Жаңақорғанның жолдары жұтап тұр
Жаңақорғанның жолдары жұтап тұр
1,024
оқылды
Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданында жол сапасы сын көтермей тұр. Шаңды топырақты кешіп жүрген аудан халқы кімге шағымданарын білмей дал. Бүгінде Жаңақорған ауданы облыстағы аграрлы саласымен қатар өндірісі өркен жайған өңір саналады. Емдік шипасы мол шипажайымен де аты шыққан аудан дүйім жұртқа жақсы таныс. Алайда әлі күнге халқының саны жағы­нан облыста алдыңғы қатардағы ауданның жол мәселесі шешімін таппай келеді. Жергілікті жұртшылық осылай деп мұңын шағып отыр. Тұрғылықты халықтың уәжіне құлақ түрсек, бүгінде аудан орталығындағы соғыс ардагерлері және еңбек адамдарына есімін берген көшелердің жағдайы мүшкіл тартып тұр. Тас төселмеген қара жердің шаңы көте­ріліп, жауын жауса майлы балшыққа айна­лады. Сазды топырақ иленіп, жүру мүмкін болмай қалады. Оның үстіне, шаң-тозаңнан демалу да қиындық туғызады екен.
«Негізінен, аудандағы көптеген көше­лерге осы өңірге еңбегі сіңген азаматтар, соғыс ардагерлерінің есімдерін беру жұмысы жүйелі жүргізіліп жатыр. Соның ішінде соғыстан оралмай, хабар-ошарсыз кеткен тұлғалар да бар. Бәрі де жергілікті азаматтар. Бұл игі бастама халық тарапынан да зор қолдау тапты. Осы орайда сол кездері жа­ңаша атауға ие бол­ған 20 шақты көшенің жолын жөндеу жайы да сөз болды. Алайда осы күнге дейін аталған жұмыстар жүзеге асырылмай отыр. Сол кез­дері уәде берген аудан әкімі мен кент әкімі бү­гінде басқа қызметке ауысып кетті. Ал жа­ңа­дан келген әкімдер бұған бас ауыртып отыр­маған сияқты. Ақыр соңында қара халық өрке­ниет көшінен қалып, жол азабын тартып жүр», – деп ашынады кент тұрғыны Ләззат Мырзалиева.
Осы мәселеге байланысты құзырлы орын­дарға сан мәрте шағымданғанымен еш нәтиже шықпаған. Үш жылдан бері жолдың жайы көтерілгенімен сең қозғалар түрі жоқ. Кент тұрғыны ең болмаса шаңы көтерілген көшеге уақытша тас төсеп берсе деген уәжін жеткізді.
«Жолымыздың мүшкіл халде тұрғанына көп болды. Әкімдік бұл жағдайдан хабардар. Осыған байланысты жол саламыз дегеніне жылдан асып барады. Бірақ еш нәтиже жоқ. Көшемізде жүріп-тұруымыз қиындап кетті. Балалар тұрмақ, ересек адамдардың өзіне қиын. Жауын жауса, тіпті азапқа түсеміз. Құзырлы орындар тарапынан көшемізге көңіл бөлінсе екен», – дейді тағы бір кент тұрғыны Әтіркүл Тілеубергенова.
Қазір Жаңақорған ауданы аума­­ғын­да автомобиль жолдарының жалпы ұзын­дығы 451 шақырымды құрайды. Оның 101 ша­қырымы республикалық, 157,9 шақырымы облыстық және 192,1 шақырымы аудандық маңыздағы автомобиль жолдары санатында екен. Со­нымен қатар 26 кент және 474 ауыл­дық округ көшелерінің ұзындығы – 574,4 шақырым.
«Жалпы, аудан аумағында жол сапасын жақсарту мақсатында жоспарлы жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілуде. Алдағы уақытта атқарылар жұмыстардың да ауқымы кең. Бұл тұрғыда 2014 жылы орташа жөндеу жүргізіл­ген «Самара-Шымкент-Екпінді» автомобиль жолының 4-6 шақырымы мен 2015 жылы ор­таша жөндеу жүргізілген «Әбдіғаппар-Төле­гетай-Хорасан ата» автомобиль жолы­ның 9-12 шақырымы орташа жөндеуді талап етеді. Со­ған орай бүгінде аталған жолдарды орташа жөндеуге жоба-сметалық құжатта­масын әзір­леуге және ведомствалық сарапта­мадан өткі­зуге 4 792,1 мың теңге қаржы сұ­ралып отыр. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламасы бойынша 2023 жылы елді ме­кендердің жалпы ұзындығы 64,15 шақырым 54 көшесін орташа жөндеу жоспарланып отыр. Осы мақсатта Қы­зылорда облыстық Жо­лаушылар көлігі және автомобиль жол­дары басқармасына 1 598 197,9 мың теңге қаржыға бюджеттік өтінім ұсы­нылды. Тиісті қаржы көздері шешімін тап­са, межеленген жұмыстар қолға алынатын бо­­лады. Ал кент көшелеріне қатысты жұмыс­тарды кент әкім­дігінен біле аласыздар», – деп мәлімдеді Жа­ңақорған аудандық тұрғын үй, комму­нал­дық шаруашылығы, жолаушылар кө­лігі және автомобиль жолдары бөлімі өкілдері.
Аталмыш мәселеге орай кент әкімдігіне де хабарласып, мәселенің мән-жайына қанық болдық.
«Жанақорған кенті орталығындағы З.Мыр­залиев көшесіне тас төсеу жұмыстарына жоба-сметалық құжаты дайындалып, бюд­жеттік өтінім ұсынылған. Соған орай бюд­жеттен колдау тауып, каржы бөлінген жағдай­да тас төсеу жұмыстары жүргізіледі деп күті­луде. Сондай-ақ Шонабаев көшесін жөндеуге байланысты зерделеу жұмыстары жүргізіліп, қажеттілікке байланысты жоба-сметалық құжат жасауға тиісті шаралар қабылданатын болады», – деп мәлімдеді кент әкімдігінің бас маманы Бақытжан Мұзафаров.
Қалай болғанда да, «Жолдың жайын жүр­ген біледі» демекші, жол азабын тартқан жаңақорғандық жамағат көріксіз көшелер мен сүреңсіз жолдардың сапасына көңіл бөлінсе дейді. Көптің талабы ескерусіз қалмайды деп үміттенеміз. Осы орайда әкімдердің жұмысы жол сапасымен бағаланатынын да қаперге салғымыз келеді.