Қаржыны қалтаға басқан кім?
Қаржыны қалтаға басқан кім?
© коллаж: Әсел Балтақызы
562
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында «Еңбек» бағдарламасы былтыр аяқталғанымен, оның айналасындағы шу әлі басылмай тұр. Қаржының мақсатсыз жұмсалғаны, шенеуніктердің бармақ басты, көз қыстыға жол бергені ара-тұра қылаң береді. Күні кеше тағы бір қызметкер тұтылды.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Ең­бек» бағдарламасы Солтүстік Қазақстан облысында 2017-2021 жылдары жүзеге асырылған болатын. Оған қатысушы­ларға өз бизнес идеяларын жүзеге асы­ру мақсатына 500 мың теңге көле­мінде қайтарымсыз гранттар бөлінген-тін. Осы қаржыға байланысты былық-шылық көп болып шықты. Қаржының заңды бөлінгеніне күмән келтірген қоғам белсенділері аудиторлық тексеріс жүргізілуіне мұрындық болды. Сы­байлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиаорталықтың Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының бас­шысы Руслан Асаубаевтың облыстық Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолдаған сауалында: «Петропавл әкім­дігінің халықты жұмыспен қамту ор­талығы» КММ бизнес-идеяларды да­мытуға гранттар бөлуінің заңдылығына, атап айтқанда бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуына, алушылар тарапынан ұсынылған құжаттардың түпнұсқалығына тексеру жүргізуді сұраймын», – делінген.
Оның мұндай қадамға баруына бизнес жобаның бірқатары, әсіресе ті­гін шеберханаларын ашуға қатысты жобалар жалған екеніне күмәндануы түрткі болыпты. Себебі Руслан Шон­ұлының айтуынша, кейбір жағдайларда көрсетілген мекенжайда ешқандай тігін цехы болмаса, кейде жабылып тынға­нын байқаған. ҚҰЖАТ БАР,  ШЕБЕРХАНА ЖОҚ 2020 жылы бағдарламаға қатысқан алты адам мемлекеттік гранттарды мақсатты пайдаланғанын дәлелдей алмаған. Ал 2021 жылдың желтоқ­са­нында басқалары да ай сайынғы бірыңғай жиынтық төлемді төлеуді тоқтатқан. Халықты жұмыспен қамту орталығы кәсіпкерлермен жолығып, хабарласып, кәсібін растайтын құ­жаттарды ұсынуын өтінсе де, еш нәтиже шықпапты. Ақыры орталық арнайы комиссия құрып, тексеріс жүргізген кезде заңбұзушылықтар бары анық­талған. Мәселен, кейбір келісімшарттар тіркелмеген болып шықты. Тігін цехы ашылғаны туралы фотоесепті тек бір шеберхана тапсырыпты. Аудит тексерісі нәтижесінде анық­талғанындай, Петропавл қаласының грант алған бір тұрғыны тігін шебер­ханасын ашуға қажетті құрал-жаб­дықтар сатып алғаны туралы құжаттар ұсынған екен. Атап айтқанда, ол 583 мың теңгеге тігін машинкасын, бумен үтіктегіш, үтіктеу жүйесін және басқа да жабдықтар сатып алғаны туралы сату-сатып алу келісімшартын тап­сырған. Ал шын мәнісінде алған заттары жоқ болып шықты. Тексеріс барысында «тігінші» ақша табу мақсатымен өз атына құжаттарды ресімдегенін, ал шын мәнісінде 90 мың теңге ғана қолын тигенін жайып салды. Қалған қаржы кімге бұйырғаны белгісіз. Тағы бір мысал: ер адам көлік доң­ғалағын монтаждау шеберханасын ашпақ болған. Бірақ бұл жоба да жалған болып шықты. Аудиторлық тексеріс барысында 2,2 миллион теңгенің заң­бұзушылығы әшкере болды. Ал про­цедуралық сипаттағы кемшіліктер сал­дарынан тағы төрт миллион теңге мемлекет қаржысы тәркіленген. БАСҚАЛАРЫНЫҢ ТАҢДАЙЫНА ТАТЫМАПТЫ
Руслан Асаубаевтың айтуынша, жұмыспен қамту орталығының қызмет­керлері кейбір жоба иелеріне «Еңбек» бағдарламасына қатысуға, құжатын тапсыруға ұсыныс жасаған. «Тіпті, өздері барлық қажетті құжатты әзірлеп беретінін айтқан. Ал бағдарламаға қа­тысушыдан тек есеп беруі талап еті­летінін түсіндірген. Біз шығып тек­серген кезде көрсетілген мекенжайда еш­қандай цех та, жұмысшы да жоқ екенін анықтадық», – дейді ол.
Күні кеше тиісті органдар осы жайт­қа назар аударып, сотқа дейінгі тергеуді бастады. Петропавл қалалық жұмыспен қамту бөлімінің қызметкерлері мем­лекеттік гранттарды иемденіп алды де­ген күдікке ілігіп отыр. «Еңбек» бағ­дарламасына қатысушылар қаржыдан қағылып, ақша мемлекеттік қызмет­шілердің қалтасында қалуы ғажап емес. Петропавл қалалық соты күдікті әйелді екі айға дейін үйқамаққа алу туралы шара қабылдады. Қаржы мониторингі агенттігінің Солтүстік Қазақстан об­лысы бойынша департаменті «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант ресім­деумен айналысқан маманға қатысты қылмыстық істі тіркеді. Бұған дейін Петропавл қалалық жұмыспен қамту орталығының бұрынғы директоры түрмеге тоғытылған бола­тын. Естеріңізге сала кетейік, оның «Ең­бек» мемлекеттік бағдарламасы бо­йынша жалдамалы баспана бергені үшін тұрғындардан пара талап еткені сотта дәлелденіп, 8 жылға бас бос­тандығынан айырылған еді. Бірақ бұл жаза басқа әріптестеріне сабақ болмаса керек. Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері тұзаққа жиі түсетінін тұрғындар қызу талқылап, айыптауда.
«Өздері түйені түгімен жұтқанына қарамастан, атаулы әлеуметтік көмек алушыларды тексеруге келгенде шаш ал десе, бас алады. Аз қамтылғандарды адам құрлы көрмейді. Тырнақ астынан кір іздеп, жәрдемақыдан қағуға тыры­сады. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» деген осы» – деп табалаушылар да бар. Сондай-ақ грант ала алмай қал­ғандар да мемлекет қаржысын бермеу үшін орталық қызметкерлері барынша тырысып бағатынын айтады. «Неше түрлі критерий ойлап тауып, гранттан қағуға тырысады. Оның себебі белгілі болды. Көздегендері – өз қалтасына басу. Құдайдан қорықпайды. Бәлкім, баз біреулермен бөліспегені үшін тұ­тылған шығар», – деп болжам айту­шылар да кездеседі.
Қалай дегенмен, қолмен жасағанды мойынмен көтеру керек. Сот үкімі шығарылатын күн де алыс емес.

Солтүстік Қазақстан облысы