«Бала – бауыр етің» дейді қазақ. Дегенмен әлеуметтік желі арқылы тараған бейнероликтен қызына зәбір көрсеткен ананың әрекетін көргендер жағасын ұстады. Бұл мәселе қазір «AMANAT» партиясының Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің назарында. Кеңес төрағасы, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Динара Закиева елорда әкімдігінің Білім басқармасымен және психологиялық қолдау қызметімен байланыс орнатылғанын айтты. Әкімдіктің салаға жауапты құрылымдарымен, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия мүшелері баланың ата-анасымен кездесу де өткізіпті.
«Қыздың өзі мен анасына психолог көмек көрсетіп жатыр. Медициналық тексеру жүргізілді. Бейнежазбаға сараптама жүргізіледі. Біз бұл мәселе бойынша байланыста боламыз.
Өкінішке қарай, балаларға қарсы қылмыстың 70 пайызы отбасында болады. Күн сайын балаларға қарсы 6 қылмыс жасалады. Өткен жылы 12 айда 2 088 дерек тіркелген. Және бұл тек тіркелгені ғана. Жабық есіктің арғы жағында қалып кеткен қанша оқиға бар?», – дейді Динара Закиева.
Мәжіліс депутаты әлеуметтік желідегі парақшадағы жазбасында зорлық-зомбылықтың құрбаны болған бүлдіршіндердің қилы тағдырынан мысал келтірген. Ол отбасындағы балаға көмектесу үшін ата-аналарға да психологиялық көмек ұйымдастыру керек екенін еске салады.
– «111» қызметіне ата-аналардың балаларына қатыгездікпен қарауы бойынша қоңыраулар жиі түседі. Барлық жағдайда біз ата-аналарға қосымша психологиялық көмек көрсетеміз. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия ата-аналарға емдеу курсынан өтуге кеңес береді. Мен осындай жағдайға тап болған жандарға психологтің көмегі қажет болса, «111» нөміріне қоңырау шалуды ұсынамын. Қоңырау шалу тегін және құпия, – деді депутат.