Денсаулық сақтау саласындағы 2019 жылдың қорытынды дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 14 мыңнан астам жұп бедеу ретінде тіркеліпті. Олардың 15 пайызын жас жұбайлар құрап отыр. Сәби сүйе алмаған отбасылар осыдан кейін ұрыс-керіске барып, ақырында ажырасып жатады. Бұл орайда шаңырақ көтеруге ниет еткен жастардың алдын ала генетикалық және медициналық тексерістен өтпеуі де себеп болып отыр. Дәрігерлер «жас жұбайлар уақытында тексерістен өтсе, бірнеше факторлардың алдын алуға болады» деп айтады. Денсаулық сақтау министрлігі некеге тұруға ниет білдірген жастардың 10-20 пайызы ғана генетикалық және медициналық тексерістерден өтетінін мәлімдеп отыр. Ал жастардың отбасылық өмір жолына бейжай қарауына не себеп? Ал заң жүзінде міндеттеудің қажеттілігі бар ма?
Ұрпақ саулығы маңызды
Елімізде некеге тұрар алдында медициналық тексеруден өту міндеттелмеген. Осыған ұқсас бастаманы 2013 жылы дәрігерлер көтерген. Ұрпақ саулығы үшін мұндай заңның тиімді екенін алға тартқан дәрігерлер отбасын құруға ниет еткен азаматтарды ВИЧ инфекциясына анализ тапсыруға міндеттеуді ұсынған. Алайда бастама қолдау таппады. Дегенмен аталған жұқпалы дерттен сақтану үшін ерікті түрде анализ тапсыратындар да жетерлік. Мысалы, Алматы қаласындағы «ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» 2019 жылы 350 мың адамды тексерген. Соның 500-і ВИЧ жұқтырған екен. Генетикалық тексерістен өту қоғам үшін әлі де жат құбылыс тәрізді көрініп отыр. Мамандар «тексерістің бұл түрі халықтың келешек саулығына қажет» деп айтады. – Неке қияр алдында генетикалық тексеріс қажет. Генетикалық аурулардың статистикасы ауыз толтырып айтатындай көп емес. Бірақ күрделі мәселе. Менің байқағаным, тіпті шаңырақ көтергелі отырған жастар бір-біріне мұндай нәрселерді айта бермейді, кейбірі білмейді де. Генетикалық тест ең әуелі Денсаулық сақтау министрлігіне қажетті. Халықтың ішінде қаншама адамның гені өзгеріске ұшырап жатыр, қай аурулар қаржы бөліп емдеуді қажет етеді, осы секілді деректерді сақтап отыру керек. Гені өзгеріске ұшырап жатқан адам сау секілді жүре береді, бірақ кездескен жұбында да гендік өзгерістер болса, ауру бала дүниеге келеді, – дейді генетик маман Болат Сұлтанқұлов. Ал акушер-гинеколог Салтанат Сарина жастар өз денсаулығына бейжай қарап, соның салдарынан туабітті дертке шалдыққан балалар дүниеге келетініне алаңдайды. – Жас жұбайлар неке құрмас бұрын генетикалық тексерістен өткені абзал. Себебі көп жағдайда тұқым қуалайтын аурулары барын білмей, сәбилері туабітті ауру болып жатады. Тұқым қуалайтын ауруларға тек генетикалық тұрғыдан қарауға болмайды. Физиологиялық, экологиялық, инфекциялық факторлардың да әсері бар. Сол үшін келешек ата-ана болатын жастарға дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттерден аулақ болуды ұсынар едім. Бірақ жастардың басым бөлігі бұл кеңеске құлақ аспай жатады, – деді.Заң мәселені шеше ме?
Еліміздің «Неке және отбасы туралы» заңында некелесетін азаматтарды медициналық тексеру туралы жазылған. Дегенмен ол жұбайларды дәрігерге қаралуға міндеттемейді. Оның есесіне заңда қауіпті ауруын жасырып, өзгелерге жұқтырған азаматтар Қылмыстық кодекстің 117-бабы бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылатыны айтылған. Ал ҚК 118-бабында қауіпті ауруын екі азаматқа немесе кәмелетке толмаған адамға жұқтырғандар 8 жылға дейін түрмеге қамалатыны көрсетілген. Біз айтып отырған некеге тұрмас бұрын генетикалық немесе медициналық тексеруден өтуді міндеттейтін заңнама жоқ. Ал Салтанат Сарина проблема маңызды болса да, заңмен шешуді құптамайтынын жеткізді. – Бұл мәселені заңмен шешуге келіспес едім. Жұбайлардың жеке әңгімесіне заң араласпаса деймін. Жастар өз арасында бәрін келісіп жасауы тиіс. Біз тек маман ретінде кеңес беріп, дұрыс жолын нұсқап отырсақ болғаны, – деді маман. Дегенмен генетик Болат Сұлтанқұловтың пікірі басқа. Ол генетикалық тестті өткізуге байланысты заң жобасы дайындалу керегін жеткізді. – Ақпараттық қорғаныс генетикада да бар. Яғни ауруын әр адам өзі ғана білуі тиіс. Өйткені соңғы жылдары әлемде генетикалық тексерістер арқылы криминалдық шабуылдар жасалады. Егер әр адамның генетика жағынан жеке дерегін сақтай алатын заң болса, некеге тұрмастан бұрын азаматтарды генетикалық тесттен өтуге міндеттегенін құптаймын, – дейді. Бірқатар әлем елдері жастардың некеге тұрар алдында генетикалық, медициналық тексерістерден өтуін заңды түрде міндеттейді. Шаңырақ көтеруді шешкен жұп дәрігерге қаралып, бойында сырқаты бар-жоғын және генетикалық тексерістер арқылы дені сау бала туу мүмкіндігін болжайды. Сондықтан неке тіркейтін органға медициналық тексеріс қорытындысын өткізу қажет. Онсыз неке қия алмайды. Мұндай тәжірибе көршілес Өзбекстан елінде де бар. 2004 жылы қолданысқа енгізілген заң жобасы бойынша жастар денсаулығын тексертіп қана қоймай, бір-біріне туыстығы жоқ екенін растайтын анықтамасы болмайынша отау құра алмайды. Туыстығы жоқ екенін растайтын анықтама жайы сөз болғанда қазақ халқының жеті атадан қыз алыспайтын салты ойға түседі. Оның ең тиімді жол екені анық. Өзбек жұртының бұл қадамға барып, аталған заң жобасын шығаруына елдегі туабітті ауруға шалдыққан балалардың көбеюі себеп болған.ТҮЙІН:
Неке қимастан бұрын медициналық, генетикалық тексерісті заң жүзінде міндеттеуді құптайтын да, қажеттілікке санамайтын да жандар бар. Сондықтан біржақты пікір айтудан аулақпыз. Әзірге бұл мәселе жас жұбайлардың еркіне қалып отыр. Бастысы – дені сау ұрпақтың қамы.