Қазақстан Үкіметі газға қатысты стратегиясын күрт өзгертті: енді бұрын жоспарланғандай бірнеше облыс қана емес, бүкіл 20 өңіріміз болашақта көмірден толық бас тартып, газға ауыстырылады. Мұндай бетбұрыстың мәнісі жария етілмеді. Сарапшылар қазірдің өзінде газ тапшылығы байқалып отырғанына назар аудартады. Сонымен, бір мезгілде жаңа саясат газды турбиналардың қуатын арттыруды талап етеді. Жаңа стратегия қаншалықты орынды, оны орындауға елдің әлеуеті жете ме?Стратегия сойқан, ал тетігі айқын ба?
Ресми деректер бойынша, Қазақстанда барланған 300-ден астам кен орнында 170,2 миллиард тоннадан астам көмір тұнып жатыр. Мемлекетіміз былтырғы бір жыл ішінде 111 миллион тонна көмір өндірді. Қазақ жерінің астындағы аста-төк байлықты өзіміз ғана тұтынсақ, ол кем дегенде 17 мың жылға немесе 170 ғасырға жетеді екен.
Алайда әлемде декарбонизация үрдісі басталды. Соның аясында жердің қызуының көтерілуіне, климаттың шектен тыс жылынуына ықпал ететін көміртекті шығаруды азайту бойынша Қазақстан да өз мойнына міндеттеме алды. Ал көмірден көп көміртек бөлінетіндіктен, әлем елдері одан біртіндеп бас тартып жатыр.
Осы ен байлықтың үстінде отырған Қазақстан да сол дүрмекке ерді. Үкіметтің 2022 жылғы 18 шілдедегі №488 қаулысымен бекітілген Қазақстанда газ саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, 2030 жылы 13,5 миллион адам тұратын елдің 65% территориясын газдандыру көзделген болатын.
Салыстыру үшін айтсақ, газдандыру деңгейі 2021 жылы 9,8 миллион адамды немесе өңірлердің жалпы аумағының 53,07 пайызын құрады. Жоспарға сай, биылғы 2022 жылдың қорытындысында жалпы саны 11 миллион адам тұратын 57,67% аумақ көгілдір отынмен қамтылуы тиіс.
Сонымен бірге «Қазақстанды газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас схемасына» Үкімет енгізгелі отырған түзетулерге сәйкес, мемлекет 65 пайызбен шектелмейді. Құжатта: «Қазақстанды газдандыруды одан әрі дамыту, жаңа аумақтарды газдандырумен қамти отырып, Қазақстан Республикасының барлық өңірін де газбен жабдықтау перспективасы» белгіленбек.
Электр энергетикалық қауымдастығының есептеуінше, осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкіметке бірнеше бағытта қазірден белсенді, тегеурінді әрі ұтымды жұмыс істеу қажет болады. Біріншіден, қолданыстағы кен орындарынан тауарлық газ өндірісі күрт ұлғайтылуы тиіс. Нақтылағанда, тауарлық газ өндіру көлемін 2021 жылғы 29,4 миллиардтан 2030 жылға қарай жылына 42,1 миллиард текше метрге дейін өсіру талап етіледі.
Екіншіден, жаңа кен орындарын іске қосу керек. Үшіншіден, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, тауарлық газ ресурстарын ұлғайтқан жөн. Әйтпесе, барланған қорлар таусылады. Газдың ресурстық базасын арттыру үшін Имашев (172 миллиард текше метр газ қоры бар), Хвалынское (166,7 млрд), Қаламқас Теңіз (81 млрд), Каменско-Тепловско-Токаревск кен орындарының тобы (41,8), Рожковское (28,8), Аңсаған (22 млрд) сияқты кен орындарын игере бастау қажет.
Төртіншіден, салаға қаражатын салуы үшін инвесторларды ынталандырған маңызды. Соның ішінде газ өндірісі саласында жер қойнауын пайдаланушыларға салықтық-фискалдық жеңілдіктер, артықшылық-преференциялар беруге тура келеді.
Бұдан бөлек, өндіруші компаниялар тауарлық газды жоғары бағамен сатқысы келеді. Олар үшін бұл өнімді шетелге экспорттау тиімдірек. Ал мемлекет көгілдір отынды неғұрлым арзандау бағамен сатып алуға мүдделі, бұл халық пен бизнес үшін қолжетімді тариф белгілеу үшін қажет. Демек, баға сұранысы мен ұсынысы арасында екі жаққа да пайдалы болар тұсты анықтау шарт.
Салаға санкцияның салқыны тиді ме?
Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, ел Президенті еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандырудың оңтайлы нұсқаларын жасау туралы тапсырма беріпті. Ал өзге өңірлерде газбен қамту көрсеткіші жақсы, 90 пайыздан асады. Әйткенмен, оларда басқа проблема туындаған: газ тасымалдау жүйесі қатты тозды. Орта есеппен тозу деңгейі 75 пайыздан асты. Мұның сыртында жүйенің өткізу қабілеті жеткіліксіз болып тұр. Сондықтан газбен жабдықтаудың жаңа нысандарын салу керек. Бұл қосымша қаражатты талап етеді.
Мәскеудің басқыншылық соғысты бастауы, Батыстың Ресейге ауыр санкциялар салуы да бұл салаға зардабын тигізді. Себебі Қазақстан біраз кен орындарын солтүстік көршісімен бірлесе игеруге келіскен болатын. Ол уағдаластықтардан бас тарта алмайды, кен орындары екі елдің шекарасында орналасқан. Бірақ Ресей санкция салдарынан шетелдік түгіл өз кен орындарындағы өндірісті доғаруға мәжбүр. Мысалы, Ресей Еуропалық одақтың өзімен түйісетін шығыс шекарасында миллиондаған текше метр газды алауларда босқа жағып жатыр. Өйткені Еуропаға көгілдір отын жеткізілімін тоқтатты, газ құбырларын алапат жарылыс жоқ қылды. Der Spiegel басылымының сарапшылары Ресейдің күн сайын 13 млн еуро тұратын 4 миллион текше метр табиғи газды босқа жағып жатқанын есептеп шықты.
2011 жылғы сәуірде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «Газпром» ЖШҚ арасында келісім бекітілді. Ол бойынша Имашев кен орнының операторы болып «ҚазРосГаз» ЖШС айқындалды. 2013 жылғы 11 қарашада Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы Имашев трансшекаралық газ конденсаты кен орнын игерудегі ынтымақтастық туралы келісімнің хаттамасына қол қойылды. Биыл бұл газ кен орны игерілуі тиіс еді. Санкция салдарынан ортақ шекарада Имашев және Хвалынское кен орындарында жалпы 338,8 миллиард текше метр газ қоры игерілмей қалып тұр.
Қазір Қазақстанда газ тапшылығы байқалады. Оның бірнеше себебі бар. Құрметті энергетик, техника ғылымдарының кандидаты Ғалымжан Кәрібайдың айтуынша, Қазақстанда 2021 жылдың қорытындысында, барлық өндірілген ілеспе мұнай газының шамамен 32 пайызы жер қыртысындағы қысымды ұстап тұру үшін жерастына кері айдалды. Тағы 13 пайызы жер қойнауын пайдаланушылардың жеке технологиялық мұқтаждықтарына жұмсалды. Олар одан өздеріне қажетті электр энергиясын өндірді. Қондырғыларында кәдеге жаратты. Нәтижесінде, газдың 55%-ы ғана қайта өңдеуге жіберілді.
Мол қазына игерілуімен құнды
Бұған қоса, өзге елдерден айырмашылығы сол, Қазақстанда қолданыстағы кен орындары арасында таза газ кен орны жоқтың қасы. Барлық ірі кен орнында өндірілетін газ ілеспе компонент ретінде мұнай-газ қоспасынан алынады. Салдарынан газ өндіру көлемі мұнай өндіруге тікелей тәуелді. Қара алтынға тәуелсіз, газ өндірісін арттыра алмайды. Ал мұнай өндірісін ОПЕК шектейтіні мәлім. Саланың тұйыққа тіреле бастауының бір себебі де осында.
Қазақстанның көмірсутек шикізат қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы бекіткендей, елімізде алынатын газ қоры 3,8 триллион текше метрді құрайды. Соның ішінде ілеспе (еріген) газ қоры – 2,2 триллион текше метр. Табиғи (бос) газ қоры – 1,6 триллион текше метр. Барлық барланған газ қорының 95%-дан астамы Қазақстанның батыс өңірлеріне тиесілі. Бұл ретте 85%-дан артығы Теңіз, Қашаған, Королевское, Жаңажол мұнай-газ кен орындарында және Қарашығанақ, Имашев мұнай-газ конденсаты кен орындарында шоғырланған.
Тарата кетсек, Қашағанда 1 353 миллиард, Қарашығанақта 741 миллиард, Теңізде 510 миллиард текше метр газ жатыр. Яғни, мол газ ресурстары қазақтың өзінде де бар, бірақ оларды игеру мәселелері толыққанды шешілмеген.
Үкімет газды солтүстік көршіден тасымалдау үшін келіссөз жүргізуде.
«Біздің министрлік өңірлерімізді Ресейден газдандыру нұсқасын да қарастыруда. Бұл нұсқа Қазақстан–Ресей жұмыс тобы аясында, екі елдің энергетика министрліктері арасында белсенді талқыланып жатыр. Ресей тарапы Қазақстан газды тек нарықтық, «коммерциялық бағамен» сатып алса ғана еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру нұсқаларын қарастыруға дайын екенін мәлімдеді. «Сарыарқа» магистралды газ құбырын жалғастыру арқылы солтүстік облыстарды газбен жабдықтау жобасы да қарастырылады. Онда ұзындығы 298,1 шақырым магистралды газ құбыры тұрғызылуы тиіс. Жобаның болжамды құны 182,1 миллиард теңгеден асады. 143 елді мекен немесе 420 мың адам газдандыруға қол жеткізеді», – деді министр Болат Ақшолақов.
Үкімет бүгінде қос нұсқаның бірін таңдау үшін тиісті деректерді пысықтауда. Елдің солтүстік өңірлерін газдандырудың түпкілікті нұсқасын әзірлеу бойынша шаралар қабылданатын болады. Бұл Қазақстанды толық газдандыру мақсатының түпкі межесін жақындата түседі.
Қазақ елі газды басқа бір көршісінен де алу мәселесін пысықтап жатыр. Таяуда, 15 қазанда QazaqGaz бен «Түрікменгаз» түрікмен газын импорттау туралы контрактіге қол қойды. Қазақстан Түрікменстаннан жылына 1,5 миллиард текше метр газ импорттауға мүдделі.
Елімізде ірі газ өңдеу зауыты салынса, автогазға қатысты да біраз мәселе шешілер еді. QazaqGas ұлттық компаниясы Қашағандағы 2 және 6 миллиард текше метр газ өңдей алатын 2 ГӨЗ салу үшін инвестор іздеп жатыр. Үкімет оған италиялық Eni компаниясын тарту үшін келіссөз жүргізу үстінде.
Қорыта айтқанда, сарапшылар елді газдандыру перспективасы жақсы екенін айтады. Бірақ оған жету үшін қазіргі қордаланған мәселелер шешілуі тиіс. Мол газ ресурстарының үстінде отырып, оған жарымаған, әрине жарамайды.