Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ – Тоқаев
Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ – Тоқаев
395
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында жергілікті  халықпен жүздескенде тіл мәселесіне тоқталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Президент қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ екенін ескертті. «Қазақша сөйлейтін жастар көбейіп келе жатыр. Жалпы, тілдік орта түбегейлі өзгерді. Қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері де аз емес. Соған сәйкес қазақша фильмдерге, әндерге және басқа да өнімдерге деген сұраныс жоғары. Мұның бәрі қазақ тілінің қолдану аясы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ. Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ. Осындай теріс түсініктер кейбір елдерді қасіретке ұшыратты. Мемлекет қазақ тілін қолдау үшін тиісті шаралар қолданып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз. Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек. Бұл – өте дұрыс. Бірақ, өзге тілден бас тартуға болмайды. «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген сөз бар. Біз тіл саясатын байыппен жүргізуіміз керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз», – деді Мемлекет басшысы.