Борышкер сот орындаушысын көлігімен қағып кетті
Борышкер сот орындаушысын көлігімен қағып кетті
видеодан скриншот
5,530
оқылды
Қостанай тұрғыны жеке сот орындаушысын көлікпен қағып кетті. Қарызы көбейген борышкер көлігін тәркілеуге қарсылық білдірген, – деп хабарлайды AstanaTV. Полиция әкімшілік хаттама толтырып, істі сотқа жөнелтті. Алайда жәбірленуші борышкерге қатысты қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр. Борышкер Рахат Мақашевтың жеке сот орындаушысының айтқанын орындамай, көлігімен кері шегінгені жақын маңдағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. «Қала тұрғыны темір тұлпарын тәркілеуге қарсылық білдіргендіктен қағып өтті», – дейді сот орындаушысы Владислава Петраш. Жеке сот орындаушысы Владислава Петраш: «Ол мені 20 минут бойы көндіруге тырысты. 102-ге қоңырау шалып, полиция күтіп тұрдым. Кенет көлігіне отырды да, кері шегіне бастады. Мені тыңдаған да жоқ. Көліктің артында тұрғанымды айнасынан көрді. Соған қарамастан әуелі баяу қозғалып, одан кейін жылдамдықты үдете түсті», – дейді. Жеңіл жарақат алған жеке сот орындаушысы жеңіл көлік астында қалып қоймағанына шүкір дейді. Қызмет бабындағы қызметкердің денсаулығына зиян келтірген үшін ол қылмыстық жазаға тартылуы тиіс дейді Владислава Петраш. Ал 43 миллион қарызы бар қала тұрғыны өз уәжін айтты.
Қостанай қаласының тұрғыны Рахат Мақашев: «Қағазы жоқ оның қолында. Мен заң бойынша айтып отырмын. Біріншіден, көлік әйелімнің атында. Ол әйелімді шақыру керек. Әйелімді сотқа беруі керек. Сосын машинаны сатып, жарты ақшасын әйелге, жарты ақшасын маған беру керек. Заң бойынша солай болу керек», – дейді.
Облыстық соттың баспасөз қызметі Мақашевтің ісі сотқа түскенін растады. Қостанай тұрғыны қос бап бойынша жауапқа тартылмақ. Қостанай облыстық соты баспасөз қызметінің бөлім басшысы Зәуре Едікова: «Қала тұрғынына қатысты екі әкімшілік іс түсті. Әкімшілік кодекстің 610-бабы 2-бөлігі және 611-баптың 2-бөлігі бойынша. Сот отырысы қазан айының 28-іне белгіленді», – деді.

Бұған дейін Алматыда борышкер сот орындаушымен қоса, бес адамды атып тастаған еді.