Қазақстан – халықаралық шекарасын заңды түрде толықтай рәсімдеп алған посткеңестік кеңістіктегі жалғыз мемлекет. Делимитациялау ісін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бастап, тек 2014 жылы ғана түгел аяқтап болдық. Сөз жоқ, бұл – тарихи маңызы зор үлкен жетістік. Әйтсе де, көрші елдермен ортамызда әлі де болса шекара сызығы нақтыланбаған, мемлекеттік белгі қойылмаған тұстар бар.
Шекараның тұрақтылығы жөніндегі мәселе жақында Астанада өткен Орталық Азия және Ресей саммитінде де көтерілді. Жиында Мемлекет басшысы елдер арасында шекара дауы ушыққанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл проблеманы тек бейбіт жолмен шешу керек екенін жеткізді.
– Тұрақсыздыққа алып келетін бір фактор – өңірдегі жекелеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуі. Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының іргелі қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуі тиіс, – деген еді Мемлекет басшысы.
Стокгольмнің бейбітшілік мәселелерін зерттеу институтының дерегіне сүйенсек, бүгінде әлемде мемлекеттер арасындағы құрлықтық шекараның 25 пайызы бекітілмеген. Бұл жағдай көршілердің жанжалдасуға, тіпті қарулы қақтығыстарға ұрындырады. Соңғы кездері мемлекеттер арасындағы соғыстың 15 пайызы шекара шатағынан туындаған. Мұның мысалын Үндістан-Қытай, Ресей-Жапония, Алжир-Марокко, Ауған-Пәкістан, Үнді-Бангладеш арасындағы ұзақ жылға созылған кикілжіңді айтпағанда, жақын көршілеріміз қырғыз-тәжік, өзбек-қырғыз, әзербайжан-армян, Приднестровье оқиғасынан көруге болады.
Жер дауы өршіп тұр
КСРО ыдырағанда, одан бөлініп шыққан тәуелсіз республикалардың шекарасы 1991 жылға дейін белгіленген аумақтық-әкімшілік бөлініс бойынша сызылды. Қазақстан шекарасы азаттықты аңсаған Алаш арыстарының 1920 жылы 26 тамызда жанқиярлықпен бекіттірген Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөніндегі декрет негізінде жасалды. Сол кезде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі» деуі аталған құжаттың қаншалықты үлкен талас-тартыспен қабылданғанын ұқтырса керек.
Әлбетте, тоқырау заманында жалпы аумағы 13 400 шақырымға созылған, бес мемлекетпен шектесетін шекараны шегендеу бізге оңайға түскен жоқ. Бес мемлекет – бес мәселе. Себебі Кремль кезінде кеңестік республикалардың аумақтарын өз білгенінше кесіп-пішті, шаруашылық сипатына қарай бір ұлттық аймақтың жерін екіншісіне ойланбай бере салды. Соның кесірінен қазақтың қаншама жері көршілерге өтіп кеткені өз алдына (ол басқа тақырып), бұл КСРО-дан бөлініп шыққан жас мемлекеттердің ең үлкен бас ауруына айналды. Қазір басқасын айтпағанда, ТМД аумағында шекара дауы шарпымаған ел кемде-кем. Бұрынғы одақтас республикалардың арасындағы әкімшілік шекаралардың бәріне ортақ кемшілік – кейбір учаскелердегі шекара сызығы қолда бар құқықтық актілердің ережелеріне сәйкес келмеуі. Мұндай жағдайларда тараптар ұлттық және экономикалық мүдделерді ескере отырып, өзара тиімді шешімдер қабылдады, аумақтарды теңдей бөлісті немесе алмасып отырды.
Қазақстан өзімен шектесетін елдермен шекараны халықаралық-құқықтық ресімдеуде байыпты саясат ұстанды. Мәселен, ұзындығы 1 783 шақырымға созылған Қытаймен арадағы аумақты делимитациялау туралы келіссөз 1992-1998 жылдар аралығында қолға алынып, демаркация толығымен 2002 жылы аяқталды. Соның нәтижесінде Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының өту сызығы мен оның шекаралық белгіленуін егжей-тегжейлі сипаттайтын халықаралық шарттар жасалды. Тіпті, кезінде Кеңес Одағы мен Қытайды қарулы қақтығысқа дейін апарған даулы аймақтың мәселесін ың-шыңсыз шешіп алды. Ал Қытай секілді алыппен келіссөз оңай болмасы белгілі. Бұл жерде Жұңго мемлекетінің 15 елмен көрші жатқанын, оның ішінде тек Қазақстанмен ғана шекараны жүз пайыз бекіттіргенін айта кеткен жөн.
Сондай-ақ, Ресеймен арадағы 7548 шақырымға созылып жатқан шекараны делимитациялау да үлкен табандылықтың арқасында келді. Екі елдің шекараны нақтылау үрдісі 1999 жылдың қыркүйегінен 2005 жылдың қаңтарына дейін жалғасты. Нәтижесінде, Мәскеу қаласында Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа екі елдің президенттері қол қойды. Қазақстан-Өзбекстан арасындағы 2 351 шақырым шекараны делимитациялау 2000-2002 жылдар аралығында өтсе, Қазақстан-Түрікменстан арасын жалғап тұрған 458,3 шақырым бойынша келіссөздер 2000-2001 жылдары жүргізілді. 1 257 шақырым қазақ-қырғыз шекарасын делимитациялау 1999-2001 жыл аралығында бекітілді.
Өңірлік дамуға кедергі
Көрші елдермен шекарамыз бұрыннан анықталып, бекітілгеніне қарамастан, демаркациялау үдерісі әлі де аяқталған жоқ. Оның кесірі шекаралас аудандарда тұратын тұрғындарға тиіп отыр. Сондай келеңсіздік жазда қазақ-қырғыз арасында наразылық-
тың тұтануына себепкер болды.
– Алматы облысы Кеген ауданымен шекаралас аумақта қырғыз тарапынан шекара шебі белгіленбеген және қандай да бір инженерлік бөгеттері жоқ. Қазақстан тарапынан шекара сызығына тікелей жанасатын бірінші шептің инженерлік бөгеттері жоқ. Тек екінші шебі жол жиегіне параллель орнатылған, бөгеттермен белгіленген. Осылайша, бірінші және екінші шептердің арасындағы 4 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы жерлерін және 15 мың гектардан астам орман шаруашылығы жерлерін Кеген ауданының шаруа қожалықтары өз мақсаттары бойынша пайдалана алмай отыр. Соның салдарынан, бүгінгі күні бұл жерлерді Қырғыз Республикасы азаматтары пайдалануда (шөп шабу, мал жаю), өйткені көрші тарапта қандай да бір бөгеттер жоқ, – дейді Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов.
Оның айтуынша, шекаралық белгілерді қорғауға, оларды жаңартып-жөндеуге екі ел бірдей жауапты. Бірақ қырғыз жағы белгілерді орнатуға асығар емес. Сонымен қатар Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өту, қолданыстағы өткізу пункттерін айналып өту фактілері жиілеген. Одан бөлек, шекаралық бөліністерге инженерлік құрылыстар мен шлагбаум жеткіліксіз.
– Мемлекеттік шекараның бүкіл сызығы бойынша қажетті инженерлік-техникалық құралдарды, құрылысжайлар мен бөгеуіштерді орнату қажет. Шекара маңы аудандары азаматтарының заңда белгіленген шеңберде шекара аймағы мен шекара белдеуі шегінде орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін пайдалану құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету қажет, – деп санайды сенатор.
Айта кетейік, шекаралық аймақтарға қатысты мұндай дау-дамай Ресеймен де, Өзбекстанмен де ара-тұра көрініс тауып жатады. Бұл көрші мемлекеттердің өңіраралық қарым-қатынастарын дамытуға көп залал келтіреді. Оның бәрі бір кездері Кеңес үкіметінің ұлттық шекараларды бөлгенде географиялық және этникалық факторларды ескермеуінен болып отырғанын ескерте кеткен жөн. Яғни, бұл КСРО-дан қалған, әлі жазылмай келе жатқан «ескі жара». Әлі күнге көрші елдердің татулығына сызат түсіріп тұр. Мұндай жағдайда өңірлік қауіпсіздік, сауда-экономикалық даму, әдеби-мәдени байланыстар туралы сөз айтуға ерте. Сондықтан Орталық Азия елдерінің ескі «өкпені» ұмытып, өзара бәтуаласатын күні жетті.