Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған қазақстандықтарға 327 млрд теңге жәрдемақы төлеген. Бұл – биыл тоғыз ай мерзімде есептелген көрсеткіш.
Мәселен, қыркүйек айында мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 28,8 млрд теңге, асыраушысынан айырылғандарға 7,2 млрд теңге бөлінді.
Жалпы, елімізде 534,6 мың адам мүгедектік, ал 156 мың адам асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады. Ал жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, қайтыс болған асыраушының асырауындағы адам санына, сондай-ақ «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты бекітіледі.
Мүгедектік бойынша орташа 53 802 теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 46 328 теңге жәрдемақы төленеді.