Парламент Сенатының бюросы 2022 жылғы 20 қазанда өтетін палата отырысының күн тәртібін бекітті.
Алдағы бейсенбіде сенаторлар «Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Каспий теңізіндегі Қазақстан – Түрікменстан мемлекеттік шекарасын межелеу және балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлу туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын қарайды.
Құжатты ратификациялау жер қойнауын пайдалануға және су биологиялық ресурстарын аулауға егеменді құқықтарды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар туғызады. Сондай-ақ екі елдің мемлекеттік шекарасындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар депутаттар Сенат отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Ресей Федерациясының азаматтары болып табылатын Еуразиялық экономикалық комиссияның және Еуразиялық экономикалық одақ сотының лауазымды адамдары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарайды.
Хаттаманың күшіне енуі аталған тұлғаларға Ресей Федерациясында еңбек еткен жылдары үшін зейнетақы алуға құқығы бар азаматтардың басқа санаттарымен қатар, ЕАЭО комиссиясы мен сотында еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде алған зейнетақы құқықтарын іске асыруды және қорғауды қамтамасыз етеді.
Одан бөлек, бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.