Шымкенттегі өзекті істер мен өзгерістер
Шымкенттегі өзекті істер мен өзгерістер
556
оқылды
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықпен жоспарлы есепті кездесулер өткізіп жатыр. Еңбекші ауданы тұрғындарымен жүздескен қала басшысы аймақтағы мәселелер туралы айтып, онда атқарылып жатқан жәйттерді саралады. Тұрғындар қойған сауалдарға жауап берді. Мектепке дейінгі мекемелер мәселесі шешіледі Басқосуда Мұрат Дүйсенбекұлы мега­полистегі соңғы 9 айда атқарылған жұ­мыстар мен қаланың әлеуметтік-эко­номикалық дамуы туралы баяндап, тұр­ғындарды алда атқарылатын шаруалар жайынан хабардар етті.
Үшінші мегаполисте басымдық беріл­ген салалардың бірі – білім. Мектепке дейінгі мекемелерді салу бойынша мәселе алдағы 3 жылда шешімін табады. 577 ны­сан салынып, 3-6 жас аралығындағы бала­лар 100 пайыз балабақшамен қамты­латын болады. Бүгінде үш ауысымдық мектептер саны азайды. Қаладағы 242 525 оқушы 203 мемлекеттік мектепте білім алады. Биылдың өзінде 33 білім ошағы пайдалануға берілді. Қала әкімі өңірдегі осы және өзге де жетістіктерге тоқталды. Қала басшысына жиынға қатысқан 300 ден аса тұрғынның 42-сі сұрақ жолдап, тиісінше жауаптарын да алды. «Әрбір азаматтың талап-тілегі ескеріледі, мәселе­нің күрделілігіне байланысты орта және ұзақ мерзімде қаралатын болады», – деді Мұрат Әйтенов.
Айта кетейік, тұрғындарды негізінен тұрғын үй, жол, жарық, ауызсу, тағы да басқа әлеуметтік мәселелер мазалайды. Одан бөлек, азаматтар жеке мәселелермен де шағымданды. Ал Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек ауданға қарасты 35 елді мекендегі жеке сектор мен көпқабатты үйлердің жылыту маусымына дайын­дығын, аулалар мен саябақтарды абаттан­дыру, көшелер мен жолдардың жөнделген тұстарын баяндады. Еңбекші ауданында 313 200-ден астам халық тұрады. Аудан бюджеті 2017 жылдан бері 11 есеге ұлғайып, 17,5 млрд теңгеден 78,5 млрд теңгеге өскен. Негізгі қаржы көзі – ауыл шаруашылығы мен орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері.
«Қазіргі таңда ауданда 3 өндірістік аймақ жұмыс істейді. Олардың қатарында «Оңтүстік», «Ордабасы» индустриалды және «Оңтүстік» экономикалық аймақ­тары бар. Ал жаңадан салынып жатқан «Жұлдыз» экономикалық аймағына инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде», – деді аудан әкімі. Эко­номикалық аймақтың құрылыс жұмыс­тары біткенде мұнда 60 ірі заманауи кәсіп­орын ашылмақ. Нәтижесінде, 100 млрд теңге инвестиция тартылып, 3000 жұмыс орны құрылады.
Денсаулық сақтау саласы толық компьютендірілді Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының халықпен есепті кездесуі одан әрі Қаратау ауданында жалғасты. Онда қала бюд­жетінің 2017 жылдан бері 4 есеге өсіп, 133 млрд теңгеден 583,5 млрд теңгеге артқаны айтылды. Бұл қаржы әлеуметтің әлеуетін арттыруға, сондай-ақ маңызы бар нысандардың салынуына, денсаулық, білім, ауылшаруашылық сияқты түрлі салаларды дамытуға жұмсалған.
Мәселен, биыл денсаулық сақтау саласы 100 пайыз компьютерлік тех­никамен қамтылған. Қазіргі таңда қалада 44 емхана, 4 көпсалалы аурухана, 22 компьютерлік томография, 14 магниттік резонанс томографиясы бар. «Материал­дық-техникалық базаны жаң­ғырту бойынша биыл жоспарды 79,2%-ға орын­дадық. 6 емхана мен ПЭТ/КТ сәулелі терапия, 800 орындық уни­верситет клиника­сын салу алдағы күн­дердің еншісінде. Бұдан бөлек, 200 орын­дық перинаталдық орталық ашу да жоспар­лануда», – деді шаһар басшысы Қаратау ауданы тұрғындарымен кездесу бары­сында.
Қаладағы осындай игі істерді баянда­ған Мұрат Дүйсенбекұлы одан соң Қаратау ауданының әкімі Р.Мүлкемановтың жыл басынан бергі атқарған жұмысын тың­дады. Аудан әкімі негізінен аймақтағы маңызды мәселелердің бірі инфра­құрылым жүйелерінің тартылуы, баспана­мен қамту, арнайы спорт және балалар алаңының салынуы жайында баяндама жасады.
Қаратау ауданында қос бірдей индус­триалды аймақтың құрылысы қызу жүргі­зілуде. Аталған аймақтарда 35 жоба жүзеге асырылып, 2000-ға жуық жұмыс орны ашылатын болады. «Қазіргі кезде «Тассай» индустриалды аймағының аумағы толық жұмыс істеп тұр. Мұнда бүгінге дейін 20 жобаны іске қосып, нәтижесінде 1 500 адамды жұмысқа орналастырдық. Жыл соңына дейін тағы 8 нысанды іске қоссақ, 885 жұмыс орны ашылады деп күтіп отырмыз», – деді Р.Мүлкеманов.
Бұдан бөлек, аудан әкімінің айтуынша, «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағынан 21 тамақ өнеркәсібі, ал «Агроиндустриалдық» аймағынан 14 өндірістік жылыжай кешенін ашу жос­парланған. Қазір инфрақұрылым құры­лысы жүргізілуде. Сондай-ақ аудан әкімі Рахымберді Мүлкеманов ауданды сапалы ауызсумен қамту жұмыстарына кеңінен тоқталды.
«Өткен жылы сапалы ауыз сумен қамту бойынша «Көмешбұлақ», «Асар», «Шымсити»-ден «Достық»-қа дейінгі әлеуметтік нысандар бойынша және «Нұртас» елді мекеніне кестемен, «Тұран», «Асар-2» елді мекендеріне тасымалмен, жалпы саны 6 магистралды жобаның құры­лысы аяқталып тапсырылған бола­тын. Биыл «Нұртас су жинақтағыш» әлеу­меттік нысаны бойынша 3 елді мекенде атап айтқанда, «Қайнарбұлақ», «Сайрам» және «Жаңақұрылыс» аумағындағы «Ақ­тас-2»-де құрылыс қарқынды жүргізілуде, жыл соңына дейін 1-еуі тапсырылса, 2 жоба жаңа жылға өтпелі», – деді аудан басшысы.
2023 жылдың соңына дейін 5 нысан­ның құрылысы жүргізілмек. Бүгінде Қара­тау ауданы тұрғындарының 91 пайызы сапалы ауызсуды тұтынады. 2023 жыл соңына қарай, аталған нысандардағы құрылыс жұмыстары толық аяқталса, жергілікті халық сапалы ауызсумен 100 пайыз қамтылады деп күтілуде. Инфрақұрылым күн тәртібінен түспейді Айта кетейік, үшінші мегаполистегі өзекті мәселенің бірі – кейінгі қосылған елді мекен инфрақұрылымы. Қала күннен күнге кеңейіп, тұрғындар саны артқан сайын жылуы мен жолында, газы мен жарығында арагідік түсініксіздіктер белең алып тұратыны рас. Себебі әу баста мұнша тұрғынға жоспарланбағандықтан, электр желілері мен құбырлар жүктемені көтере алмай жатады. Сондықтан қала билігі халық сұра­нысы бойынша бар күшті осынау салаға жұмсап отыр. Мәселен, Солтүстік-батыс аймағындағы жалпы 39 көшенің 22-сі – асфальт, 17-сі – тасжол. Биыл Өріс тұйы­ғы, Талас, Бектау жалпы 2 көше жөндеуден өткізілді. Өзекті көшесі пайдалануға берілді. Ал 3 көше жарықтандырылды. Шағынауданды сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында талшықты оптика желісі орнатылған. Жалпы, Сол­түстік-батыс шағынауданындағы 181 түтінде 6 355 адам тұрады. Тұрғындар са­па­лы электр қуатымен, табиғи газ және ауызсумен толық қамтылған. Ал 37 150 тұрғыны бар Абай ауданына қарасты Қатынкөпір шағын ауданындағы 107 көшенің 75-і – асфальт, 32-сі – тасжол. Биыл Спатаев, Ирисмет ата, Айбек, Ясауи атындағы жалпы 4 көше пайдалануға берілді. 18 көше жарықтан­дырылды. Сапалы интернетпен қамтама­сыз ету мақсатында базалық станция орнатылған. Сондай-ақ 27 090 тұрғыны бар «Самал-3» шағынауданындағы 63 көшенің 24-і – асфальт, 39-ы – тас жол. Биыл Б.Момышұлы (жалғасы 1,2,3,4) Құрман­ғазы, Қайсенов, Өскенбай, Ерубаев, Аманжолов атындағы және Баршын сынды 6 көше жөндеуден өткізілді. Шағын­аудан тұрғындары ауыз су, табиғи газ, және сапалы электр қуатымен толық қамтамасыз етілген. 14 көше жарықтан­дырылған. Сапалы интернетпен қамтама­сыз ету мақсатында талшықты оптика желісі жүргізілген. Осылайша, бүгінде қаланың барлық аумағына кезең-кезеңімен инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Шымкент қаласы