ІІМ әкімшілік полиция комитеті жол ережесін өрескел бұзатын жүргізушілерге жеңілдік болмайтынын жеткізді.
Ішкі істер министрлігі жол ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілерді бір апта ішінде айыппұлдың тек жартысын төлеу мүмкіндігінен айыру туралы бастаманы депутаттардың қарауына тапсырады. Полицейлердің пікірінше, бұл шара көлік иелерін тәртіпке салуға көмектеседі.
ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиевтің айтуынша, полицейлер жолдағы қауіпсіздік жағдайына үнемі талдау жасап, жол ережелерін өрескел бұзуға бейім жүргізушілерді тәртіпке салу үшін түбегейлі шаралар қабылдауға тырысады. Соған қарамастан көлік иелері жасаған заңбұзушылықтар саны жыл сайын өсіп барады.
«Егер жүргізуші бір жыл ішінде жол ережесін бес реттен артық бұзса, ол әкімшілік айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен төлеу құқығынан айырылады. Қазір депутаттарға осындай ұсыныс білдіріп жатырмыз. Егер олар бұл норманы қолдаса, онда жолда тәртіп орната аламыз деген ойдамын», – деді Мұратәлиев.