«Сәке, мені қинады ғой. Үстімнен басты ғой»... Бұл Гүлданам екеуміздің соңғы сөйлесуіміз, оның менімен қоштасуы екенін қайдан білейін... Ең болмаса, бөпесін мейірі қанып иіскей алмай кетті ғой... Қайтейін...» деді Самалбек Бегалиев.
Небәрі 38-ге қараған шағында ота үстінде өмірден өткен Гүлдана Хинатулланың артында төрт баласы мен жолдасы қалды. Тұтас шаңырақты теңселтіп кеткен қайғылы оқиға қаңтардың 18-і күні болған.
Гүлдананың артында қалған жолдасы жұбайының өліміне оны босандырған және кезекшілікте болған дәрігерлер кінәлі екенін айтады. Әрі қарай оқиғаның мән-жайын Самалбектің өз аузынан баяндағанды жөн көрдік.
«Гүлдана – сүйіп қосылған жарым. Осы күнге дейін тату-тәтті ғұмыр кештік. Ол үлгілі келін, мен үшін әлемдегі ең аяулы жар болды. Балаларымызға қамқор, мейірімі төгіліп тұратын ана еді. Төртінші сәбиімізді де қуана күттік. Арманымыз, жоспарымыз көп еді. Бәрі бұлай болады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті...
Қаңтардың 16-нан 17-сіне қараған түн болатын. Таңғы бес шамасында Гүлданам «Сәке, толғағым басталды» деп оятты. Сөйтіп, дереу жиналып, таңғы сағат 5.30 шамасында жолдасымды жедел жәрдем көлігіне салып жібердім. Өзім көлігіммен ілесіп соңдарынан бардым. Себебі әйелімде ПТР сынамасының қорытындысы оң болып шыққандықтан, оны қаланың сыртындағы модульдік ауруханаға (Сарыөзектегі №2 Атырау облыстық ауруханасының модульді бөлімшесі – Авт) алып кетті.
Босанар уақыты жақындағанда жүкті ананың апта сайын ПТР сынамасын тапсыратыны белгілі ғой. Босанар алдында әйелімнің телефонына одан «коронавирус табылғаны» жөнінде хабарлама келді. Бірақ Гүлдана өзін жақсы сезініп жүрді. Ешқандай ауру белгілері болмады. Сол себепті ПТР тестті қайта тапсырғымыз келді. Бірақ өзіміз тіркеуде тұрған «Аман-саулық» клиникасы тестті қайта тапсыртқызбады. «Он төрт күн карантинде боласыз. Жағдайыңызды мобильдік топ келіп қадағалайды» деді. Бірақ сол күйі бізге ешқандай мобильдік топ келмеді.
Сол күні жұбайыммен күндізгі сағат 12-ге дейін хабарласып отырдым. Кейін ол телефонға жауап бермей қалды. Босану залына әкеткен болар деп топшылап, хабар күтумен болдым. Кешкі сағат 9 шамасында Гүлданам «Сәке, ұлды болдық» деп өзі қоңырау шалды. Қуанып, үйдегілерден сүйінші сұрап, мәре-сәре болып жүрдім.
Сөйтіп, жолдасыма кешкі сағат 11 шамасында қоңырау шалдым. Дауысы көңілсіздеу, шаршаңқы шықты, әлсін-әлсін жылап отырды. «Сәке, мені қинады ғой. Үстімнен басты ғой» деді. Мен әңгіменің байыбына бармадым. «Қой, жылама. Бастысы, аман-есенсің, бәрі жақсы ғой» деп жұбаттым. Бұл екеуміздің соңғы сөйлесуіміз, әйелімнің менімен қоштасуы екенін қайдан білейін.
Екеуміздің әңгімемізден кейін көңілім біртүрлі алабұртумен болды. Сол түні дұрыс ұйықтай алмадым. Әйеліме таңғы тоғыздан бастап телефон соқтым. Ол жауап бермеді. Сөйтіп, күндізгі сағат 11 шамасында ауруханаға бардым. Ондағы дәрігерлер Гүлдананың жағдайы таңда ауырлағанын, жан сақтау бөліміне жатқызылғанын айтты. «Түнде қан кетті» деді. Шошынған мен оның жағдайын барып көргім келді.
Бірақ мені ауруханаға кіргізбеді. Әйелімнің жағдайын біле алмай, дегбірім қашты. Жолдастарымның арасында дәрігер бар еді. Сол жігітке хабарласып, Гүлдананың жағдайын біліп беруін сұрадым. Ол «Қан керек болып жатыр. Шұғыл ауруханаға жет» деп хабарласты. Кейін білдім. Жолдас жігітім әйелімнің қайтыс болып кеткенін естірте алмай, мені ауруханаға шақыртқан екен. Сөйтсем, Гүлданам 18 қаңтар күні кешкісін көз жұмған екен...
Кейін біліп жатырмын. Әйелімді өте ауыр жағдайда босандырған. Дәрігерлер үстінен басып, екі қабырғасын сындырып жіберген. Өті жарылып кеткен. Жағдайы ауырлап бара жатқанын көре тұра, оған неге кесарь тілігін жасамаған?
Қазір Гүлдананың өліміне байланысты іс қозғалып жатыр. Бірақ тергеу ісі бойынша әйелім босанған соң ертесіне көмекке шақырғанда келмеген дәрігер ғана жауапқа тартылып отыр. Мен тергеу басқармасынан әйелімді босандыруға қатысқандар мен босанған соң кезекшілікте болған дәрігерлерді түгел жауапқа тартуды талап етіп келемін. Алайда бұл талабым ескерусіз қалып отыр, – дейді Самалбек Бегалиев.
Белгілі болғанындай, 8 ай бойы тергелген қылмыстық іс жақында ғана сотқа жолданған. Іс ҚР Қылмыстық Кодексі 317-бап, 3-бөлігі («Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамай адам өліміне әкеп соқтыруы») бойынша қозғалған.
Самалбек әділдік іздеп Жоғарғы сотқа, Бас прокуратураға да шағымданғандарын айтты.
«Гүлданам қайтып келмейді. Бірақ дәрігерлердің салғырттығынан көз жұмған жолдасымның артында төрт бала жетім қалды. Кенже ұлым анасының ақ сүтін ішіп те жарыған жоқ. Дәрігерлер осылай салғырттық таныта берсе, алда тағы қанша адамның өмірмен қоштасары белгісіз ғой», – дейді Самалбек.
Туа сала жетім атанған шақалақты қазір марқұм болған Гүлдананың ата-анасы қарап жатыр. 18, 14, 6 жастағы үш бала небәрі 41 жасында жарынан айрылған Самалбектің қолында.
«Өз ата-анам – үлкен кісілер. Әрі сырқат. Анам науқас әкеме қарайлайды. Кішкентайымды бауырына басып, бағып жатқан қайын жұртыма мың алғыс. Десе де, ананың аты ана ғой. Анасынан бес жасында жетім қалған балам әлі күнге дейін «Мамам қайда?» деп сұрайды. Не деп жауап берерімді білмей қиналамын. Әсіресе, сабақтан үйге алып кетуге барғанымда, балам достарын аналары алып жатқанын көріп, жылайды. «Менің мамам неге келмейді?» деп көп сұрайды. Кішкентай балаға «Анаң көз жұмды» дегенді қалай түсіндіремін? Сөзім жетпейді. Сынып жетекші апайына да ана туралы тақырыпты қозғамауын сұрап жүремін.
Шыны керек, «сырты бүтін, іші түтін» дегеннің мағынасын енді түсініп жатырмын. Балаларым үшін өмір сүріп жүрмін. Бұған дейін үйдің тірлігін бір өзі дөңгелетіп келген Гүлданаға сеніп кеткенім сонша, тіпті тамақ пісіріп те көрмеген екенмін. Өзім полицеймін. Жұмыстан кеш келемін. Мен келгенше, балаларым тамақ ішпей мені күтіп отырады. Пісірген тамағым кейде шикі, кейде күйіп кетіп жатады. Сол себепті ыстық тамақтың барлығын сатып алып жүрмін. Кеудемнен жаным шыққанша осы балаларымды жетілдіремін ғой. Десе де, балаларымның қызығын бірге көреміз деп армандаған Гүлданамның тым ерте кеткені жанға батады», – дейді Самалбек.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы 1984 жылы туған Гүлдана Хинатулланың 2022 жылғы 18 қаңтарда Атырау облыстық ауруханасының №2 модульді ауруханасында қайтыс болғанын растады. Ресми ақпарат науқастың ота үстелінде көз жұмғанын көрсетіп отыр.
«Операция кезінде «іш қуысының жабық жарақаты, ұйқы безінің зақымдалуы» диагнозы қойылып, медициналық көмек көрсетілді. Бірақ науқастың жағдайы жақсармай, қайтадан ота жасалды. Науқас 18 қаңтарда қайтыс болды» делінген ресми хабарламада.
Қайғылы оқиғаның болғанына да он айдай уақыт өтіпті. Алтынға орап бақса да, ана шіркіннің мейірімін алмастырар дүние жоқ қой... Жанары жәутеңдеп жетім қалған бүлдіршіндердің ананы іздеген жүрегін кім жұбатады? Бір кем дүние...
Атырау облысы