Атырау ауруханаларында екі жүкті әйел өлімінің себебі айтылды
Атырау ауруханаларында екі жүкті әйел өлімінің себебі айтылды
1,648
оқылды
Атырау ауруханаларында бір күнде көз жұмған екі жүкті әйел өлімінің себебі айтылды, деп жазады Inform.kz. Екі жүкті әйелдің өлімі 12 қазанда тіркелген. Екеуі де – Мақат ауданының тұрғындары. Оның бірі облыстық ауруханада, екіншісі Мақат аудандық орталық ауруханасында көз жұмған. Облыстық ауруханасында қайтыс болған 33 жастағы әйел жүктіліктің 17-аптасында болған. Бұл оның үшінші жүктілігі екен. Ол Мақат аудандық орталық ауруханасында бақылауға алынған. Биылғы мамыр айынан менингиома диагнозы қойылып, невропатологтің есебінде тұрған. Оның ауруы бір жыл бұрын басталған. Мамыр айында МРТ тексеруінен өткен. Соңғы аптада бас ауруы үдеп, жүрек айнуы жиілеген. Өткен жексенбіде, 9 қазанда Атырау облыстық ауруханасының нейрохирургиялық бөлімшесіне ми қабығының үстіндегі мидың қатерсіз ісігі диагнозымен түскен. Оны ауруханаға қабылдау кезінде бас ауруы, айналуы, жүрек айнуы, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, көру қабілетінің нашарлауы, жалпы әлсіздік туралы шағым айтқан», -деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. Ауруханада жүкті әйелге зертханалық-диагностикалық және аспаптық зерттеулер жүргізіліп, мамандардың кеңесі берілген. Тиісті емдеу тағайындалған. «Екі күннен кейін, 11 қазанда жағдайдың нашарлауына байланысты науқас қарқынды терапия бөліміне ауыстырылды. Механикалық желдету аппаратына қосылды. Алайда, дәрігерлердің емдеу шараларына қарамастан, науқас 12 қазанда қайтыс болды. Алдын ала сепсис, септицемия, сол жақ жоғарғы пневмониясы, мидың маңдай-париетальды бөлігінде көлемді ісіктің түзілуі, көп органның жеткіліксіздігі, септикалық күйзеліс диагнозы қойылды», -деп нақтылады баспасөз қызметі. Екінші жүкті әйелдің жүрегі Мақат аудандық орталық ауруханасында тоқтаған. «Аудандық аурухананың қабылдау бөлмесіне жүктіліктің 32-аптасында пневмония диагнозы қойылған 34 жастағы әйел шұғыл түрде жеткізілді. Ол да үшінші баласына жүкті болған. Жүкті әйел дереу механикалық желдету аппаратына қосылды. Бірнеше сағат ішінде оның жүрегі үш рет тоқтады. Дәрігерлер оның жүрек соғуын қалпына келтірді. Алайда, барлық реанимациялық шараға қарамастан, науқас кешкі мезгілде қайтыс болды. Науқасқа вирустық-бактериялық генезис сепсисі, септикалық күйзеліс, оң жақ төменгі пневмониясы, реактивті гепатит, бауыр мен бүйрек жеткіліксіздігі, ұрықтың антенатальды өлімі диагнозы қойылды», -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен. Жүкті әйелдер өлімінің түпкілікті себептер қызметтік тексеру, паталогоанатомиялық зерттеу нәтижелерінен кейін нақтыланады. Инфекцияның қоздырғышын анықтау үшін вирусологиялық және бактериологиялық зерттеулерге сынамалар алынған. Мақат ауданындағы эпидемиологиялық жағдайды зерттеу қажеттігі туындап отыр.