«Желіден жаңалықтар қарау, оқу қауіпті», «Мен 30 күн бойы әлеуметтік желіні қолданбадым», «Желілерден қашу» сияқты тақырыптармен шыққан материалдар әлемдік ақпарат порталдарында жиі кездеседі. Адамдар интернеттегі уақытын саналы түрде шектей бастады, digital-детокс күн өткен сайын кең таралуда. Жаңалықтарсыз өмір сүру адам өміріне қалай әсер ететінін және ұдайы қызықтыратын контентке деген құмарлықтың қандай зияны болатынын lenta.ru-дың мақаласына сілтеме жасап Aikyn.kz хабарлайды.
Digital-детокстың көмегімен бүкіл әлемдегі желі қолданушылары стресті азайтуға және өз өмірін көбірек бағалауды үйренуге құштар. Кейбіреулер үшін бұл думскроллингпен (стресс пен алаңдаушылық тудыратын жағымсыз жаңалықтарды бақылаусыз оқу) күресудің жақсы тәсіліне айналды.
«Мен физикалық және психикалық жағынан азап шектім. Кейде өзімді шынайы өмірден бөлінгендей сезіндім, өзім ішкі рухани кеңістігім босап қалғандай сезінетінмін, миым кенеттен ойлау қызметін тоқтатқандай болды», – деп кәсіпкер Евгений Луговой интернет пен гаджеттерге тәуелділікпен күресудегі жеке тәжірибесімен бөліседі. Бірнеше жыл бұрын ол желіде тым көп уақыт өткізетінін түсініп, онымен күресуге бел буды.
[caption id="attachment_223090" align="aligncenter" width="1800"] Адам өмірін шырмап алған құрылғылар. Фото gettyimages.com сайтынан алынды[/caption]
Алайда цифрлық әлемнен кету Луговойға оңайға түспеді: Instagram-нан толық бас тартуға бір жылдай уақыт жұмсады. Кәсіпкер YouTube-ті анда-санда жүктеп алып, кейін өшіріп, қайтадан Telegram арналарын оқып жүрген. Әйтсе де Луговой ақыры ғаламтордың құрығынан құтылады. Бүгінде ол әлеуметтік желіні өте аз пайдаланады және YouTube қарамайды, жаңалықтарды екі сайттан ғана оқиды. Кәсіпкер осындай өзінің ерік-жігерін жұмылдырып басқалардың пікіріне тәуелділіктен арылғанын, ішкі әлемінің тыныштанғанын айтады. Сондай-ақ сыни тұрғыдан ойлау дағдылары жетілген.
«Мен енді уақытымды тиімді пайдаланамын. Бұл телефонға хабарлама келген бойда оны көрудің қажеті болмаған кездегі нағыз еркіндік сезімі», – деп бөліседі ол Lenta.ru материалында.
Блогер әрі шолушы Рүстем Аламанов та шынайы өмірге оралу үшін барынша күресті. Бір ай бойы смартфонды да, интернетті де өшірді. Ол кездескен қиындықтардың қатарында Google-сыз ақпарат іздеу, смартфондағы картасыз қалада жүру және қосымша арқылы таксиге тапсырыс бере алмау болды. Сонымен қатар, Аламанов телефонға суретке түсіп, қосымшаларға жазба жазуды аңсаған.
Тәжірибенің он төртінші күнінде ғана блогер смартфонсыз өмірге үйрене бастайды. Тәжірибе соңында мақала авторы бұрын оның миына шамадан тыс салмақ түсетінін, ол өзінің ішкі дауысын естуден қалғанын түсінген.
[caption id="attachment_223091" align="aligncenter" width="1781"] Табиғаттан рахат алу қиын емес. Фото gettyimages.com сайтынан алынды[/caption]
Студент Стефани Штайнерт 48 сағат бойы гаджеттерді қолданбай өмір сүруге бел буады. Дегенмен, осы қысқа мерзімде желіден ажыраған соң еңбек өнімділігі артып, айналасына, сыртқы әлемге назар аудара бастағанын сезінеді. Ал, бір тәулікке құрылғылардан бас тартқан журналист Сара Ли бұл уақытта өзін сабырлы және сергек сезінгенін айтады.
«Сол күні мен бұрынғыдай әлеуметтік желідегі адамдармен өзімді салыстырмадым. Сондықтан менде біреуге деген қызғаныш сезімі болмады. Оның орнына мен нақты өмірде не болып жатқанына назар аудардым», – деп ол өз ойын нақтылайды.
[caption id="attachment_223092" align="aligncenter" width="1756"] Жастар да, қарттар да өмірлерін экран алдында өткізуде. Фото gettyimages.com сайтынан алынды[/caption]
Біздің заманымызда интернет пен гаджеттерден саналы түрде бас тарту – digital-детокс – трендке айналды.
2018 жылы америкалық ғалымдар экран уақытының көп мөлшері мен балалар мен жасөспірімдердің психологиялық жағдайының нашарлауы арасындағы байланысты анықтады. Зерттеу көрсеткендей, күніне 7 сағаттан астам уақытын гаджеттерге жұмсайтын 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерде депрессия мен үрей жиі кездеседі екен.
Стресс, депрессия, алаңдаушылықтың интернетке тәуелділікпен тікелей байланысты екенін Түркияның Сакария университетінің ғалымдары да студенттер арасында сауалнама жүргізгенде анықтаған. Олардың Мысырдағы әріптестері де осындай қорытындыға келді. «Интернетке тәуелділік пен депрессия, алаңдаушылық пен күйзеліс арасында күшті байланыс байқалды», – дейді интернеттегі әдеттер мен студенттердің психикалық денсаулығын зерттеген мысырлық зерттеушілер.
[caption id="attachment_223093" align="aligncenter" width="1800"] Күндіз де, түнде де смартфонға телмірген көздер. Фото gettyimages.com сайтынан алынды[/caption]
Ұлыбританиядағы Бат университетінің ғалымдары эксперимент жүргізіп, әлеуметтік желіден бас тартқандардың психологиялық жағдайы бір аптадан кейін айтарлықтай жақсаратынын анықтады.
Digital-детокстың жақтаушылары номофобияны – смартфонға қол жеткізе алмай қалу қорқынышын еске салады. Бұл жағдай смартфонмен көп уақыт өткізетін адамдарда кездеседі.
Ғалымдар ұйқы сапасының нашарлауын әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдаланумен байланыстырады. Бұған цифрлық дәуірдің тағы бір жағымсыз симптомын қосуға болады – жоғалту қорқынышы (fear of missing out, FoMO). Бұл – адамның қызықты нәрсені жіберіп аламын-ау деп үнемі алаңдауынан туындайды.
Интернетке тәуелділік көбінесе цифрлық желіде болғанда адам бойында дофамин өндіру жылдам жүретінімен түсіндіріледі. Психиатр Анна Лембке бұл нейромедиатор деңгейі адам жағымды нәрсе жасағанда немесе жақсы нәтиже болғанда артатынын айтады.
«Біз, Павловтың иттері сияқты смартфоннан хабарландыру естігенде, дофаминнің бөлінуіне үйретілгенбіз», – дейді дәрігер.
Алайда, мидағы дофамин деңгейі жоғарылағаннан кейін ол бірден төмендейді. Бұл төмендеу бастапқы деңгейден төмен болады. Осы тапшылықтың орнын толтыру үшін адам қайтадан гаджетке қол созады. Енді бұл ләззат үшін емес, дофамин тапшылығын жеңілдету үшін қажет. Осылайша, адам тұйық шеңберге түседі. Ол желіге рақаттану үшін емес, жайсыздықты сезінуді тоқтату үшін қайта оралатыны байқамай қалады. Смартфонға, интернетке, әлеуметтік желіге тәуелділік осылай басталады.
Дегенмен, көпшілік үшін бүгінгі күні желіні пайдаланудан толық бас тарту утопия сияқты көрінуі мүмкін. Әлеуметтік желілерді табыс көзі ретінде пайдаланатындарға цифрлық әлемнен байланысты үзу экономикалық жағынан тиімсіз. Сондықтан, сарапшылар бүгінде интернет пен гаджеттерді өмірлерінен аластату тек ауқатты адамдар үшін ғана мүмкін екенін атап өтуде.
[caption id="attachment_223095" align="aligncenter" width="1800"] Таза ауада соңғы рет қашан кітап оқыдыңыз? Фото gettyimages.com сайтынан алынды[/caption]
Цифрлық әлемнен тәуелсіз болғысы келетіндер алдымен гаджетпен және интернетпен өзара әрекеттесуін талдаудан бастауы керек. Сонымен қатар, digital-детоксты қарапайым қадамдардан бастауға болады. Мысалы, демалыс күндері тек 20 минут жаңалықтар қарау, кейін бұл ережені жұмыс күндеріне дейін кеңейтіп, уақытты біртіндеп азайта беру.
«Біріншіден, гаджетсіз жұмыс істейтін әр күн үшін белгілі бір уақыт мөлшерін белгілеңіз. Мысалы, түскі ас кезінде», – деп кеңес береді Нью-Йорк университетінің профессоры Адам Альтер.
Жаңадан бастаушыларға арналған ұсыныстар тізімінде гаджеттердегі хабарландыруларды өшіру және оларды жатын бөлмеде пайдалануды тоқтату бар. Егер адам маңызды шаруамен айналысып отырып басқа нәрсеге назар аударып, алаңдаса, мидың бастапқы тапсырмаға қайта қосылуы үшін бірнеше минут қажет. New York Times шолушысы Кевин Руз өзінің «Болашаққа төзімді» кітабында гаджетін резеңке қапқа салып, смартфонға тәуелділікпен күрескенін айтады. Ол өзіне осындай кедергі жасап, өз өмірінде гаджетті қолдану ауқымын түсінген.
[caption id="attachment_223096" align="aligncenter" width="1737"] Ұрпақ саулығын ойлаған ата-ананың өнегесі де бөлек. Фото gettyimages.com сайтынан алынды[/caption]
«Мен жұмыста лифтке отырған сайын, пәтерімнің есігін ашқан сайын және банк карточкасымен төлем жасап тұрғанда болатын үш секундтық үзілісті толтыру үшін телефоныма қол созатынымды байқадым», – деп мойындайды.
Мамандар гаджеттерге тәуелді болғандарға интернетте серфинг пен экран уақытын шектейтін қолданбаларды орнатуға кеңес береді. Google-дың бұрынғы қызметкері Тристан Харрис мазмұнның тартымдылығын азайту үшін смартфондарда ақ-қара режимді орнатуды ұсынады.
Digital-детокстың ең танымал түрлерінің бірі – әлеуметтік желілерден шығу. Оны америкалық актриса және әнші Селена Гомес ұсынады. Әнші 2019 жылы Instagram-да ең көп жазылатын үш жұлдыздың бірі болды. Дәл сол кезде ол смартфонынан барлық әлеуметтік желілерді өшіріп тастайды. Содан бері оның көмекшісі хабарламалар жазып жүр.
«Мен қазір поп-мәдениет әлемінде не болып жатқанын білмеймін және бұл мені шынымен бақытты етеді. Бұл менің өмірімді сақтап қалды», – дейді Гомес.
Психикалық саулықты сақтау үшін актер Том Холланд, әншілер Эд Ширан мен Лорде және басқа да жұлдыздар әлеуметтік желілерден шығып кеткен.
Қазіргі әлемдік технологиялық желілер адамды жан-жағынан қоршап, өзіне тәуелді етті. Қазақтың жастарына да әлеуметтік желілердің шырмауынан босап, уақытын пайдалы істерге, өзін дамытуға қолдануға ойланатын уақыт жеткен сияқты. Эксперимент түрінде болса да аптаның бір күнін digital-детокс жасауға шақырамыз. Бұл ділдік (менталды) саулығымызға жасалған үлкен қадам болуы мүмкін.