Посткеңестік кеңістіктегі қарулы жанжал ошағы – 30 жылдан астам уақытқа созылған Таулы Қарабақ дауы шешілетін күн таяғанға ұқсайды. Кеше Еуропалық одақ Арменияға техникалық топты аттандырды: ол Әзербайжанмен шекарада еуропалық бақылау миссиясы орналасатын орынды анықтайды. Ең маңыздысы сол, ақыры Армения мен Әзербайжан сонау 1991 жылы қабылданған Алматы декларациясы аясындағы шекараны мойындап отыр. Яғни, Таулы Қарабақ әзербайжан елінің аумағы саналады. 1991 жылғы 21 желтоқсанда бұрынғы Кеңес Одағына кірген республикалардың басшылары Алматыда бас қосып, КСРО-ның ыдырағанын және оның орнына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылғанын растады. Бұл ортақ тоқтам бүкіл әлемге танылған тарихи құжатта – 11 президент бірауыздан қабылдаған Алматы декларациясында көрініс тапты. Оған Әзербайжан президенті А.Муталибов пен Армения президенті Л.Тер-Петросян да қол қойды. Барлық елге қызыл империядан азаттық әперген осы өзіндік бір «егемендік декларациясында» шекаралық сызықтардың дәл қай жерден өтетіні жазылмаған. Бірақ ең басты әрі маңызды сөз бар: оған қосылған барлық ел «бір-бірінің территориалдық бүтіндігін және қолданыстағы шекаралардың бұзылмайтынын мойындайды және құрметтейді». Бұл жағдай Арменияның қазіргі басшысының тосын маневрына – ұстанымын 180 градусқа өзгертуіне жол ашты. Таяуда, Прага саммиті қарсаңында ел парламентінің отырысында сөз сөйлеген Армения премьері Никол Пашинян республиканың бұрынғы көшбасшылары, соның ішінде екінші және үшінші президенттер Роберт Кочарян, Серж Саргсян да «Таулы Қарабақты іс жүзінде Әзербайжан құрамында деп танығанын» мәлімдеді. Сол себепті оның байламынша, «қазіргі билікке қандай да бір айып тағуға, соның ішінде капитуляция жасады және Таулы Қарабақты қарсыласқа беріп қойды деп кінәлауға олардың еш қақысы жоқ». Осылай позициясын айқындап алған ол Әлиевпен тарихи келіссөзге аттанды. 2022 жылғы 6 қазанда, Чехия астанасында 40-тан астам еуропалық мемлекетті біріктіретін жаңа форматтағы тұғырнама – Еуропа саяси қоғамдастығының құрылтайшылық саммиті өтті. Жаңа құрылымға ЕО-ға мүше 27 елдің лидерлері және оған кірмейтін, бірақ кандидат не серіктес статусына ие 17 мемлекеттің басшысы шақырылды. Арасында Армения, Әзербайжан, Грузия, Молдова және Украина болды. Бейресми саммит аясында Еуропа кеңесінің басшысы Шарль Мишелдің жетекшілігімен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьері Никол Пашинян келіссөз үстеліне отырды. Оларға Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған мен Франция президенті Эмманюэль Макрон қосылды. Армян басшысы Түркия лидері Ердоғанмен алғаш рет бетпе-бет кездесті. Ердоған мырза келіссөздерде кімнің жағында екенін жасырмады және армян премьеріне егер Әзербайжанның шарттарына көніп, тату көршілікке мойынсұнса, онда Армения Түркиямен де әр саладағы қарым-қатынасын қалпына келтіре алатынын меңзеді. Әйтпесе, араздық кесірінен Армения өткен ғасыр соңынан бері көршілері Түркия және Әзербайжанның экономикалық блокадасында өмір сүруде. Тағы бір көршісі Иран санкция астында. Сондықтан өзгелермен, Ресеймен алыс-берісі тек Грузия арқылы жүреді. Яғни, Әзербайжанның Таулы Қарабағы орнында құрылған, әлем мойындамаған Арцах квазиреспубликасы бүкіл Арменияның дамуына кедергі болып келеді. Сонымен, Прагадағы келіссөздер қорытындысында арнайы мәлімдеме қабылданды. Онда Армения мен Әзербайжан БҰҰ Жарғысына және 1991 жылғы Алматы декларациясына беріктігін, бір-бірінің егемендігі мен территориялық тұтастығын танитынын жариялады. La Gazette француз басылымының жазуынша, тараптар дәл осы құжаттардың Делимитациялау жөніндегі комиссия қызметінің негізіне айналатынына келісті. Бұл комиссияның отырысы қазан айының соңында Брюссельде өтуі тиіс. Сондай-ақ Армения Әзербайжанмен арадағы шекарасында ЕО миссиясының жұмыс істеуіне келісімін берді. Миссия өз жұмысына осы қазанда кірісіп, 2 айдан соң қызметін аяқтайды. Әрине, Таулы Қарабақтағы мыңдаған жанды баудай түсірген қанды дау түпкілікті тоқтады деуге болмайды. Әзербайжандар босып кеткен соң қалпымен армяндар жайлаған осы өлкеде бітімді шешімге қарсы наразылық шаралары өтті. Армениядағы оппозиция мен популистік топтар да мұны жеңіліс деп танып, соған бас иген билікті аяусыз сынады. Кеше әзербайжан-армян шекарасында тағы да атыс болды. Бірақ бітімнің іргетасы қаланып отыр және тек келісім мен тату көршілік қана экономикалық дамуға, халықтың әл-ауқатының жақсаруына жол аша алады. «Бақтың кілті бітімде» деген даналық бар. Ресей одақтасы байтал түгіл бас қайғы күй кешіп жатқанда, Арменияға басқа жол да қалған жоқ.