Алматы облысының Қонаев қаласынан 300-400 шақырым қашықта орналасқан Райымбек, Кеген ауданы тұрғындары биыл да қатты отыннан қиналатын сияқты. Қос ауданға ортақ өңірде орналасқан «Ойқарағай» көмір кенішіне үміт артқандар көмірдің қымбат болып тұрғанын айтады. Райымбек ауданындағы кеніштен қазылатын қатты отынның құны жергілікті тұрғындарға жеткенше екі есеге өсіп кететін көрінеді. Өткен жылдары күздің соңғы айлары мен қыстың басында сол кездегі Алматы облысында көмір жетіспеушілігіне байланысты жағдай тым күрделеніп, Алматы қаласы маңындағы аудандар мен Талдықорғанның теміржол тұйықтарында отын базасындағы кезек бірнеше шақырымға созылатын. Алыс ауылдардан келген жүк көліктері кезектің жетуін, отын қоймаларына көмірдің түсуін апталап сарғая күткенін, кезек үшін кішігірім қақтығыстардың тіркелгеніне тұрғындар куә. Биыл облыстың екіге бөлінуіне байланысты қатты отынмен қамтамасыз ету күрделеніп кете ме деген едік. Әзірге жағдай былтырға қарағанда тәуірлеу. Алматы облысындағылар тұрғындар мен бюджеттік мекемелер қыста қалтырап, қатты және сұйық отын іздеп тентіреп кетпеуін басты назарда ұстап, тұрақты қадағалауға алған. Алматы облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Данияр Нұрманов бюджеттік мекемелерге қатты және сұйық отын тасымалдау жұмыстары биыл шілде айында басталғанын айтады. Мекемелерге барлығы 15,9 миллион литр сұйық отын жеткізу жоспарланса, бүгінде соның 47 пайызы жеткізілген. Сонымен бірге 6 мың тонна қатты отынның 57 пайызы әкелінген. Жылыту маусымы басталғанға дейін елді мекендердегі жеке сектор тұрғындары 761 мың тонна көмірмен қамтамасыз етілуі тиіс. Осыған байланысты қазір аймақтағы тұйықтарға 223 мың тонна қатты отын жеткізілген. Тұйықтарға тәулігіне 37 вагон көмір түсіріліп жатыр. Бірақ «жағдай керемет, дайындық ойдағыдай» деп айтуға келмейді. Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле аудандары мен Қонаев қаласындағы тұрғындарды қатты отын-мен қамтамасыз ету деңгейі төмен. Мұндай кемшіліктер денсаулық сақтау саласы нысандарында да кездеседі. Осы саладағы жылыту қазандықтарын сұйық және қатты отынмен қамтамасыз етуде де сылбырлық бар. Газдандыру да мәз емес. Аудан, қала әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, қоймалар мен тұйықтардағы көмірдің орташа бағасы тоннасына13 мың мен 17 мың теңге аралығында. Ал «Ойқарағай» кенішінен Кеген және Райымбек ауданының елді мекендеріне 14-15 мың теңгеден жеткізуде-мыс... Алайда облыстағы ең шалғай әрі қысы қатал аймақ – Райымбек ауданында тұратындар «Ойқарағай» кеніші өздерінде орналасқанымен, қазірдің өзінде көмірдің 1 тоннасының бағасы 16 мың теңгеден асып кеткенін, күн суыған сайын қымбаттай беретінін айтады. Қатты отынның жеткізілгендегі құны аудан орталығынан 70 шақырымда ғана орналасқан кеніштің басында босатылатын қатты отынның бағасынан екі есеге көп. Соған сай екі ортада тағы да делдалдар пайда болып, қарапайым жұртты тонап жатқаны анық. Ауданның атқамінерлері жергілікті жерден шығатын көмірді кеніштің бағасымен алғандардың отынын жеңілдікпен жеткізіп беруді ұйымдастырса болар еді. Бірақ соны ойлайтын, ұйымдастыратын жан болмай тұрғандай. Былтыр қыста жергілікті көмірдің бағасы тоннасына 18 мың теңгеге жеткен. Қыс қатты болғанда үйді жылы ұстау үшін 10 тонна отын жағатын отбасылар былтыр 180 мың теңгені тек қана көмірге төлеген. Шалғай ауылдағы көпбалалы шаңырақтар үшін бұл қаржы тым қомақты екені даусыз. Бала-шағаны әрең асырап отырғандардың жанайқайын түсінуге тырысқан жөн.
«Көмір жыл сайын қымбаттайды. Былтыр қыс суық болды. Жеті баланың аузынан жырып, 180 мың теңгеге 10 тонна көмір алдық. Қарызға баттық. Отынды алыстан, басқа облыстан тасып жатса бір сәрі. Өз ауданымыздан әкеледі ғой... » – дейді аудан тұрғыны Нұрбибі Қадырбек.Көмір өндіруші компанияның директоры Ләззат Ботабекованың айтуынша, кеніште шығарылатын көмір Райымбек пен Кеген аудандарына сатылады, аздап Алматы қаласына жеткізіледі. Кәсіпорын сұранысқа қарай жұмыс істейді. Көмірдің босатылу бағасы – 8,5 мың теңге. Қазір баға 2023 жылғы көктемге дейін сақталады. Министрлікпен және монополияға қарсы комитетпен келісіліп, бекітілген. Сатып алушыларға отынды өткізіп беру бағасын белгілеу тасымалдаушылардың қолында. Олар көмірді тұрғындарға жеткізу барысында жолға кететін шығынды жабу үшін осындай қадамға барып отырғанын айтып ақталады. Ал тұрғындар болса, «көмірдің кеніштен босатылуының бағасы 4 мың теңгеден аспауы керек. Мұнда отынды шахтадан қазбайды, ашық әдіспен алады. Сонымен бірге 1000 шақырымдағы Қарағандыдан емес, ары кеткенде 80 шақырымнан тасып отыр. Бағадағы әділетсіздік бақырайып көрініп тұр» деп өз уәждерін көлденең тартады. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің хабарлауынша, бұл жол ауданның балансында емес. Елді мекендер арқылы өтетін жолды фермерлер, шекарашылар мен көмір тасушылар ғана пайдаланады. Жолдың сапасы өте нашар екені рас. Қазіргі кезде оны ауданның балансына алуға қажетті құжаттар дайындалып жатыр. Содан кейін барып, жөндеуге болады.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы