Елімізде «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы басталды. Биыл бесінші рет өтетін шара ел ішіндегі жүрегі жомарт, пейілі кең, көңілі дархан жанашыр жандарды, ел басына күн туғанда қайсар мінез танытып, қалтқысыз қызмет қылатын ұжымдарды анықтауға бағытталған. Байқауға өтінім биылдың 30 желтоқсанына дейін қабылданады. Әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге сүбелі үлес қосатын, қоғамды игі іс жасауға ынталандыратын жеке және заңды тұлғалар байқауға қатыса алады. Ал кәсіпкерлік субъектілері, мемлекеттік қолдауға (мемлекеттік грант, мемлекеттік тапсырыс және т.б.) ие қайырымдылық ұйымдары конкурсқа қатыса алмайды. Шараны Астана қаласының әкімдігі, Назарбаев қоры мен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы жүзеге асырады.
«Қайырымдылық керуені» – дәстүрге айналған шара. Жылы сайын өтіп жатқан игі шараны қалалық әкімдік тұрақты түрде қолдап келеді. Мұндағы мақсат – жақсылық жасауға асығатын жанашыр жандарды, меценаттарды, ұйымдарды біріктіру, қайырымдылық жасауды дәстүрге айналдыру. Еліміздегі мұқтаж жандарды, көмекке зәру отбасыларды қолдау кім-кімнің болсын азаматтық парызы. Ал осы салада атқарылып жатқан игі бастамаларды ынталандыру, марапаттау, қала берді жүйелеу үшін осындай конкурстар тұрақты түрде өткізілуі керек», – дейді қалалық ішкі істер саясатының басшысы Дәурен Бабамұратов.Қазақстан әйелдерінің күші альянсы төрайымының орынбасары Баян Тойкебаева биыл байқау аясында 7 аталым белгіленгенін атап өтті.
«Жыл сайын еліміздің дамуына үлес қосқан батыл, қамқор жандарды, меценаттар мен нағыз патриоттарды анықтауға күш салып келеміз. Биыл 7 номинация бойынша қайырымды жандарды анықтаймыз. Атап айтсақ, халықтық салт-дәстүрді сақтауға бағытталған игі шараларға «Асар», білім беру, экология, абаттандыру, мәдени нысандарды қалпына келтіру және тағы басқа бағытта туған өлкесіне жақсылық жасаған лауреатқа «Туған жер» аталымы беріледі. Ерлік пен қайсарлық танытқан жандарды, соның ішінде шұғыл қызмет (ТЖ, ІІМ, жедел жәрдем және т. б.) өкілдері «Батыл жүрек» номинациясымен марапатталады. «Мейірім жолында» номинациясы белгілі бір уақыт аралығында тұрақты түрде өтеусіз көмек көрсеткен жандарға, ал «Қайырымдылық тарихы» әлеуметтік мәселе көтеріп, өткір материал дайындап жүрген журналиске немесе шығармашылық ұжымға беріледі. «Бала жүрегі» аталымы төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен қайырымдылық іске қатысқаны үшін 6 жастан 18 жасқа дейінгі бала мен жасөспірімге, «Жануарға мейірім» жануарларды қорғайтын, оларды асырауға көмектесетін лауреатқа берілмек», – деді Баян Жұмашқызы.Байқауға өтінім жіберуге ниетті азаматтар мен ұйымдар fnn.kz,businesswomen.kz сайтынан қосымша ақпарат ала алады.