«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Шерхантаным: қазіргі қазақ әдебиеті мен баспасөзінің даму үрдісі» ғылыми-практикалық конференциясы өтуде.
Конференция алдында көпшілік фойеде Мемлекеттік Орталық архивтегі Шерхан Мұртазаның жеке текті архивтік құжаттарының көрмесін тамашалауға мүмкіндік алды. Одан кейін Парламент Мәжілісінің депутаты, жазушы-журналист Мейрамбек Төлепбергеннің модераторлығымен конференция жұмысы басталды.
Жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қуандықұлы, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдіұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Жақып Бауыржан, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Ғарифолла Есім, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ақдәулет Мейірхан, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Уалихан Қалижан, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы, профессор Ергөбек Құлбек секілді азаматтар баяндама жасауда.
Сондай-ақ халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық тойына орайластыра баспадан шыққан екі жинақтың тұсауы кесілмек.
Естеріңізге сала кетсек, таңертең Шерхан Мұртазаның еңселі ескерткішінің ашылу салтанаты өткен. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай Таразда өтіп жатқан мерейтойға арнайы құттықтау хатын жолдаған.
«Ақиқаттың алдаспаны, намыстың наркескені атанған ардақты Шер-ағаң саналы ғұмырын ұлт руханиятының дамуына арнаған қарымды қаламгер, қайраткер тұлға еді. Сөз зергері Шерхан Мұртаза журналистикада тұтас бір буынды тәрбиелеп, таланттарға жол ашқан, өзіндік мектебін қалыптастырған қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегі болды. Абыройлы азамат ретінде биік мінберлерде елдік мәселелерді көтеріп, ұлт мүддесі жолында аянбай күресті. Жазушының қаламынан туған құнды туындылар уақытпен бірге жасап, өскелең ұрпақтың жадында жаңғыра берері анық. Оның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды», – делінген құттықтау хатта.
Түс ауа мерекелік іс-шаралар Шер-ағаның туған топырағы Жуалы ауданы Талапты ауылында жалғасын табады. Онда Шерхан Мұртаза тұрған үйдің мұражай ретінде ашылуы өтіп, түрлі мерекелік іс-шаралар өтеді деп күтілуде.
Жамбыл облысы