Төрт баланың көз жасы
Төрт баланың көз жасы
© коллаж: Елдар Қаба
12,170
оқылды
«Сәке, мені қинады ғой. Үстімнен басты ғой»... Бұл Гүлданам екеуміздің соң­ғы сөйлесуіміз, оның ме­німен қоштасуы екенін қай­дан білейін... Ең бол­маса, бө­песін мейірі қа­нып иіскей алмай кетті ғой... Қай­тейін...» деді Са­малбек Бегалиев. Небәрі 38-ге қараған шағында ота үстінде өмірден өткен Гүлдана Хина­тулланың артында төрт ба­ласы мен жол­дасы қалды. Тұтас ша­ңырақты теңселтіп кеткен қай­ғылы оқиға қаңтардың 18-і күні болған. Гүлдананың артында қалған жолдасы жұбайының өліміне оны босандырған және кезекшілікте болған дәрігерлер кінәлі екенін айтады. Әрі қарай оқиғаның мән-жайын Самалбектің өз аузынан баяндағанды жөн көрдік. «Гүлдана – сүйіп қосылған жа­рым. Осы күнге дейін тату-тәтті ғұмыр кештік. Ол үлгілі келін, мен үшін әлемдегі ең аяу­лы жар болды. Балаларымызға қам­қор, мейірімі төгіліп тұратын ана еді. Төртінші сәбиімізді де қуана күттік. Арма­нымыз, жоспарымыз көп еді. Бәрі бұлай болады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті... Қаңтардың 16-нан 17-сіне қа­раған түн болатын. Таңғы бес ша­масында Гүл­данам «Сәке, толғағым басталды» деп оятты. Сөйтіп, дереу жиналып, таңғы сағат 5.30 шама­сында жолдасымды жедел жәрдем көлігіне салып жібердім. Өзім кө­лігіммен ілесіп соңдарынан бар­дым. Себебі әйелімде ПТР сына­масының қорытындысы оң болып шыққандықтан, оны қаланың сыр­тындағы модульдік ауруханаға (Сарыөзектегі №2 Атырау облыс­тық ауруханасының модульді бө­лімшесі – Авт) алып кетті. Босанар уақыты жақындағанда жүкті ананың апта сайын ПТР сынамасын тапсыратыны белгілі ғой. Босанар ал­дында әйелімнің телефонына одан «ко­ронавирус табылғаны» жөнінде хабар­лама келді. Бірақ Гүлдана өзін жақсы сезініп жүрді. Ешқандай ауру бел­гілері болмады. Сол себепті ПТР тестті қайта тапсырғымыз келді. Бірақ өзіміз тіркеуде тұрған «Аман-саулық» клиникасы тестті қайта тапсыртқызбады. «Он төрт күн ка­­рантинде боласыз. Жағда­йы­ңызды мобильдік топ келіп қа­да­ғалайды» деді. Бірақ сол күйі бізге ешқандай мобильдік топ келмеді. Сол күні жұбайыммен күндізгі сағат 12-ге дейін хабарласып отыр­дым. Кейін ол телефонға жауап бер­мей қалды. Бо­сану залына әкет­кен болар деп топшылап, хабар күтумен болдым. Кешкі сағат 9 ша­масында Гүлданам «Сәке, ұлды бол­дық» деп өзі қоңырау шалды. Қуанып, үйдегілерден сүйінші сұ­рап, мәре-сәре болып жүрдім. Сөйтіп, жолдасыма кешкі сағат 11 шамасында қоңырау шалдым. Дауысы көңілсіздеу, шаршаңқы шық­ты, әлсін-әлсін жылап отыр­ды. «Сәке, мені қинады ғой. Үстім­нен басты ғой» деді. Мен әңгі­менің байыбына бармадым. «Қой, жы­лама. Бастысы, аман-есенсің, бәрі жақсы ғой» деп жұбаттым. Бұл екеу­міздің соңғы сөйлесуіміз, әйе­лімнің менімен қош­тасуы екенін қайдан білейін. Екеуміздің әңгімемізден кейін кө­ңілім біртүрлі алабұртумен бол­ды. Сол түні дұрыс ұйықтай ал­ма­дым. Әйеліме таңғы тоғыздан бас­тап телефон соқтым. Ол жауап бер­меді. Сөйтіп, күндізгі сағат 11 шамасында ауруханаға бардым. Он­дағы дәрігерлер Гүлдананың жағ­дайы таңда ауырлағанын, жан сақтау бөліміне жатқызылғанын айтты. «Түнде қан кетті» деді. Шо­шынған мен оның жағдайын барып көргім келді. Самалбек Бегалиев балаларымен Бірақ мені ауруханаға кіргіз­беді. Әйе­лімнің жағдайын біле алмай, дегбірім қашты. Жолдас­тарымның арасында дә­рігер бар еді. Сол жі­гітке хабарласып, Гүл­дананың жағ­дайын біліп беруін сұра­дым. Ол «Қан керек болып жатыр. Шұ­ғыл ауруханаға жет» деп хабарласты. Кейін білдім. Жолдас жігітім әйе­лімнің қайтыс болып кеткенін ес­тірте алмай, мені ауру­ханаға ша­қыртқан екен. Сөйт­сем, Гүлданам 18 қаңтар күні кешкісін көз жұмған екен... Кейін біліп жатырмын. Әйе­лімді өте ауыр жағдайда босан­дырған. Дәрігерлер үстінен басып, екі қабырғасын сындырып жі­бер­ген. Өті жарылып кеткен. Жағдайы ауырлап бара жатқанын көре тұра, оған неге кесарь тілігін жасамаған? Қазір Гүлдананың өліміне бай­ла­нысты іс қозғалып жатыр. Бірақ тергеу ісі бойынша әйелім босанған соң ертесіне көмекке шақырғанда келмеген дәрігер ғана жауапқа тар­тылып отыр. Мен тергеу бас­қар­масынан әйелімді босандыруға қатысқандар мен босанған соң кезек­шілікте болған дәрігерлерді түгел жауапқа тартуды талап етіп келемін. Алайда бұл талабым ес­керусіз қалып отыр, – дейді Са­малбек Бегалиев. Белгілі болғанындай, 8 ай бойы тер­гелген қылмыстық іс жақында ғана сотқа жолданған. Іс ҚР Қыл­мыстық Кодексі 317-бап, 3-бөлігі («Медицина қызмет­керінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамай адам өліміне әкеп соқтыруы») бо­йынша қозғалған. Самалбек әділдік іздеп Жоғар­ғы сот­қа, Бас прокуратураға да ша­ғымдан­ғандарын айтты. «Гүлданам қайтып келмейді. Бірақ дәрігерлердің салғырт­ты­ғынан көз жұм­ған жолдасымның артында төрт бала жетім қалды. Кенже ұлым анасының ақ сүтін ішіп те жарыған жоқ. Дәрігерлер осылай салғырттық таныта берсе, алда тағы қанша адамның өмірмен қоштасары белгісіз ғой», – дейді Самалбек. Туа сала жетім атанған шақа­лақты қазір марқұм болған Гүлда­наның ата-анасы қарап жатыр. 18, 14, 6 жастағы үш бала небәрі 41 жа­сында жарынан ай­рылған Са­малбектің қолында. «Өз ата-анам – үлкен кісілер. Әрі сырқат. Анам науқас әкеме қа­райлайды. Кішкентайымды бауы­рына басып, бағып жатқан қайын жұртыма мың алғыс. Десе де, ана­ның аты ана ғой. Анасынан бес жасында жетім қалған балам әлі күнге дейін «Мамам қайда?» деп сұрайды. Не деп жауап берерімді білмей қиналамын. Әсіресе, са­бақтан үйге алып кетуге бар­ға­нымда, балам достарын ана­лары алып жатқанын көріп, жы­лайды. «Менің мамам неге кел­мей­ді?» деп көп сұ­райды. Кішкентай балаға «Анаң көз жұмды» де­генді қалай түсіндіремін? Сөзім жет­пейді. Сынып жетекші апайына да ана туралы тақырыпты қозғамауын сұрап жүремін. Шыны керек, «сырты бүтін, іші түтін» дегеннің мағынасын енді тү­сініп жа­тырмын. Балаларым үшін өмір сүріп жүрмін. Бұған де­йін үйдің тірлігін бір өзі дөңгелетіп келген Гүлданаға сеніп кет­кенім сонша, тіпті тамақ пісіріп те көр­меген екенмін. Өзім полицеймін. Жұ­мыстан кеш келемін. Мен кел­генше, балаларым тамақ ішпей мені күтіп оты­рады. Пісірген тама­ғым кейде шикі, кей­­де күйіп кетіп жатады. Сол себепті ыстық тамақ­тың барлығын сатып алып жүрмін. Кеудемнен жаным шыққанша осы балаларымды жетілдіремін ғой. Десе де, балаларымның қызығын бірге көреміз деп армандаған Гүл­данамның тым ерте кеткені жанға батады», – дейді Самалбек. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы 1984 жылы туған Гүлдана Хи­натулланың 2022 жылғы 18 қаңтарда Атырау облыс­тық ауруханасының №2 мо­дульді ауруханасында қайтыс бол­ғанын растады. Ресми ақпарат науқас­тың ота үстелінде көз жұмғанын көр­сетіп отыр. «Операция кезінде «іш қуы­сы­ның жабық жарақаты, ұйқы бе­зінің зақым­далуы» диагнозы қо­­йылып, медициналық көмек көр­сетілді. Бірақ науқастың жағ­дайы жақ­сармай, қайтадан ота жасалды. Науқас 18 қаңтарда қай­тыс болды» де­лінген ресми хабарламада. Қайғылы оқиғаның болғанына да он айдай уақыт өтіпті. Алтынға орап бақса да, ана шіркіннің ме­йі­рімін алмастырар дүние жоқ қой... Жанары жәутеңдеп жетім қалған бүл­діршіндердің ананы іздеген жү­регін кім жұбатады? Бір кем дүние...

Атырау облысы