– Бүгінде Жетісу облысы бойынша 100 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер анықталды. Жер – халықтың байлығы. Ол барлық азаматтың игілігіне жарауы керек. Әкімдер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы қажет. Облыстың суармалы жерлерді игеруге зор мүмкіндігі бар. Бүгінде аймақтағы жер суаратын желілердің 70 пайызы тозып тұр. Оның бәрін жаңғыртып, қалыпқа келтіру керек. Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарында суармалы жердің көлемін 18 мың гектарға ұлғайтуға болады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі облыс әкімдігімен бірлесіп, осыған орай нақты шаралар қабылдасын, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісудың ауыл шаруашылығындағы басым бағыттың бірі – қант қызылшасы екеніне тоқталып, еліміздегі 4 қант зауытының екеуі осы жерде орналасқанын атап өтті. Алайда шикізаттың жоқтығынан оның біреуі жұмыс істемей тұр. Қант қызылшасын өсіретін алқаптар азайып кетті. Соның кесірінен импортқа тәуелділік артты. Зауытты іске қосуға 2017 жылдан бастап жергілікті бюджеттен 12 миллиард теңге жұмсалды. Биыл жазда қант бірден қымбаттап, оның тапшылығы туындады. Президент мұның бәрі құзырлы органдардың салғырттығы мен бейқамдығының кесірінен болғанын жеткізді. Осы тұста Мемлекет басшысы бос тұрған зауытты тезірек толық іске қосуды, қажет болса, басқа инвесторлар тартуды қарастыру керек екеніне назар аударды. Сонымен қатар облыстағы екі қант зауытының қуатын 100 пайызға жеткізіп, 2026 жылға қарай өндірілетін қант көлемін 180 мың тоннаға арттыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ облыстың көкөніс пен бау-бақша өсіру ісінде зор әлеуеті бар екенін, осы орайда, заманауи қоймалар салу мәселесін шешу қажет екенін атап өтті. Бұдан кейін Президент өнеркәсіпті дамыту және кәсіпкерлікті қолдау салаларына тоқталды. Өңірдегі өнеркәсіп саласының өсу динамикасын оң бағалап, жыл басынан бері 23 нысан пайдалануға берілгенін айтты.
– Бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған жоғары сапалы кремний өндіретін Kazsilicon зауытының жаңғыртылып, іске қосылуын және темірді тікелей тотықсыздандыратын «Электромарганец» зауытының құрылысын ерекше атап өткім келеді. Екеуі де еліміз үшін маңызды кәсіпорын. Олар металлургия саласындағы озық технологияларды әзірлеу және тарату алаңына айналуы керек. Сондай-ақ облыста 2026 жылға дейінгі инвестициялық портфель жасалған. Онда 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын 162 жоба қамтылған. Жоспардан үлкен үміт күтеміз. Енді жобалардың жүзеге асырылуы қалай болатынын көреміз, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін өңдеу өнеркәсібіне жаңа инвесторларды белсендірек тарту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар өңірдегі аккумулятор зауыты перспективасы зор іргелі кәсіпорынның бірі екенін айтты. Кәсіпорындарды қажетті көлемде шикізатпен қамтамасыз ету үшін елден қорғасын сынықтарын шығаруға толық тыйым салу қажет екенін баяндады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы мол транзиттік мүмкіндікті ескере отырып, аймаққа халықаралық көлік-логистикалық компанияларды тарту маңызды деп есептейді. Бұл үшін елімізде құрғақ порт, логистикалық және индустриялық аймақтарды қамтитын «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы бар екенін еске салды.
– Достық станциясында жылына 9 миллион тонна жүк пен 300 мың контейнер қабылдап, жөнелте алатын терминал салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Hubei Kelison индустриялық паркін салу жөнінде Қытаймен бірлескен жобаны жүзеге асыруға қатысты мәселелерді шешу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Жетісу халқының 90 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Алайда су құбыры желілерінің едәуір бөлігі әбден тозып, 1,2 мың шақырым құбыр желісі күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан өңірдегі құбыр желілерін кезең-кезеңімен жаңарту әкімдіктің басты міндеттерінің бірі ретінде айтылды. Көгілдір отын облыс тұрғындарының 10 пайызына ғана қолжетімді екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар елді мекенді газбен қамтуды тапсырды. Сондай-ақ облыстағы жол мәселесіне де арнайы тоқталды. Оның айтуынша, «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Үшарал – Достық» тас жолдары салынып жатыр. Құзырлы органдарға жұмыс барысын қатаң бақылауға алып, келесі жылы толық пайдалануға беру тапсырылды. Мемлекет басшысы әлеуметтік инфрақұрылымдар мәселесіне де арнайы тоқталды. Оның айтуынша, облыста апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқытатын мектептер жоқ. Бірақ, босаңсуға болмайды. Мектеп мәселесі әкімдіктің ерекше назарында болуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Қазақстанда әлемнің жетекші бес техникалық университетінің филиалдарын ашу туралы бастама көтергенін еске салып, өзінің тапсырмасымен Үкімет облыс әкімдігімен бірлесіп Талдықорған қаласында шетелдік ірі технологиялық университеттің филиалын ашу мәселесін пысықтап жатқанын айтып өтті. Жиында биыл облыстың алты ауданындағы шалғай орналасқан шағын елді мекендерде медициналық пункттерге арналған 12 модульдік кешен салынатыны туралы айтылды. Ал 2024 жылға дейін тағы 40 ауылда осындай нысан бой көтереді. Сонымен қатар өңірдегі бірқатар денсаулық сақтау орындарына күрделі жөндеу жүргізіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысының әкімдігі туризм саласын дамытуға айрықша мән беруі керек екенін айтты. Жетісудағы ұлттық парктерде құны 3 миллиард теңгеден астам инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Оған ірі инвесторлар тартылған. Сонымен қатар жиында облыстың экологиясы туралы да айтылды. Текелі қаласын қорғасын-мырыш комбинатының қалдықтарымен ластау мәселесі көтеріліп, жердің құрғап кетуіне жол бермеу үшін Балқаш жағалауын көгалдандыруды қолға алу маңызды екеніне мән берілді. Мемлекет басшысы бұл жұмыстарды үйлестіруді Экология министрлігі жүзеге асыруы керек екеніне тоқталды. Сондай-ақ уәкілетті органдар Қытаймен бірлесіп, трансшекаралық Іле өзеніне судың жіберілуін бақылауға алуы қажеттігін атап өтті. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жарлығымен өңірдің бірқатар азаматын мемлекеттік наградамен марапаттады. Жиыннан соң Мемлекет басшысы Талдықорған қаласында биыл маусым айында ашылған «Айсұлу» Жетісу тігін фабрикасы» ЖШС жұмысымен танысты. Фабрика халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарды көптеп жұмысқа алған. Атап айтқанда, 26 көпбалалы ана, 36 жалғызбасты ана, 11 мүмкіндігі шектеулі азамат қызмет етеді. Заманауи тігін жабдықтарына ие кәсіпорын бүгінде бір рет қолданылатын медициналық бұйымдар (бетперде, халат, комбинезон) және арнаулы киім формаларын тігеді. Президент фабриканың жұмысын жоғары бағалап, өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға үлес қоса беруіне тілектестік білдірді.
М.ХАҚНАЗАР