Жетісу өлкесінің әлеуеті зор

Жетісу өлкесінің әлеуеті зор

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңір жұртшылығымен кездесті. Президент бұл өлкенің өзіне ерекше ыстық еке­нін атап өтті. Жиын кезінде Мемлекет басшысы бұрынғы Алматы облысының жер кө­лемі тым үлкен болғанын, жергілікті бас­қару ісін жетілдіру үшін облысты екіге бөлу туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Президенттің айтуынша, бұл – мұқият ой­лас­­тырылып жасалған қадам және тұрғын­дар үшін қолайлы екені анық. Қазір Жетісу­дың әлеуметтік-экономикалық қуатын арт­тыруға бюджеттен қаржы бөлініп, қол­дау көрсетіліп жатыр. Бұл шешім аймаққа ин­вестиция тартуға, инфрақұрылымды жақ­­сартуға ықпал етеді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Жетісу өңірінің дамуына тың серпін беретін кейбір мәселелерге арнайы тоқталды. Ең алдымен, ауыл шаруашылығын дамытуды және азық-түлік өнімдерін өндіруді бірінші мәселе ретінде атады. Оның айтуынша, табиғаты жайлы, жері құнарлы Жетісу өлкесінің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті өте зор.

– Бүгінде Жетісу облысы бойынша 100 мың гек­тардан астам пайдаланылмай жатқан жер анықталды. Жер – халықтың байлығы. Ол барлық азаматтың игілігіне жарауы керек. Әкімдер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы қажет. Облыстың суармалы жерлерді игеруге зор мүмкіндігі бар. Бүгінде аймақтағы жер суаратын желілердің 70 пайызы тозып тұр. Оның бәрін жаңғыртып, қа­лып­қа келтіру керек. Ақсу, Алакөл және Сарқан ау­дандарында суармалы жердің көлемін 18 мың гектарға ұлғайтуға болады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі облыс әкім­дігімен бірлесіп, осыған орай нақты шаралар қа­былдасын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісудың ауыл ша­руа­шылығындағы басым бағыттың бірі – қант қызылшасы екеніне тоқталып, еліміздегі 4 қант зауытының екеуі осы жерде орналасқанын атап өтті. Алайда шикізаттың жоқтығынан оның біреуі жұмыс істемей тұр. Қант қызылшасын өсіретін ал­қаптар азайып кетті. Соның кесірінен импортқа тәуелділік артты. Зауытты іске қосуға 2017 жылдан бастап жергілікті бюджеттен 12 миллиард теңге жұмсалды. Биыл жазда қант бірден қымбаттап, оның тапшылығы туындады. Президент мұның бәрі құзырлы органдардың салғырттығы мен бей­қамдығының кесірінен бол­ғанын жеткізді. Осы тұста Мем­лекет басшысы бос тұрған зауытты тезірек толық іске қосуды, қажет болса, басқа инвесторлар тартуды қарастыру керек екеніне назар ау­дарды. Сонымен қатар облыстағы екі қант зауытының қуатын 100 пайызға жеткізіп, 2026 жылға қарай өндірілетін қант көлемін 180 мың тоннаға арттыру қажет екенін айт­ты. Сондай-ақ облыстың көкөніс пен бау-бақша өсіру ісінде зор әлеуеті бар екенін, осы орайда, за­манауи қоймалар салу мәселесін шешу қажет екенін атап өтті. Бұдан кейін Президент өнеркәсіпті да­мыту және кәсіпкерлікті қолдау са­лаларына тоқталды. Өңірдегі өнеркәсіп саласының өсу дина­ми­касын оң бағалап, жыл басынан бері 23 нысан пайдалануға беріл­генін айтты.
– Бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған жоғары сапалы кремний өндіретін Kazsilicon зауытының жаңғыртылып, іске қосылуын және темірді тікелей тотық­сыз­дан­дыратын «Электромарганец» за­уытының құрылысын ерекше атап өткім келеді. Екеуі де еліміз үшін маңызды кәсіпорын. Олар метал­лургия саласындағы озық техно­логияларды әзірлеу және тарату алаңына айналуы керек. Сондай-ақ облыста 2026 жылға дейінгі инвестициялық портфель жасал­ған. Онда 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын 162 жоба қам­тылған. Жоспардан үлкен үміт кү­теміз. Енді жобалардың жүзеге асы­рылуы қалай болатынын кө­ре­міз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкін­дік беретін өңдеу өнеркәсібіне жаңа инвесторларды белсендірек тарту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар өңірдегі аккумулятор зауыты перспективасы зор іргелі кәсіп­орынның бірі екенін айтты. Кәсіп­орындарды қажетті көлемде шикі­затпен қамтамасыз ету үшін елден қорғасын сынықтарын шығаруға толық тыйым салу қажет екенін баяндады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы мол транзиттік мүмкін­дікті ескере отырып, аймаққа ха­лықаралық көлік-логистикалық компанияларды тарту маңызды деп есептейді. Бұл үшін елімізде құрғақ порт, логистикалық және индус­триялық аймақтарды қамтитын «Қорғас – Шығыс қақпасы» ар­найы экономикалық аймағы бар екенін еске салды.
– Достық станциясында жы­лына 9 миллион тонна жүк пен 300 мың контейнер қабылдап, жөнелте алатын терминал салу жоспар­ланып отыр. Сонымен қатар Hubei Kelison индустриялық паркін салу жөнінде Қытаймен бірлескен жобаны жүзеге асыруға қатысты мәселелерді шешу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту мә­селесіне тоқталды. Оның айтуын­ша, Жетісу халқының 90 пайызы орталықтандырылған сумен қамта­масыз етілген. Алайда су құбыры же­лілерінің едәуір бөлігі әбден тозып, 1,2 мың шақырым құбыр же­лісі күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан өңірдегі құбыр желілерін кезең-кезеңімен жаңарту әкімдіктің басты міндеттерінің бірі ретінде айтылды. Көгілдір отын облыс тұрғын­дарының 10 пайызына ғана қолже­тімді екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар елді мекенді газбен қамтуды тапсырды. Сондай-ақ об­лыстағы жол мәселесіне де арнайы тоқталды. Оның айтуынша, «Тал­дықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Үшарал – Достық» тас жол­дары салынып жатыр. Құзырлы органдарға жұмыс барысын қатаң бақылауға алып, келесі жылы то­лық пайдалануға беру тапсырылды. Мемлекет басшысы әлеуметтік инфрақұрылымдар мәселесіне де арнайы тоқталды. Оның айтуынша, облыста апатты жағдайдағы мек­тептер мен үш ауысымда оқытатын мектептер жоқ. Бірақ, босаңсуға бол­майды. Мектеп мәселесі әкім­діктің ерекше назарында болуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Қазақстанда әлемнің же­тек­ші бес техникалық университетінің филиалдарын ашу туралы бастама көтергенін еске салып, өзінің тап­сырмасымен Үкімет облыс әкім­дігімен бірлесіп Талдықорған қала­сында шетелдік ірі технологиялық университеттің филиалын ашу мәселесін пысықтап жатқанын айтып өтті. Жиында биыл облыстың алты ауданындағы шалғай орналасқан шағын елді мекендерде медици­налық пункттерге арналған 12 мо­дульдік кешен салынатыны туралы айтылды. Ал 2024 жылға дейін тағы 40 ауылда осындай нысан бой көтереді. Сонымен қатар өңірдегі бірқатар денсаулық сақтау орын­дарына күрделі жөндеу жүргізіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысының әкімдігі туризм сала­сын дамытуға айрықша мән беруі керек екенін айтты. Жетісудағы ұлттық парктерде құны 3 миллиард теңгеден астам инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Оған ірі инвесторлар тартылған. Соны­мен қатар жиында облыстың эко­логиясы туралы да айтылды. Текелі қаласын қорғасын-мырыш ком­бинатының қалдықтарымен ластау мәселесі көтеріліп, жердің құрғап кетуіне жол бермеу үшін Балқаш жағалауын көгалдандыруды қолға алу маңызды екеніне мән берілді. Мемлекет басшысы бұл жұмыс­тарды үйлестіруді Экология ми­нистрлігі жүзеге асыруы керек екеніне тоқталды. Сондай-ақ уә­кілетті органдар Қытаймен бір­лесіп, трансшекаралық Іле өзеніне судың жіберілуін бақылауға алуы қажеттігін атап өтті. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жарлығымен өңірдің бірқатар азаматын мемлекеттік наградамен марапаттады. Жиын­нан соң Мемлекет басшысы Тал­дықорған қаласында биыл маусым айында ашылған «Айсұлу» Жетісу тігін фабрикасы» ЖШС жұмы­сымен танысты. Фабрика халық­тың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарды көптеп жұ­мысқа алған. Атап айтқанда, 26 көпбалалы ана, 36 жалғызбасты ана, 11 мүмкіндігі шектеулі азамат қызмет етеді. Заманауи тігін жаб­дықтарына ие кәсіпорын бүгінде бір рет қолданылатын медици­налық бұйымдар (бетперде, халат, комбинезон) және арнаулы киім формаларын тігеді. Президент фаб­риканың жұмысын жоғары бағалап, өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға үлес қоса беруіне тілектестік білдірді.

М.ХАҚНАЗАР