Азамат – 17 жаста, ол мектеп қабырғасында жүріп шылым шегуді бастаған. Темекінің себебінен өкпесі сыр бере бастаған бозбала вейпке көшкелі денсаулығы жақсарғанын айтады. «8-сынып оқып жүргенде темекі шегетін досым ұсынды, қызық көріп, бастаған едім, былтырға дейін әуес болдым. Бірде лифт істемей қалып, 4-қабаттағы үйіме жаяу көтерілуге тура келді, сонда ентігіп, жүрегім қысып, үш-төрт рет аялдап, пәтерге зорға жеттім. Дәрігер «темекіні қою керек» деді. Сол уақыттан бері біртіндеп электронды шылымға көштім. Бастапқыда екеуін алмастырып жүргем, соңғы алты айда тек вейп тартамын. Қазір алқынбаймын, денсаулығым жақсы. Тіпті, ара-тұра турникке тартылып, спортпен айналысып жүрмін. Өйткені, вейптің ағзаға зияны жоқ. Астанада вейп дүкендер көп, онда вейптің түр-түрін таңдап алуға болады. Айына шамамен 15 мың теңге жұмсаймын. Темекіден арзан», – дейді ол.21 жастағы Аяла есімді бойжеткен колледжде жүріп темекі тартып үйренген. Ол да вейптің зиянсыз екеніне кәміл сенеді: «Достарымның арасында шылым шекпейтін адам кемде-кем еді. Сол қатарға мен де қосылдым. Көп ұзамай әкем сезіп қойып, сазайымды берді. Бір айдай темекіге жоламай жүрдім де, содан соң шыдамай қайта әуеніме бастым. Тағы бірнеше рет әкеме ұсталып, ұрыс естідім. Бірақ темекіні тастай алмадым. Жастар арасында вейп тарай бастағанда ата-анама барып, осындай зиянсыз балама бар екенін айттым. Әкем басында қарсы болғанымен, кейін келісті. Вейп дүкенге бірге барып, сол жердегі сатушылардан кеңес алып, өзі сатып алып берді. Вейптің құрамында никотин, табак жоқ. Ол темекі сияқты тұтанбайды, жанбайды. Түрлі тәтті дәмдеуіштерге толы қайнаған бу ғана».
Руфат – 16 жаста, 1,5 жылдан бері вейппен дос. Сыныптасының туған күніне барып, досының вейпін тартып көрген. «Досымның туған күнінде бәріміз Арафат әкелген құрылғының қызығын көрдік. Дәмі күшті болды, тәтті сағыз шайнаған сияқты боласың. Сұрастырып білсем, бағасы 3-4 мың теңге тұрады екен. Содан соң өзіме де сатып алдым. Қалтамда жүрсе, тартамын. Кейде достарым алып кетеді. Айына 2-3 вейп сатып аламын. Түріне, дәміне қарай 8-10 мың теңге жұмсаймын. Ата-анама көрсетпеймін, мектепте кей мұғалімдер ұрысатын, ал кейбірі үндемейтін. Вейптің жағымсыз иісі, дәмі жоқ. Сондықтан зиянсыз деп ойлаймын», – дейді Руфат.Вейп мәдениетке бет бұрамыз ба?
Өкінішке қарай, вейп шегетін жастар мұның зиянсыз екеніне бек сенімді. Соңғы онжылдықта салауатты өмір салтын насихат қылатын ұйымдар зиянды әдеттерді жоюдың әдісі ретінде зияны төмен балама ұсынуды құп көреді. Яғни, ғалымдар белгілі бір әдеттен бірден бас тарту адам психологиясына ауыр, сондықтан орнына зияны әлдеқайда төмен балама ұсыну ұтымды деп санайды. Мәселен, темекіге зияны төмен балама ретінде нарыққа түтінсіз девайстар шықты. Алайда мұндай құрылғылардың адам ағзасына қауіпсіз екенін растайтын, яки дәлелдейтін ғылыми мәлімет жоқтың қасы. Бүгінде тұтанбайтын, жанбайтын балама құралдардың никотинді, зиянды заттарды бөлу ықтималы төмен екенін ғылым дәлелдеді. Дамыған мемлекеттердің денсаулық сақтау жүйесі түтінсіз құралдардың темекіге қарағанда зияны төмен екенін мойындады. Мәселен, Жапонияда электронды шылымдар сатылымға шыққаннан бастап 4 жылдың ішінде темекі сатылымы 34% азайған. Ұлыбританияның денсаулық сақтау жүйесі де темекіге тәуелді азаматтарға электронды шылым ұсынады. Бұл елдегі қоғамдық ұйымдар «темекіге балама құралдарды дәрігерлер рецептпен босатсын» деген бастама көтерген.«Астана Vape» вейп дүкенінің сатушысы Андрей Костюк те вейп – темекіге зиянсыз балама деп санайды.
«Электронды шылым су қайнатқыш сияқты жұмыс істейді: батареядан электр қуатын беріп, шиыршықты қыздырады, ал құрамы тағамдық хош иістендіргіштерден тұратын сұйықтық буға айналады. Сондықтан оның адам ағзасына зияны жоқ. Бүгінде мектеп оқушысының ашықтан-ашық вейп шегетініне наразы жұрт көп, алайда жастардың басым көпшілігі мектеп жасынан тығылып темекі шегетінін бірі білсе, енді бірі білмейді. Вейп-мәдениет елімізде соңғы үш жылда қалыптаса бастады. Мәдениет дейтін себебім, вейпинг – тек электронды шылым шегу емес, оның түрін, дәмін ажырату, темекіге тәуелді жастарды вейпке үгіттеу және тағы басқа. Еуропа, тіпті ТМД елдерінде бұл құбылыс бұрыннан бар. АҚШ немесе Еуропа мемлекеттерінде екі аттасаң, вейп дүкендерді табасың. Бұл орындарға кез келген адам келіп, вейп, оның түрлері мен дәмі туралы ақпарат ала алады. Өйткені вейпинг темекіге зиянсыз балама ретінде кең насихат алған. Қазақстанда да осы үрдісті қалыптастырғымыз келеді, яғни вейпингті салауатты өмір салтын ұстанатын адамдарды біріктіретін жеке-дара субмәдениет ретінде дамытуды көздейміз. Бүгінде вейпингке арналған интернет қауымдастықтардың қатары көбейді. Олар нарыққа жаңадан шыққан вейп құрылғыларды талдайды, мод, атомайзер, намотканың не екенін түсіндіреді. Сондай-ақ темекіге тәуелді жастарды вейп тартуға үгіттейтін сайттар бар», – дейді сатушы.Десе де, нарықтағы тұтанбайтын жабдықтың барлығын зиянсыз дей алмаймыз. Электронды құралдардың адам ағзасына қауіпті, тіпті темекіден де зиянды болуы мүмкін екенін айтатын зерттеулер бар. Өйткені нарықта түрлі-түрлі электронды темекілер бар және олардың құрамы әртүрлі. Оның барлығын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Мәселен, АҚШ-та Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы (FDA) темекі және оның таралуын бақылау стандарттары туралы келісім шеңберінде электронды темекілердің сатылуына рұқсат береді. Сәйкесінше, тек сертификаты бар түтінсіз құралдар нарыққа шығады. Дәрігер Айгерім Омаршанова да темекіге балама түтінсіз құралдардың құрамы белгісіз болғандықтан, оның зиянын жоққа шығаруға болмайтынын айтады.
«Темекі құрамындағы тұншықтырғыш газ, канцерогенді шайыр сияқты 6 мыңнан астам химиялық зат адам ағзасына зиян. Ал шылымға балама құрылғылар жанбайтын болғандықтан, оның темекінің өзіне қарағанда зияны төмен. Әйтсе де, құрамында никотині бар электронды шылымдар бәрібір тәуелді етеді әрі ағзаға қауіпті. Неміс ғалымдары құрамында никотині бар электронды темекі шегетіндердің липоидті пневмониямен жиі ауыратынын дәлелдеген. Вейптің дәмі мен хош иісін шығару үшін пайдаланылатын түрлі қоспада май компоненттері болады, ол үнемі өкпеге түсе берсе, пневмонияны асқындырады. Сондықтан ағзаны зиянды заттардан қорғау үшін темекі атаулыдан бас тарту керек. Себебі шылым зиян, ал оған балама тұтанбайтын құралдардың құрамы белгісіз», – дейді дәрігер.
ТҮЙІН: Сатушы Андрей вейп-құралдарды Қытайдан тапсырыспен алады (өндіруші ел Қытай деп көрсетілгенімен, кейде олардың нақты мекен жайы немесе сайты болмай жатады) Мұндағы вейптердің көбінің құрамында хош иісті қоспа, глицерин, Е 1520 – пропиленгликоль бар, кей түріне никотин қосылған. Андрей де, еліміздегі құзырлы орындарда мұндағы электронды жабдықтардың құрамын арнайы тексеріп, ондағы мәліметтің рас-өтірігін зерттеп жатқан жоқ. Өйткені тиісті стандарттау және сертификаттау тетігі жүйеленбеген, жөнге қойылмаған. Сәйкесінше, вейпер жастар вейптің дәмін тәтті сағызға балап, ал сатушылар субмәдениет қалыптастырамын деп мәз.