Әлеуметтік желіде журналист Аслан Қаженовтің дзюдодан Әлем чемпионатына қатысты жазбасы ел ішінде резонанс тудырды. Осы орайда, Алматы облысы Дзюдо федерациясының вице-президенті, бапкер Елдос Жұмахановты әңгімеге тарттық. Экс-балуан «қазаны бөлектің қайғысы бөлек» деп қысқа қайырды.
Әрине, жастар арасында мықты жігіттер шығып, негізгі құрамды ығыстыра алса қуанамыз. Бірақ айтқанға сай жастар жоқ. Содан кейін қоғамда кереғар пікір бар. Сала төңірегінде жағдайды, ішкі ахуалын білмей жатып тон піше береді. Мәселен, жақында өткен Өзбекстандағы чемпионатқа «неге жастар бармаған? Құрамадағы жігіттер қартайды, жасы келді» деген пікір көп. Ал сол бәйгеге жас жүйрікті қосып, ол жеңіліп қалса, бәрі тәжірибесі бар дзюдошыны іздеп әлек болады. «Жас спортшы ғой, алар асуы алда» дейтіндер ілуде бір кезігеді. Одан кейін Дзюдо федерациясы қанша жылдан бері басшысыз жұмыс істеп келеді. Кейінгі жылдары президент міндетін атқарушы Асхат Расулұлы шырылдап жүр. Бірақ жетерінше қаржы тарта алмайтыны белгілі. Өйткені оның өз жұмысы, жүгі бар. Спортта тек Үкімет емес, федерация тарапынан да жетерінше көмек көрсетілуі керек. Сол жағынан алғанда, біздің құрамаға қиын. Қайта Өзбекстан мысалымен түсіндірейін. Мәселен, аталған елдегі Дзюдо федерациясы шетелден бапкер шақырып, түрлене түсті. Ал бізде мұндай мүмкіндік жоқ. Келесі мәселе – жалақы мен сыйақы. Өзбекстан дзюдошылары жарыста жеңсе, оған сыйақы беріледі, әрі жеңілсе де айлық табысы туралы ойланбайды. Ал елімізде балуандар «иненің үстінде жүргендей» күй кешеді. Өйткені бапкер «егер жарыста жеңілсең, жалақы алмайсың» деп жатады. Әрине, жаттықтырушы мұны мотивация болсын деп айтатыны түсінікті. Бірақ кейбір дзюдошы үшін бұл психологиялық соққы. Себебі татамиде жеңілсе, бәрінен айырылатынын ойлап күреседі. Мүмкін, оның төлейтін несиесі, жалақысын күтіп отыратын отбасы бар шығар. Осы сөздің кесірінен білгенінен айырылып, жеңілуі бек мүмкін. Сондықтан аталған мәселе шешілсе, жақсы болар еді.
Халықаралық дәрежеде төреші жоқ
Құрлықаралық додада жиі бақ сынадық. Сонда елімізде дзюдодан халықаралық дәрежедегі төреші жоғына ішіміз ашитын. Ал мұның жарыста кері әсері тиеді. Егер біздің төрешілер халықаралық дәрежеде төрелік етсе, жарыс барысындағы кей нәрсе өзгерер еді. Мысалы, біздің тарапқа дұрыс емес төрелік жасалып жатса, олар бірден «бұлардың да халықаралық төрешісі бар ғой, біледі» деп тіксінеді. Сонда отырғандардың қателігін бетіне басып, соңына дейін құқымызды қорғай алатын төреші жоқ. Спортта жүз пайыз әділдік бар деп те айта алмаймын. Осыған ұқсас кей жағдайда халықаралық төрешінің бары ықпал етіп, жеңіс қарсыластың есебіне жазылатын сәт болған. Ал ел арасында халықаралық дәрежеге көтерілгісі келетін төрешілер бар. Бірақ оларға мемлекет жағынан демеп, біліктілік арттыруға ешқандай жағдай жасалып жатқан жоқ. Ел ішіндегі жарыста да төрешіге лайықты ақысын беріп, үнемі ізденуіне жағдай жасасақ абзал.
Бапкердің айлығы аз
Қазір Алматы облысындағы Дзюдо федерациясының вице-президенті әрі бапкермін. Бапкер ретінде бір мектептен 60 мың теңге, бір орталықтан 85 мың теңге айлық аламын. Қарап отырсаңыз, мұндай жалақыға күн көру қиын. Ал елімізде осы айлыққа жұмыс істеп жүрген қаншама бапкер бар?
Қаншама жыл Алматы қаласы атынан сынға түстім. Тек бір рет Азия чемпионатынан күміс медаль алғанымда жүз мың теңге берді. Одан басқа қолдау білдірген емес. Сол сияқты өзге өңірден бақ сынайтын дзюдошыға да айтарлықтай қолдау жоқ. Егер Олимпиада, Әлем және Азия чемпионатында жүлдеге іліксеңіз ғана мемлекет пен федерация тарапынан қолдау бар. Ресми емес бәсекеден медаль алсаң, сол орынға сай жүлде береді. Мысалы, Үлкен дулыға санатындағы додада ұйымдастырушылар бірінші орынға үш мың доллар деген сияқты белгілі бір қаражат береді.
Глюкоза мен аскорбин қышқылына «алданамыз»
Ерлер мен әйелдер құрамасына бір-бір дәрігерден бөледі. Меніңше, дәрігердің еш кінәсі жоқ. Олар бөлінген қаражатқа сай ем жүргізіп жатыр. Мысалы, өзім бір жыл бұрын жарақат алдым. Әлі күнге толық жазылған жоқпын. Операция жасатқан соң жарты жылдан кейін бұлшықет қайтадан үзіліп кетті. Мысалы, Италияда дәл осындай жарақат алған футболшы екі аптадан кейін қайта жаттығу жиынына қатысып жатады. Содан-ақ спорт медицинасындағы жағдайды бағамдаңыз. Әр спортшының ағзасын зерттеудің өзі бір ғылым. Біз әлі ондайға жетпедік. Мәселен, елімізде дзюдошыға негізінен витамин ретінде глюкоза мен аскорбин қышқылын береді. Ара-тұра беретін басқа да витамин бар. Бірақ спорт медицинасының кенже қалғаны соншалық, татамидегі қарсыластың физикалық тұрғыдан мықты екенін іштей біліп тұрасың. Сондықтан бұл салаға да мемлекет назар аударып, ден қойса. Нәтижеге жету үшін тиісінше жағдай жасалғанын қалайтынымыз рас.
Миссияны ұмытпаған жөн
Дейтұрғанмен, спортшы да қателік жіберіп жатады. Мысалы, «елім, жерім үшін күрестім» деп ұрандайтындар бар. Адам басынан ойлағанын, өзін ұмытпауы керек. Өз басым ұлттық құрамаға іліккен сәттен дамуға күш жұмсадым. Кейде жаттығу жиынына несие алып, қатысқан сәт болды. Осы тұста не мемлекетке, не бапкерге ренішім жоқ. Себебі өзім үшін күрестім, ары қарай шыңдалу үшін несие алдым. Ұлттық құрамаға кірген күннің өзінде бюджет жетпей қалуы мүмкін. Мысалы, елдегі не шетелдегі жаттығу жиынына әр салмақ бойынша белгілі бір шамада жолдама беріледі. Сонда ілінбей қалсаң, өз есебіңнен баруыңа болады. Жалпы, жаттығу жиынының пайдасы көп. Ыстық маусымда Бурабай, Ақбұлақ, Шымбұлақ сияқты таулы аймақта жаттығамыз. Мәселен, Өзбекстандағы чемпионат алдында құрамаға Шымкентте жаттығу жиынын өткізген тиімді еді. Өйткені климат жағдайы ұқсас әрі жақын. Бұл салмақ қуып жүрген балуанға да тиімді. Осындайда шетелде өтетін жаттығу жиынының маңызын айрықша атап өткім келеді. Біріншіден, мұндай жиынға тек бір ғана құрама бармайды. Жан-жақтан жиналады. Демек, қарсыласты тануды, тәжірибе алмасуды қаперге ілесің. Алайда жігіттер жылына ары кетсе үш рет шетелдегі жаттығу жиынына қатысады. Одан бөлек, көрші Өзбекстанда алтыншы нөмірлі балуанға дейін шетел аралап, жарысқа қатысады. Ал бұл – үлкен тәжірибе. Елімізде үшінші-төртінші нөмірлі дзюдошы додаға қатыса қалса қуанамыз. Содан да болар, шаршы топта жүрген балуанды алмастыратын дзюдошының шықпай жатқаны. Айта кетерлігі, бұл да айналып келгенде қаржы мәселесіне тіреледі. Жалпы, облыс, ауданда өтіп жатқан жарысқа барып жүрмін. Байқағаным, жас өрендердің талабы жоғары. Соны сөндіріп алмай, барынша дамытуға күш салсақ екен.