Құлашы кең кәсіпорын
Құлашы кең кәсіпорын
382
оқылды
Көкшетауда орналасқан «Қазақстан агро инновация­лық корпорациясы» зауыты еліміздегі көптеген өңірді ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етуде. «Вираж» компаниялар тобының еншілес кәсіпорны болып табылатын өндіріс орны бүгінде отандық ауыл шаруашы­лығы техника­ларын 10 жылдан бері шығарып келеді. Қазір кәсіпорынның еліміздің барлық қаласына таралған ди­лерлік желісі бар. Отандық ауыл ша­руашылығы техникасы нары­ғында сенімді көшбасшылыққа қол жеткізген кәсіпорын алдағы болашақта өнім көлемін кеңей­туді көздеп отыр.
«Бізде ауыл шаруашылығы тех­­никасының толық спектрі де­сек те болады. Атап айтқанда, трак­­­тор­лар, астық ору комбайн­дары, тіркемелі және аспалы тех­никалар шығарылады. Теміртау­дан қажетті бейінді жал­пақ метал­дарды сатып аламыз. Бірнеше өндіріс учаскесі бар. Олар­дың әрқайсысында күр­делі тех­ноло­гия­лық опера­циялар, металды кесу және дәне­керлеу жұмыстары жүр­гізі­леді. Құрастыру учас­келерінде МТЗ тракторлары, ас­тық ору ком­байн­дары құрас­ты­ры­­лады», – дейді кәсіпорын өндірі­сі­нің бас­шысы Қайрат Дүйсембеков.
Кәсіпорынның өнімдері елі­міз­дегі астық өндіруші шаруашы­лықтарының бәрінде жоғары сұ­ра­нысқа ие болған. Өндіріс алаң­дарында МТЗ тракторлары, өнім­ділігі жоғары ACROS және TORUM астық ору комбайндары, RSM қуатты тракторлары, тір­кемелі және аспалы құрылғылар құрастырылуда. Зауыт жұмысшы­ларының айтуынша, сапалы өнім­­дер ауылдағы диқан шаруалар үшін қолайлы бағада саудаланады. Бұл кәсіпорынның ауыл шаруа­шы­лығы техникасының көлемін ұл­ғайтуға себепкер болған.
«Күннен-күнге өсіп келе жат­қан сұранысты қамтамасыз ету үшін компания екінші индус­триалды-технологиялық паркті сала бастады. Дәл қазіргі уақытта біз 6 мың шаршы метрлік алаңда жұмыс істеп келеміз. Тағы 12 мың шаршы метрлік өндірістік алаңын іске қосуға әзірлеудеміз. Өндіріс қуатын арттырып, станок парктерін сатып аламыз. Дәне­керлеу-жону құрылғылары жаңар­тылды. Лазерлік және фрезерлік станоктар басқа да жабдықтарға тапсырыс бердік. Ұзақмерзімді дамудың даңғыл жолына түсу – біздің басты мақсатымыз», – дейді кәсіпорынның бас дирек­торы Олег Балыбин.
Мұнымен қоса, кәсіпорында қазіргі заманғы технологиялық процестердің барлық талабына жауап беретін алдыңғы қатарлы құрылғылармен жабдықтау, дә­некерлеу, сырлау технология­лық процестерін жетілдіру жос­пар­ланыпты.
«Бұл кәсіпорынның өн­ді­рістік қуатын айтарлықтай ұл­ғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тағы қосымша 200 білікті ма­ман­дарға жұмыс орны құрылмақ», – дейді зауыт­тың бас директоры.
Кәсіпорын өңірдің ауыл ша­руашылығы саласындағы ша­руа­ларын қамтамасыз етіп қана қой­май, еліміздің басқа аймақ­тарына да өз өнімдерін жеткізбек ниетте. Автоматтандырылған және цифрлық технологияларды қолдануға белсене кіріскен кә­сіпорын өнімді шығару кезеңдерін де жетілдіре түскен.

Ақмола облысы