Прекариат (precarious) ағылшын тілінен сенімсіз, үмітсіз деп аударылады. Тұрақсыз жұмыста адамның еңбек құқықтары сақтала бермейтіні белгілі, табысы да мардымсыз болады.Прекариат терминін 1980 жылдары француз ғалымдары маусымдық жұмысшыларға қатысты енгізген. Ғылыми айналымда 2011 жылы британдық экономист Гай Стендингтің «Прекариат: Жаңа қауіпті класс» кітабы жариялағаннан кейін қолданыла бастады. Ағылшын экономисі еңбек мигранттарын, шығармашылықпен айналысатын суретшілер, журналистер, дизайнерлерді прекариатқа жатқызады. Бұл адамдардың көпшілігінде тұрақты жалақы алатын жұмыс жоқ, әлеуметтік жағынан қорғалмаған. Соның нәтижесінде оларда болашаққа деген сенім аз. [caption id="attachment_222901" align="aligncenter" width="1765"] Фото REUTERS агенттігінен алынды. Авторы: Joe Tan[/caption] Прекариаттың пайда болуына 1980 жылдары батыс елдерінде неолиберализмнің саясатта және экономикада үстемдік ете бастауы себеп болды. АҚШ президенті Рональд Рейган мен Ұлыбритания премьер-министрі Маргарет Тэтчердің саясаты осындай тұжырымдамаға негізделді. Нарықтық бәсеке экономикалық өсу мен дамудың негізі деп танылды. Салықтар мен мемлекет тарапынан реттеу барынша азайды. Кәсіподақтардың маңызы әлсіреді, табысты бөлуде жалдамалы жұмысшылардың үлесі азайды. Мұндай өзгерістер, ең алдымен еңбек нарығына әсер етті.
Қызметкер кез келген сәтте оңтайландыру деген сылтаумен қысқартылды, жұмысынан айырылды. Бұл адамдарда күйзелісті өршітті, белгісіздік және сенімсіздік сезімін, үрейді күшейтті. Тамақ пен баспанаға деген қарапайым қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қызметкер өзіне ұсынылған болмашы жалақыға келісуге мәжбүр болды.Прекариатты толығымен әлеуметтік тап деп атауға болмайды. Дегенмен олардың бірқатар белгісін атауға болады: жұмысы тұрақсыз, кездейсоқ немесе штаттан тыс қызметке тұрады. Айлық жалақысы тамақ немесе баспана ақысын төлеуге ғана жетеді. Бір күнімен ғана өмір сүреді. Тұрақсыз жұмысшы ақылы еңбек демалысынан, сыйақылардан айырылады. [caption id="attachment_222903" align="aligncenter" width="1220"] Фото The Precariat: The New Dangerous Class кітабының мұқабасынан алынды.
Кітап авторы Guy Standing[/caption] Прекариатқа көбінесе азаматтық құқығынан айырылған мигранттар кіреді. Олар өздерін қоғамнан шеттетілгендей сезінеді, кемсітушілікке ұшырайды. Бұл ретте кәсіби заңгерлер, журналистер мен IT қызметкерлері арасында да прекариат бар екенін атап өткен жөн.
Әлеуметтану ғылымдарының докторы, Экономика жоғары мектебінің профессоры Наталья Тихонова: «Экономикалық дамудың әртүрлі кезеңдеріндегі қоғамдардағы қиындықтардың белгілері әртүрлі. Мысалы, батыста жеке көлігінің болмауы қиындықтың белгісі болып саналса, Ресейде бұл мүлде жоқ. Ал Үндістанда тіпті велосипед жетістікке қол жеткізгеннің белгісі болуы мүмкін», – дейді.Басқаша айтқанда, бүгінгі прекариат деп – азаматтардың жұмыс істейтіндердің қатарында болғанның өзінде әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктерін жоғалту процесін айтады. Қазақстан жағдайында да өзін-өзі жұмыспен қамтыған деген әлеуметтік категория бар. Осы топтың өкілдерін прекариат деп айтуға болады. Мемлекеттің шағын әлеуметтік қолдауынан басқа олардың болашаққа деген сенімі де, тұрақты жұмысы да жоқ. Сонымен бірге фрилансерлер мен университетті жақында бітіргендер де прекариатқа айналуы мүмкін. Ғалымдар бұрын прекариаттар негізінен төмен білікті жұмысшылардан тұрса, қазір олардың қатарына ой еңбегімен айналысатын білімді азаматтар да кіретінін айтуда.