2021 жылы меценаттардың қамқорлығымен ашылған музейдің бастауында жергілікті тұрғын, ғылыми қызметкер Мухарам Хайбулин тұр және негізгі жұмыстың барлығы осы азаматтың бас-көз болып, ұйымдастыруымен атқарылып келеді. Музейге келгендерді құрметпен қарсы алып, жәдігерлерді егжей-тегжей таныстырып, туған өңірге деген сүйіспеншілігін басқаларға да дарыта білген жан. Қазір Лепсідегі музейде 1 500 жәдігер сақталған. Біздің дәуірімізге дейінгі V-III ғасырларда қолданылған ежелгі қол диірменді де, Түркі қағанаты кезеңіне тән балбал тасты да осы жерден көруге болады. 1949 жылы шыққан патефон да келушілерді қызықтырады.
Мухарамның тарихқа деген қызығушылығы туған өлкенің өткенін зерделеуге ынталандырып, 1988 жылдан бастап қолына іліккен, көзіне түскен жәдігерлерді жинауға кіріскен. Сол сүйікті ісін әлі күнге жалғастырып келеді. Мектептегі әріптестері де, ауыл тұрғындары да ортақ іске көмектесіп, көне бұйымдарды тапсырады. Жиналған құнды дүниелер мектептегі музейге сыймайтын болған кезде жергілікті жерден шыққан меценат Бауыржан Оспанов көмек қолын созыпты. Ауылда жаңа мешіт салған кәсіпкер осында келген сапарларының бірінде мектепке барып, сондағы музеймен танысады. Жағдайды өз көзімен көріп, тар жерде осындай аса маңызды істі ұйымдастырып отырғандарға тәнті болған жомарт азамат бұрынғы мешіт ғимаратын жөндеуге қаражат бөліп, жұмысы аяқталған соң музейге тарту еткен. Басқа да кәсіпкерлер, депутаттар, меценаттар қарап қалған жоқ. Мүмкіндігінше туған өлкенің өткенін паш ететін музейге қол ұшын берді. Талдықорғандағы М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіндегілер де өздерінің филиалы ретінде тіркеп, шамасы жеткенше жәрдемдесті. Музейді көркемдеу, жәдігерлерді орналастыру жұмыстарын елге белгілі сәулетші, академик Шәміл Қажаханов пен «Заман-Ту» ЖШС бірлесіп жүргізді. Қазір мұражайда 10 адам жұмыс істейді.
Музейдегі тағы бір айрықша экспонат – қазақ балуандары шыдамдылығын шыңдау, күш-қайратын еселеу мақсатында жаттығуға пайдаланған, жасанды тесіктері бар үлкен тас. Музей қызметкерінің түсіндіруінше, орта ғасырлар дәуірінде түркі және славян халықтары қазіргі түсініктегі темір батпанның орнына тастан істелген кір тасын пайдаланған. Үлкен тасты кімнің алысқа апара алатыны бойынша жарыстар ұйымдастырған. 100-150 келілік тасты қиналмай көтерген батырлар белгіленген қашықтықты бағындыруда өзара күш сынасқан. Мықтылығын осылай көрсетіп, қарсыласының мысын басқан. Бұл жайында поляк ақыны Адольф Янушкевич өзінің күнделіктерінде көрсеткен. Ол Барақ сұлтан үлкен сүттей аппақ тасты көтеріп, екі верст (1 верст – 1066, 8 метр) жерге апарып, жолдың үстіне қойды деп жазыпты.
Музейде шекаралық тас баған да тұр. Онда дулат руының таңбасы ойылған. Бұл эксонатты да Мухарам Минтайұлы 1991 жылы картоп еккен алқаптан тауыпты. Бұлардан басқа XIX-XX ғасырлардағы киімдер мен тұрмыстық заттар да бар. Мектеп кітапханасынан кездейсоқ жағдайда табылған ескі кітап та осында. Алаш Орда кезіндегі, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әскери киімдер үлгілері, ХІІ-ХІV ғасырлардағы садақ жебесінің ұштары, түрлі мемлекеттің теңгелері, ежелгі керамика ыдыстардың сынықтары, самауырлар, түрлі сағат тетіктері, үтіктер, «Зингер» тігін маишинасы, фотоаппараттар, ат әбзелдері, қарулардың үлгілері, сирек кездесетін фотосуреттер және тағы басқалар қонақтарды қатты қызықтырады.
Жоғарыда айтылған, 1949 жылғы патефон әлі күнге қолданысқа жарайды. Музейдегі 1950-1956 жылдары шыққан граммофондық пластинкаларды қиналмастан айналдырып, айналаны әсем әуенге бөлеуге жарап тұр.
– Музейлер біздің күнделікті тірлігімізде ғана емес, тұтас ғұмырымызда аса маңызды міндет атқарады. Олар тарихымызды сөзбен емес, заттар арқылы бізге жеткізеді. Қазір ақпарат алудың мүмкіндігі зор. Интернетке жүгінсең, барлығын табасың. Интербелсенді музейлер дамып келеді, көптеген мұражайды онлайн тамашалауға болады. Алайда біз үшін жылдар бойы қалыптасқан көзбен көріп, қолмен ұстайтын жәдігерлер сақталған қасиетті орын музей туралы ұғымды санадан сызып тастай алмайсың. Соған сай олар алдағы кезде де өзінің маңызын жоғалтпайды деп ойлаймын. Біздің музейдің жәдігерлері арқылы өлкеміздің тарихын білуге, елдің, жердің өткеніне көз жүгіртуге болады. Біздің өңірдің табиғаты керемет әрі бай. Орта ғасырларда осы өлке арқылы Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткен. Сондықтан да әрдайым саяхатшылар мен зерттеушілерді өзіне тартқан, – деп толғанады Мухарам Хайбулин.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы