе, қысқы киім сатып алуға мүмкіндігі болмаған.
Осы мәселені бір кісідей білетін запастағы полиция генерал-майоры, профессор Мирлан Қызыловтың өзі де талай рет жағдайды баяндап, министрлікке хат жазады. Бірақ зейнет жасына жеткенше құқық қорғау қызметкерін тәрбиелеп, осы саланың отымен кіріп, күлімен шыққан ардагердің айтары министрдің құлағына жетер емес. Мүмкін жеткен де шығар, тек министрлікке әке-шеше мейірімін көрмей өскен жетімнің жайынан гөрі жүзеге аспайтын жобаларды дайындау әлдеқайда тиімді ме екен.
Сырғытпа жауаппен созып келеді
Туғаннан тағдырдың сынағына түскен Татьяна – тұлдыр жетім. Қостанай академиясына түскендегі жинаған балл көрсеткішінің жоғарылығы ескеріліп, Ішкі істер министрлігі оны Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің арасындағы келісім негізінде Ресейдің Краснодар университетіне оқуға жіберіпті. Алайда қолына бір жапырақ жолдамасын ұстатқан министрлік жетімнен тезірек құтылғанға қуанған ба, өзге елде өмір сүрудің қажеттілігін қаперге алмаған. Олай дейтініміз, ресейлік оқу орнында оқитын жетім қызды өз елі ойламай тұрғанда, басқа мемлекет басынан сипай қоймайтыны түсінікті. Ресей жағы да қалтарыста қалған қызға бір тиын да әлеуметтік көмек бермепті. Себебі бұл туралы екіжақты келісімде көрсетілмеген. Сонда дейсің де, ел ішінде жүріп қарыс адым жердегі аймаққа сапарлайтын сала басшылары ары-бері жолын, қонатын жерімен қоса ішіп-жегеніне дейін бюджеттен ақша бөлдіретінін білмей қалғаны ма? Өзінен басқа сенері жоқ жастың жат жұртта қалай жан бағарын бағамдамаған?
[caption id="attachment_222499" align="aligncenter" width="1492"] © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption]
Курсанттардың сан қилы тағдырымен таныс академия басшысы бес жыл бұрын осы мәселені көтеріп, жетім курсанттардың әлеуметтік құқығын қорғау мәселесін және оны заңдастыру ісін қамтамасыз ету жөнінде Ішкі істер министрлігіне бірнеше хат жазыпты. Алайда ол ұсыныс қолдаусыз қалған. Жетімдердің жайы Бас прокуратураға да хатпен жетеді. Құзырлы орын сұраққа жауапты сол кездегі Білім және ғылым министрлігіне сілтейді. Олар сауалдың төркінін түсінбеген сыңай танытып, сырғытпа жауаппен құтылады. Бір қызығы, телеарнаға сағаттап сұхбат беріп, блогерлердің жекелеген ютуб арнасының өзіне уақыт табатын Ішкі істер министрінің тиісті орындарға сан рет сауал жолдап, ұсынысы қолдау таппай келе жатқан профессорды қабылдауы қиямет қайымға айналыпты.
Солқылдақ шешім
Екі жыл бұрын ІІМ Қаржымен қамтамасыз ету департаментінің бастығы Р.Тұрсынбаев Үкіметтің 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулысы қайта қарауды қажет ететінін айтады. Қызығы сол, құжатта өтемақының мөлшері мен оны айқындау тәртібі белгіленбеген. Ал жетім балалардың білім алу кезіндегі әлеуметтік қолдау туралы жауабында Оқу-ағарту министрі «Ішкі істер министрлігі өз ауласындағы істі шарбақтан шығармай, өзі шешсін» деп қысқа қайырады. Негізінде, тастандылардың тағдырына бұл министрлік те тікелей жауапты. Өйткені жетім балалар ІІМ-нің оқу орындарына 17 жасында оқуға қабылданады. Бірақ министрлік жанындағы Балалардың құқығын қорғау комитеті мұны қаперге алмапты. Жоғарыдағы қаулыға сәйкес, әлеуметтік көмек оқу орындарының меншік формасына қарамастан, барлығына бірдей берілуі керектігі айтылған. Мысалы, Татьяна Водолазкинаның «Астана» университетінде оқитын туған сіңлісі Екатерина Водолазкина әпкесі қол жеткізе алмай жүрген әлеуметтік жеңілдіктердің барлығын алады. Бар айырмашылығы – Татьяна Ішкі істер министрлігінің оқу орнын, ал сіңлісі азаматтық жоғары оқу орнының студенті.
Хош, ведомство басшылығын тізгіндеп тұрған Ерлан Тұрғымбаев сол кезде әлеуетті құрылымдардың оқу орындарындағы жетім курсанттарға ақшалай өтемақының белгілі бір мөлшерін белгілеуге қатысты өзгерістер енгізу туралы республикалық бюджет комиссиясына ұсыныс жолданғандығын мәлім етіпті. Сөйтсе, министрлік нысанды киімнің сыртында тұлдыр жетімнің басқа да қажеттілігі барын тағы ескермеген. Өйткені нысанды киім ІІМ оқу орындарындағы курсанттардың барлығына тиесілі. Ал әлеуметтік көмек жетім баланың күнделікті күнкөрісіне қажетті заттар мен киім алуына жұмсалуы керек емес пе? Мысалы, әлгі көрші елге барып күн көруі қиындаған курсанттың әлеуметтік құқығы бұзылғаны туралы азаматтық іс Астана қаласының Алматы аудандық сотында қаралады. Сот Ішкі істер министрлігінен Татьянаның ақшалай қаражатты өндіріп алу туралы талап-арызы ішінара қанағаттандырылу керек деген шешім шығарады. Өкінішке қарай, заң талабын орындатуға жауапты құзырлы орган соттың шешіміне де осы уақытқа дейін жүрдім-бардым қарап келген. Неге? Себебі әділдік орнатуы тиіс судья солқылдақ шешім шығарған. Онда Ішкі істер министрлігіне өтемақыны мәжбүрлеп өтеу шарасын қарастырылмайды. Осылайша, жетімнің конституциялық құқығын іс жүзінде қорғау тым қымбатқа түскен-ді. Ендігі жерде елдегі академияның курсанттары әлеуметтік жеңілдікке қол жеткізе алмай сенделіп жүр.
Сүйінші хабарды сиырқұйымшақтатқан кім?
Соңғы жылдары әлеуметтік желі арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жағдайын айтып, әділдіктің орнауын сұрайтындар көбейді. Өйткені «еститін үкімет» естімейді. Бұл туралы Президенттің өзі де бірнеше рет айтты. Құзырлы орындар көз қиығын салмаған мәселе Мемлекет басшысына да жетеді. Халық мүддесіне құлақ түре білген Президент көп күттірмей тиісті бұйрыққа түзету туралы нұсқау беріп, жетім курсанттардың әлеуметтік төлемін өтеп беруді қарастыру енгізілгені жайлы сүйінші хабар жетеді.
Өкінішке қарай, сол сүйіншіленген хабардың соңы қазір қайта сиырқұйымшақтанып кеткен. Мәселенің не себепті шешілмей жатқаны туралы хат министрдің қолына жетпей келе ме, жауап тек орынбасарларының құрғақ уәдесімен қайтады екен. Ал уәде еткендей, елдегі ІІМ оқу орындарында оқитын жетім балаларға әлеуметтік көмек толық көрсетілмеген. Себебі осы уақытқа дейін министрліктің 4 академиясында білім алған 31 түлекке 1 жылдық өтемақысы ғана қайтарылған. Себеп – бюджеттен ақшалай қаражат бөлінбеген.
Запастағы полиция полковнигі Елеужан Серімов те сала басшыларының салғырттығы Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалардың арман-тілегін аяқасты етіп отырғанын жеткізді. «Әскери қызметкер Отанға адал болуға ант берген соң, әрбір адамның құқығы мен бостандығының қорғалуына мүдделі болу керек. Өкінішке қарай, біздегі басшылардың бекітілген бұйрыққа бүлк етпеуінің өзі құқық қорғау саласының қадағалаусыз қалғанын көрсетпей ме? Әйтпесе, есі дұрыс елдің Ішкі істер министрі бес жыл бойы көтеріліп келе жатқан жетімдердің жайын осы уақытта бюджеттің жыл сайынғы жоспарына енгізіп, жетімдердің көз жасын құрғататын уақыт болды», – дейді ол.
Әлеуетті құрылымдарға тиесілі оқу орындарында ата-ана қамқорлығынсыз қалған Татьяна секілді білім алушылар аз емес. Дана қазақ «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» деп әлсіздерге сүйеу, жетім-жесірге қамқор бола білген. Өкініштісі, Құдайдың аманатына қиянат жасаудың күнә екенін білетін құзырлы органның басшылары жетімді жылатып, ақысын жеуден де арланбайтынына қайран қаласың.