Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Палата отырысы болды. Бүгін депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Каспий теңізіндегі Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын межелеу және балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлу туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады. Сенат Төрағасы атап өткендей, құжат Каспий теңізіндегі Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы мемлекеттік шекара сызығын айқындау және балық кәсіпшілігі аймақтарының аражігін ажырату мақсатында әзірленген.
«Осы Заң Қазақстанның Түрікменстанмен мемлекеттік шекарасын делимитациялау процесін аяқтауға және екі мемлекет арасындағы Каспий теңізіндегі мемлекеттік шекараларды заңды түрде бекітуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта заң екі ел арасындағы тату көршілік қатынасты одан әрі нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді деп сенеміз», – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.Сенат депутаттары сондай-ақ «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Ресей Федерациясының азаматтары болып табылатын Еуразиялық экономикалық комиссияның және Еуразиялық экономикалық одақ сотының лауазымды адамдары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды да қабылдады. Заңның күшіне енуі осы адамдарға комиссияда және ЕАЭО сотында еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде алған зейнетақы құқықтарының жүзеге асуы мен қорғалуын қамтамасыз етеді. Сенаторлар отырыс барысында өздерінің депутаттық сауалдарын да жария етті. Бақытжан Байахметов Абай облысының Семей қаласын жылумен жабдықтау мәселесін көтере отырып, жылу электр стансасының құрылысын кешенді түрде шешуді: электр және жылу желілерін дамыту және жаңғырту қажеттігін, сондай-ақ 2023-2025 жылдары жылумен жабдықтау объектілерін қаржыландыру мәселелерін егжей-тегжейлі пысықтау керектігін атап өтті. Нұржан Нұрсипатов еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытуға, оның ішінде объектілерді жекешелендіру нәтижесіне назар аудара отырып, қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алуда бірыңғай мемлекеттік саясатты әзірлеу қажеттігіне ерекше тоқталды. Мұрат Бақтиярұлы экологиялық апат пен Кіші Аралдың жоғалуына жол бермеу үшін Арал теңізіндегі Көкарал бөгетін жедел жөндеудің маңыздылығын жеткізді.